Қырғызстанда үшінші ірі қала атауы өзгереді

0
142

Қала атауын өзгерту бастамасы тұрғындардың ұсынысынан шыққан.


Қырғызстанда үшінші ірі қала атауы өзгереді

Сурет: pixabay

ERNUR.KZ. Бүгін, 2025 жылғы 10 қыркүйекте Қырғызстан Парламенті Джалал-Абад қаласын Манас деп қайта атау туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл шешім Жогорку Кенештің отырысында қабылданды, деп жазады zakon.kz.

Отырыс барысында депутат Миргүл Темірбаева қайта атаудан кейін Манасқа ескерткіш орнату қажеттігін айтты.

Оның айтуынша, қазіргі барлық ескерткіштер Манасты ат үстінде отырған жауынгер ретінде бейнелейді.

"Жастарда қате түсінік қалыптасуы мүмкін. Манасты әділ билеуші ретінде – атта емес, тақта отырған бейнесін жасау керек", – деді Миргүл Темірбаева.

Мемлекеттік қызмет және жергілікті өзін-өзі басқару істері жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры Кудайберген Базарбаев тұрғындар арасында бұрынғы атау қала беретінін айтты.

Тағы бір депутат бұл қайта атау тұрғындар үшін жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

Манас – қырғыз халқының батырлық жыры. Эпостың негізгі мазмұны – батыр Манастың ерліктері. Ол ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының жауһарлары тізіміне және Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең үлкен эпос ретінде енген.

Қала атауын өзгерту бастамасы, "24.kg" басылымының мәліметінше, тұрғындардың ұсынысынан шыққан.

Заң жобасына сәйкес, қайта атауға кететін шығын шамамен 15 миллион сомды (яғни, 92 550 000 теңгені) құрайды.

Джалал-Абад – Қырғызстандағы халқы бойынша үшінші ірі қала, Джалал-Абад облысының әкімшілік орталығы. Халқы – 186 400 адам. Елдің оңтүстігінде, Ферғана жазығында орналасқан.