Нөсер жаңбырдан кейін Филиппин астанасын қоқыс басты

0
121

Dolphin тайфуны Азияның бірқатар елдеріне айтарлықтай зиян келтірді.


Нөсер жаңбырдан кейін Филиппин астанасын қоқыс басты

Фото: incidentia.ru

ERNUR.KZ. Филиппинде болған су тасқыны салдарынан кемінде 15 адам опат болды. Бірнеше күн бойы жауған жаңбыр басылғанымен, көптеген елді мекен қоқыс астында қалды, деп жазады inbusiness.kz.

Бірнеше тропикалық дауыл "Habagat" атты оңтүстік-батыс муссонымен қатар келіп, бірнеше күн бойы Филиппинде жауын-шашын түсті. Соның салдарынан елдің көптеген аймағын су басып, лай көшкіндері жүрді. Әсіресе миллиондаған халқы бар Маниладағы жағдай күрделі. Қаланың көптеген көшесі мен аудандарын су басып, кей жерлерде тұрғындар белуардан су кешуге мәжбүр. Қатты ағын тұрғын үйлерден, кәріз жүйелерінен және қоқыс полигондарынан пластик бөтелкелерді, түрлі қаптамаларды, ағаштарды, жиһаздар мен тұрмыстық заттарды ағызып әкеткен.

Манила маңындағы Параньяке қаласындағы Redemptorist каналында қоқыстан тұтас "кілемдер" пайда болды. Қалдықтар су арнасын бітеп, судың ағысын одан әрі қиындатып жатыр. Үкімет бұл жағдайды "қоқыс дағдарысы" деп бағалап отыр, билік ауқымды тазалық жұмыстарын бастауға тапсырма берді. Жұмысшылар ауыр техника мен қайықтардың көмегімен қоқыс үйінділерінің арасынан өтіп, арнаны тазалап жатыр.

Метеорологтардың алдағы күндерге қатысты болжамы да көңіл көншітпейді. Филиппинде тағы да жаңбыр жаууы мүмкін екені айтылды. Биылғы тайфун маусымы метеорологиялық бақылау тарихындағы ең күшті маусымдардың біріне айналуы ықтимал. Бұған тропикалық циклондардың қалыптасуы себеп. Циклондар Филиппиннен бөлек, Қытай, Жапония және Вьетнамға да әсер етуі мүмкін.