Қырғызстанда мемлекеттік тілді қолдануға қатысты заң жобасы қабылданды.
ЖИ / ulysmedia.kz
ERNUR.KZ. Жогорку Кенештің отырысында депутаттар мемлекеттік тілді қолдану мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобалары пакетін екінші және үшінші оқылымда қабылдады, деп жазады ulysmedia.kz.
24.kg мәліметінше, түзетулерге сәйкес, Жогорку Кенеш депутаттары, министрлер кабинеті төрағасы мен оның мүшелері, Конституциялық, Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары, прокурорлар, тергеушілер міндетті түрде қырғыз тілін білуі тиіс. Бұл талап ұлттық банк қызметкерлеріне, құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне де қатысты.
Адвокаттар мен нотариустар да қырғыз тілін жеткілікті деңгейде меңгермесе, лицензия ала алмайды.
БАҚ
«Телеарна және радиохабар тарату туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік тілдегі хабар тарату үлесі жалпы эфир көлемінің кемінде 60 пайызы болуға тиіс.
КӨШІ-ҚОН
«Сыртқы көші-қон туралы» заңға енгізілетін түзетулер бойынша, егер шетелдік азамат тұрақты тұруға қажетті деңгейде мемлекеттік тілді меңгермесе, оған тұруға рұқсат беруден бас тартуға негіз болады. Қырғыз тілін білмеген адам иммигрант мәртебесін де ала алмайды.
ЖАРНАМА МӘТІНІ ТЕКСЕРІЛЕДІ
Мемлекеттік тілде дайындалған жарнама мәтіні орфография ережелері мен тіл заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан жергілікті атқарушы органмен келісілуі тиіс.
АЙЫППҰЛ МӨЛШЕРІ
Қырғызстандағы мемлекеттік тіл туралы заң талаптарын бұзғаны немесе орындамағаны үшін жеке тұлғаларға 5 мың сом (шамамен 29 675 теңге), заңды тұлғаларға 17 мың сом (шамамен 100 895 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бұл норма жеке тұлғаларға қатысты нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тіл білу талаптарына қолданылмайды.
КІМ БАҚЫЛАЙДЫ
Тіл туралы заңнаманың орындалуын Қырғызстанның мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссиясы қадағалайды және тиісті айыппұлдарды осы орган салады.