Microsoft жүйесіндегі ауқымды ақаудан келген шығын 7 миллиард доллардан асуы мүмкін

0
125

Соның салдарынан әлем бойынша миллиондаған пайдаланушы Outlook пен Teams сияқты қосымшаларды қолдана алмады.


Microsoft жүйесіндегі ауқымды ақаудан келген шығын 7 миллиард доллардан асуы мүмкін

ERNUR.KZ. Microsoft компаниясы Outlook, Teams және Copilot сервистерінің қайта қалпына келгенін хабарлады. Осылайша, 12 қараша күні сағат 19:26-да басталған серверлердегі ақау аяқталды, деп жазады inbusiness.kz.


Компанияның мәліметінше, ауқымды іркіліске қате жаңарту себеп болған. Байқалмай қалған ақау серверлерге біртіндеп шамадан тыс жүктеме түсіріп, ақырында олардың істен шығуына әкелген. 13 қараша күні Microsoft 365 жеке пайдаланушылар үшін шектеусіз жұмыс істей бастағаны хабарланды. Ал корпоративтік клиенттерге сервистердің толық қалпына келуін таңға дейін күтуге тура келді.

Нәтижесінде әлем бойынша компаниялардың байланысы мен жұмысы 35 сағат 43 минут бойы бұзылды. Ақау электрондық поштаға, күнтізбе функцияларына және Microsoft Copilot жасанды интеллект көмекшісіне әсер етті.

Америкалық Anderson Economic Group талдау орталығының бағалауынша, Microsoft 365 жүйесіндегі ақаудан зардап шеккен компаниялардың шығыны 7 миллиард доллардан асуы мүмкін. Сондай-ақ Microsoft компаниясы жүйе істен шыққан бір күн үшін пайдаланушыларға жазылым ақысының шамамен 830 миллион долларын қайтаруы мүмкін.