Меккедегі қажылық: қаза тапқандар саны артып жатыр

0
340

Биыл қажылыққа 1,8 миллион адам қатысты, бұл өткен жылғымен бірдей. Оның 1,6 миллионы шетелден келген.


Меккедегі қажылық: қаза тапқандар саны артып жатыр

ERNUR.KZ. Қажылық кезінде аптап ыстықтан кем дегенде 1300 қажы қаза тапты, деп жазады ulysmedia.kz.

Сауд Арабиясының мемлекеттік агенттігінің хабарлауынша, қаза тапқандар саны 1301-ге жеткен, олардың 83% қажылық парызын өтеуге ресми рұқсаты жоқ және тиісті баспанасыз немесе тікелей күн сәулесінде ұзақ қашықтықты жаяу жүріп өткен.

Ресми қажылық рұқсаты – қажылар Меккеге қажылыққа қатысу үшін алуы тиіс арнайы виза. Бұл рұқсаттар елдер арасында бөлінген квота жүйесі бойынша беріледі, бұл қажылыққа барушылардың санын реттеуге және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрі Фахд әл-Джаладел биылғы қажылықты «сәтті өтті» деп атады. Ол тұрғындар арасында аптап ыстықтың қауіп-қатері туралы түсіндіру жұмыстары бірнеше рет болғанын баса айтып, қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты: «Алла құрбан болғандарды кешіріп, рақымына бөлесін», - деді.

Биыл қажылыққа 1,8 миллион адам қатысты, бұл өткен жылғымен бірдей. Оның 1,6 миллионы шетелден келген.

Араб дипломаттары қайтыс болғандардың 658-і мысырлықтар екенін, оның 630-ы тіркелмеген қажылар екенін айтты. Мысыр премьер-министрі Мостафа Мадбули қажылықты заңсыз ұйымдастырғаны үшін 16 туристік компанияның лицензиясын қайтарып алып, басшыларын прокуратураға жіберуді бұйырды. Оның айтуынша, тіркелмеген мысырлық қажылардың өлімі санының артуы кейбір компаниялардың «жеке визаны пайдалана отырып, қажылық бағдарламаларын ұйымдастырып, оның иелеріне Меккеге кіруге мүмкіндік бермейтіндігімен» байланысты.

Бұған дейін қажылық кезінде қаза болғандардың саны 1300 адамға жеткенін жазған болатынбыз.