​Қытайда салынып жатқан көпірде тростар үзіліп, 12 адам қаза тапты

0
117

Апат жұмаға қараған түні Цинхай аймағындағы теміржол бойында салынып жатқан көпірде болған.


​Қытайда салынып жатқан көпірде тростар үзіліп, 12 адам қаза тапты

Фото: Синьхуа

ERNUR.KZ. Қытайдың солтүстік-батысындағы Цинхай провинциясында салынып жатқан көпір құрылысында тростардың үзілуі салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы төртеуі із-түссіз жоғалғандар қатарында, деп жазады inform.kz.

Апат жұмаға қараған түні Цинхай аймағындағы теміржол бойында салынып жатқан көпірде болған. Тростар үзіліп кетіп, салдарынан ұзындығы 108 метр болат негізгі құрылым құлады. Апат болған сәтте оқиға орнында 16 жұмысшы болған.

Құтқару жұмыстарына 806 адам, 91 техника, 27 қайық, 1 тікұшақ және 5 робот жұмылдырылды. Алты жергілікті аурухана зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін жасыл дәліз ашты.
Оқиға туралы хабар түскен бойда ҚХР-дың Төтенше жағдайларды басқару министрлігі оқиға орнына жұмыс тобын жіберіп, құтқару операциясына басшылық етті.

Министрлік жоғалып кеткен жұмысшылардың орнын мүмкіндігінше тез анықтауға және трос үзілуінен кейін суға құлаған адамдарды іздестіру мен құтқару үшін барлық күшті жұмылдыруға шақырды.

Көпір болат фермалы арка үлгісінде салынып жатыр. Оның негізгі өткелі осы айдың соңына дейін жабылады деп жоспарланған еді.