Мамандар пікіріне сүйенсек, қорғаныстың қай түрі адамдар арасында коронавирусты мүлдем жұқтырмауға көмектесетіні белгісіз.
ERNUR.KZ. Ресейдің халықтар достығы университетінің инфекциялық аурулар кафедрасының доценті Сергей Вознесенский коронавирусқа шалдықпайтын адамдар туралы айтты, деп жазады sputniknews.kz.
"Дәрігерлер арасында осы мәселеге қатысты үш болжам бар. Біріншіден, адам басқа коронавируспен ауырып шыққаннан кейін иммунитет пайда болуы мүмкін", – деді Вознесенский.
Оның айтуынша, адам ағзасындағы антиденелер вируспен ауырып шыққаннын көрсетеді. Ал кейбір адамдарда ВИЧ-ті қабылдамау қабілеті де болады.
"Әрине, коронавирустық инфекция кезінде ондай адамдар көп. Алайда олардың нақты не себепті ауруды қабылдамайтыны ғылыми ортада әлі күнге дейін талқыланып жатыр", – деп атап көрсетті Вознесенский.
Осылайша, басқа коронавирус COVID-19-ға қарсы иммунитетті қалыптастыруы мүмкін. Ал екінші болжамға сәйкес, басқа вирустық инфекциямен ауырып шыққаннан кейін адам ағзасында интерферондардың деңгейі көтеріледі. Соның арқасында коронавирус жұқпай қалады.
"Үшінші болжам бойынша иммунитеттің тұрақты элементтері, иммундық кешендер болуы мүмкін. Олар вирустың тыныс алу жолдары арқылы өтуіне жол бермейді", – дейді ғалым.
Әзірше, қорғаныстың қай түрі адамды коронавирусты мүлдем жұқтырмауға көмектесетіні белгісіз.
Вирусты жұқтыру қаупін арттырады
Психотерапевттер "коронавируспен ауырып қаламын" деген үрейлі қорқыныштың вирусты жұқтыру қаупін арттыратынын айтып отыр. Себебі адам бір нәрсені уайымдап, қатты үрейленіп жүрсе, ағзадағы физиологиялық процестер бұзылады. Ал эмоциялық тұрақсыздықтан иммунитет төмендейді.
"Орынсыз мазасыздану мен уайымшылдық күшейсе, емделу керек. Себебі ондайда психиканың тұрақтылығы төмендейді, адам ағзасындағы зат алмасу процесі баяулайды. Соның салдарынан иммунитеттің сан алуан патологияларға қарсы күші төмендейді. Мазасыз адамның осал жері осы. Әрине, оның ағзасы вирустық патологияға қарсы тұра алмайды", – дейді мамандар.
Осы орайда психотерапевттер коронавирусқа қатысты сан алуан алыпқашпа әңгімелерге көп мән бермей, тек сенімді ақпарат көздерінен ғана қажетті мәлімет алуға кеңес берді. Себебі көп жағдайда адамның білмейтін нәрсеге үрей-қорқынышы көп болады.
Коронавирустың күтпеген белгілері
Медицина мамандары COVID-19 әдеттен тыс белгілерін де атады. Соның ішінде жүрек қағысының жиілеп кетуі – минутына 100-ден артық соғу да бар. Бұдан бөлек, ықылық ұстап қалады да, екі күндей кетпейді.
Сосын COVID-19 пациенттері үрейге жиі салынатынын айтты. Денеге бөртпе шығады, адамды ұйқы мен жалқаулық басады.
Мамандар коронавирустың "британдық" штаммына тән симптомдарды да жариялаған. Әсіресе, балаларда ондай белгілер анық байқалады. Олардың жартысынан көбі шаршап жүреді, тұйық бола бастайды. Ал сәбилер жылап, ұзақ уақыт тынышталмайды. Сондай-ақ коронавирусқа шылдыққан балалардың 53 проценті бас пен іш ауруына шағымданған.
Шай коронавирусқа қарсы қалай көмектеседі
Шай жапырақтарында "катехин" антиоксиданттары бар. Ал жапырақтарды өңдегенде басқа да биологиялық қоспалар бөлініп шығады. Киотодағы медициналық университеттің ғалымдары дәл осы заттар SARS-CoV-2 вирусын жоя алады деген жорамал жасап отыр.
Ғалымдар өз болжамын дәлелдеу үшін алдымен шайдың түрлі сұрыптарын алып, түтіктегі вирусқа құйып көрген. Сонда қара шаймен араласқан вирустың көлемі бір минуттың ішінде анықталмайтын деңгейге дейін түсіп кетті. Осы уақыттың ішінде маття, ходзича мен улун сияқты көк шай да вирустың мөлшерін азайтқан. Алайда қара шаймен салыстырғанда әсері төмендеу болды.
Сонымен қатар ғалымдар шай арқылы өткен вирусты басқа түтікке салып, оның басқа жасушаларға қалай жұғатынын тексеріп шықты. Сонда вирус мүлдем көрінбеген, я болмаса, оның мөлшері тым аз болған.
Алайда зерттеудің авторлары шәймен коронавирусты емдеуге болмайтынын ерекше атап өтті. Себебі қара шайдың құрамындағы биологиялық белсенді заттар қанға дұрыс сіңбейді. Ал оның мөлшері аз болғаннан кейін бүкіл денеге тараған вирустың белсенділігін төмендету қиын.