Билік өкілдерінің айтуынша, үйінділер астында әлі де адамдар бар, сондықтан құрбандар саны артуы мүмкін.
ERNUR.KZ. 4 қарашада Непалда магнитудасы 6,4 болатын жер сілкінісі орын алды. Соңғы мәліметтер бойынша, салдарынан 128 адам қаза тапқан, деп жазады Stan.kz
Жер сілкінісінің ошағы Непал астанасы Катмандудан 400 шақырым жерде орналасқан Джаяркот аймағында болды. Жер асты дүмпулері елдің астанасы мен басқа қалаларында, Үндістан мен Қытайда да сезілді.
Билік өкілдерінің айтуынша, үйінділер астында әлі де адамдар бар, сондықтан құрбандар саны артуы мүмкін.
Непал премьер-министрі Пушпа Камал Дахал "жер сілкінісінен келтірілген адами және материалдық шығынға қатты қайғырды" деп мәлімдеді. Үкімет іздеу-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін қауіпсіздік күштерін жіберді.
Непалда жер сілкінісі жиі болады. 2015 жылы 7,8 балдық жер сілкінісі 9 мыңға жуық адамның өмірін қиып, миллионға жуық ғимаратты зақымдаған.
Еске салайық, өткен айда Ауғанстанда күшті жер сілкінісі болып, екі мыңнан астам адам қаза тапқан.