Музейде жаңа бейнебақылау камералары орнатылмақ.
Фото: franceinfo.fr
ERNUR.KZ. Париж қаласының прокуратурасы Лувр музейін тонау ісі бойынша тағы 4 адамның ұсталғанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Тергеуді басқаратын прокурор Лоре Бекко Париж аймағынан шыққан 2 ер адам мен 2 әйел тұтқындалғанын мәлімдеді. Күдіктілер 31-40 жас шамасында. Айыптау органы басқа мәліметті жарияламады.
Француздық БАҚ-тың жазуынша, ұсталғандардың бірі музейден бағалы заттарды ұрлаған топтың мүшесі деген күдікке ілінген. Бұған дейін қазан айында ұсталған үш ер адам мен бір әйелге тонауға қатысы бар деген алдын ала айыптар тағылды.
Оқиға күні ұрылар санаулы минуттар ішінде Луврдың Аполлон галереясынан 88 миллион еуроға бағаланатын құнды заттарды алып кеткен. Музейдің басшылығы жақын арада ғимаратта жаңа бейнебақылау камералары мен қорғаныс жүйелері орнатылатынын хабарлады.
Музей директоры Лоранс де Карстың сөзінше, келесі жылдың аяғына дейін шамамен 100 камера іске қосылады, ал қорғау жүйелері бірнеше апта ішінде орнатылмақ.
Француз сенаторлары атақты музейдегі қауіпсіздік шараларын сынға алып, оларды қайта қарастыруды ұсынған болатын.
Айта кету керек, бұған дейін Парижде әйгілі Лувр мұражайында ұрлық болғанын жазғанбыз. Кейін музейден ұрланған құнды жәдігерлердің шығыны белгілі болды.
Атақты Лувр музейін тонаған 5 күдікті ұсталды.


