Лондонда Елбасының бейбіт бастамаларын талқылаған дөңгелек үстел өтті

0
1 084

Дөңгелек үстелде британдық режиссер А.Сингердің Қазақстан жайлы «Жел соғатын жерде» («Where the Wind Blew») фильмінің көрсетілімі өтті.


Лондонда Елбасының бейбіт бастамаларын талқылаған дөңгелек үстел өтті

ERNUR.KZ. Лондонда Елбасының ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру саласындағы бейбіт бастамаларын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп жазады Елорда Инфо.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Ұлыбританиядағы өкілдігі аталған елдің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері, Қазақстан, Ұлыбритания елдерінің сарапшылары және академиялық орта өкілдерінің қатысуымен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру саласындағы бейбіт бастамаларын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді.

Биылғы жылдың 29 тамызында Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні аясында Қазақстан астанасында Назарбаевтың Бейбітшілік сыйлығын тапсыру рәсімі өткізілген еді. Іс-шара барысында Н.Назарбаев ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру туралы жаһандық қауіпсіздік пен сенімді нығайтуға бағытталған бірқатар жаңа тезистер келтірді.

Қордың Лондондағы өкілдігінің қолдауымен өткізілген іс-шара барысында беделді британдық сараптама орталықтарының сарапшылары, Кембридж, Оксфорд, Лафборо университеттері, Лондон экономика және саясаттану мектебінің профессорлары осы бастамалардың бүгінгі уақытта өзекті екенін белгілеп, сонымен қатар бейбітшілік және қарусыздану идеяларын насихаттауда Қазақстанның жаһандық көшбасшылығын атап өтті.

Қатысушыларға Елбасы Н.Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру саласындағы бейбіт бастамаларының ретроспективаларын ҚР Тұңғыш Президенті қорының Ұлыбританиядағы өкілі Ғани Бекенов және белгілі қазақстандық суретші, ядролық қарусыз әлем үшін белсенді, АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков ұсынды.

К.Күйіков Ұлыбритания парламентінде ядролық қаруға қарсы суреттер көрмесін ашты, сонымен қатар Манчестер және Эдинбург қалаларында кездесулер мен іс-шаралар өткізді. К.Күйіковтың пікірінше, көптеген жылдар бойы радиоактивті сынақтардан зардап шеккен Қазақстан халқы бейбітшілік пен жасампаздыққа деген ұмтылысын жоғалтқан жоқ және жаппай қырып-жою қаруын қабылдамау бағытында барша адамзатқа үлгі.

Дөңгелек үстел аясында танымал британдық режиссер А.Сингердің Қазақстандағы ядролық сынақ жарылыстарының зардаптары мен Н.Ә. Назарбаевтың мемлекетіміздің тәуелсіздігі таңындағы Семей полигонындағы сынақтарды өткізуге тыйым салу және жабу туралы тарихи шешімі жайында «Жел соғатын жерде» («Where the Wind Blew») фильмінің көрсетілімі өтті.