Мұсылман мемлекеті тұрғындарын Құрбан айтта да қой соймауға шақырды

0
236

Бұған басты себеп – елдегі қуаңшылық салдарынан төрт түліктің азайып кетуі.


Мұсылман мемлекеті тұрғындарын Құрбан айтта да қой соймауға шақырды

Фото: islam.ru

ERNUR.KZ. Марокко королі VI Мұхаммед Құрбан айт мерекесіне орай халықты қой шалу рәсімінен бас тартуға шақырды, деп жазады inbusiness.kz.

Ресми деректерде Мароккода 2025 жылы ірі қара мен қой саны үздіксіз құрғақшылық салдарынан тоғыз жыл бұрынғы соңғы санақпен салыстырғанда 38 пайызға қысқарғаны айтылады.

– Біздің осы діни рәсімді ең жақсы жағдайда орындауға деген ұмтылысымыз мал басының айтарлықтай қысқаруына әкелген еліміздің алдында тұрған климаттық және экономикалық қиындықтарды ескеру жауапкершілігімен бірге жүреді, – делінген корольдің хатында.

Мұны Al Oula мемлекеттік телеарнасында елдің Дін істері жөніндегі министрі Ахмед Таофик оқып берген.

Марокконың жоғарғы діни жетекшісі, король "осындай қиын жағдайда құрбандық шалу халқымыздың үлкен бөлігіне, әсіресе табысы шектеулі адамдарға айтарлықтай зиян тигізеді" деп атап өткен.

Осы жылы жауын-шашын 30 жылдық орташа деңгейден 53%-ға төмен жауған, соның салдарынан малға жайылым, жем-шөп жетіспегені анық. Ет өндірісі де қысқаруға мәжбүр болған. Бұл өз кезегінде ішкі нарықта бағалардың көтерілуіне және ірі қара, қой және қызыл ет импортының артуына ықпал етіп отыр.

– Жақында ел Аустралиядан 100 мыңға дейін қой әкелу туралы келісімге қол қойды, – деп жазды CNN.

Айта кетейік, Марокко өзінің 2025 жылғы бюджетінде ішкі нарықтағы бағаларды тұрақтандыру үшін ірі қара мал, қой, түйе және қызыл етке импорттық баж салығын және қосылған құн салығын тоқтатқан.