Вирус Нигерияда жұмыс істейтін Италия азаматынан табылған.
ERNUR.KZ. Бейсенбі күні Нигерия Денсаулық сақтау федералдық министрлігі Twitter-де елде Лагос штатында бір адамның коронавирус жұқтырғанын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
Вирус Нигерияда жұмыс істейтін Италия азаматынан табылған. Ол 25 ақпанда Миланнан келген. Қазіргі уақытта науқас Лагос ауруханасында жатыр. Нигерия коронавирус инфекциясы табылған Африкадағы алғашқы мемлекет.
Сондай-ақ, вирус жексенбі күні Италиядан келген Израиль азаматынан да табылды, деп жазады Jerusalem Post. Науқастың қызуы көтеріліп, карантинге жатқызылған, деп хабарлады елдің денсаулық сақтау министрлігі. Бұл адаммен байланысқандардың барлығы үйлерінде карантинде жатыр.
Ер адам El Al әуе компаниясының 382 рейсімен Италиядан Израильге жексенбі күні ұшып келді.
Бұдан бұрын Израиль аумағында коронавирус инфекциясы екі адамнан табылды. Олар Diamond Princess круиздік лайнерінің жолаушылары болған.
Елдің ішкі істер министрі Арье Дери бейсенбі күні коронавирусқа байланысты италиялық туристердің Израиль аумағына кіруіне тыйым салатын құжатқа қол қоятынын айтқан еді. Бейсенбі күні Италиядан келген бірнеше шетелдік туристке елге кіруге рұқсат етілмеді. Бергамодан ұшып келген 25 турист (соның ішінде 19 италиялық) ұшақтың бортында қалды.
Сәрсенбі күні денсаулық сақтау министрлігі Италиядан келген барлық Израиль азаматтарының үйлерінде 14 күн бойы карантинде болуы тиіс екенін ескертті.
Еске салайық, Италияда вирустан 17 адам көз жұмды, ауру жұқтырғандар саны 650 адамға жетті.