Денедегі ісік бүйрек ауруынан ғана пайда болмайды
Сурет: ЖИ
Ісіну – организмнің белгілі бір тіндерінде сұйықтықтың шамадан тыс жиналуы. Дене бөліктері жарақаттардан немесе қабынулардан ісінеді. Сондай-ақ дәрі-дәрмектер, жүктілік және инфекциялар да ісінуді тудыруы мүмкін. Бұл процесс тері астында, әдетте, аяқ-қолдарда немесе өкпеде орын алады. Ішкі аурулар клиникасында ісіну синдромы – ішкі ағзалардың айқын патологиясы бар екенін білдіретін белгілердің бірі.
Ісінудің орналасқан жері дәрігерге ағзадағы патологиялық процестің негізгі себебін анықтауға көмек береді. Ісінулер түрлері жалпы (жайылмалы) және жергілікті болып қарастырылады.
Жалпы ісінулер орналасуы бойынша перифериялық және қуыстық (гидроторакс, гидроперикард, асцит) болып бөлінеді. Бұл түрдегі сұйықтықтың жиналу себептері:
- жүрек аурулары
- бүйрек аурулары
- бауыр аурулары
- гипопротеинемия (қанда ақуыздың азаюы).
Ісіну бауыр циррозы, ашығу кезінде немесе жүктілік патологиясы ретінде көрінуі мүмкін. Асқынулар қабынулық емес (транссудат) және қабынулық (экссудат) текті болады. Бұдан бөлек, жергілікті ісінуге қан немесе лимфа ағынының бұзылуы себеп болуы мүмкін.
Ісінудің кардиологиялық себептері
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Салим Фахатұлы Беркінбаев:
«Жүрек жеткіліксіздігіне тән ісінулер – бұл гемодинамикалық бұзылыстың белгісі. Қан айналымының үлкен шеңберінде іркіліс туындағанда, сұйықтық ауырлық күшінің әсерінен кешке қарай аяқ-қолға жиналады. Кардиологиялық ісінулер әрдайым симметриялы болады және ентігумен, бауырдың үлкеюімен (гепатомегалия) қатар жүреді»
Жүрек аурулары кезінде ісіну миокардтың жиырылғыштық қабілетінің бұзылуынан, сондай-ақ жүрек жеткіліксіздігінің көрінісі ретінде пайда болады. Жүрек ісінуінің себебі – көп жағдайда үлкен қан айналым шеңбері тамырларының қанға толып кетуі, гидростатикалық капиллярлық қысымның көтерілуі және тіндерде натрий мен судың іркіліп қалуынан болады.
Әдетте бұл ісінулер дененің төменгі бөліктерінде – аяқта, іштің алдыңғы қабырғасында, белде орналасады. Төсек тартып жатып қалған науқастарда сегізкөз бен арқада болады.
Әдетте ісінумен қатар тері мен шырышты қабықтардың көгеруі қатар жүреді. Жүректі тексеру кезінде жүрек ақауы (порок), кардиосклероз, өкпелік жүрек сияқты патологиялар анықталады. Сондай-ақ жүрек аурулары кезіндегі перифериялық ісінулер әрдайым бауырдың үлкеюімен қатар жүретінін атап өткен жөн.
Ісінудің бүйрекке байланысты себептері
Бүйректің жедел қабыну аурулары кезінде пайда болатын ісіну беттен басталып, дене мен аяқ-қолға таралады. Бүйрек ісінуі жедел дамуы мүмкін.
Бүйрек ісінуі кезінде тері бозарып кетеді. Бүйрек ісінуі жедел артериялық гипертензиямен, бас ауруымен, олигуриямен (зат алмасудың азаюы), гематуриямен (несепте қан болуы) қатар жүреді. Соның салдарынан кіші дәрет ет жуған су сияқты қызғылтым тартып шығуы мүмкін. Бүйректен болған ісінудің асқыну белгісі – несептің аз бөлінуі.
ҚР Нефрология қызметінің негізін қалаушы, профессор Асия Қанатбаеваның атап өтуінше, «Бүйрек ісінулерінің ең басты қауіптілігі – олардың организмдегі ақуыздың (альбумин) азаюымен қатар жүруінде. Таңертең беттің, көздің айналасының ісінуін байқаған бойда диуретиктерді өз бетінше ішпей, міндетті түрде зәрдегі ақуыз деңгейін анықтау үшін дәрігерге қаралған жөн».
Ісінудің бауырдан болатын себебі
Бауыр ісінулері қақпа венасы жүйесіндегі бұзылыстардан, сондай-ақ бауыр циррозы кезінде пайда болады. Бауыр ісінуінің себептері: алкоголизм, гепатит, сарыауру. Бұл жағдайда ісінулер қан плазмасындағы ақуыз деңгейінің күрт төмендеуінен туындайды. Гипопротеинемиялық ісінулер жұмсақ, қамыр сияқты консистенцияда болады. Олардың тұсындағы тері жұқарып, мөлдірленіп кетеді.
Веноздық ісінулер
Вена тромбозы, олардың қабынуы немесе ісік инфильтраттарының қысып қалуы кезінде қан ағынының бұзылуынан пайда болатын ісінулер жергілікті болып табылады. Процестің орналасуына байланысты олар оң немесе сол аяқты, қолды қамтуы мүмкін. Ал жүрек, бүйрек және бауырлық ісінулер әдетте екі жақта бірдей, симметриялы болады.
Мұндай біржақты ісіну аяқ-қол көлемінің айтарлықтай үлкеюіне әкеледі және жиі ауырсынумен, сондай-ақ қабынудың басқа белгілерімен (ыстықтау, терінің қызаруы) қатар жүреді.
Ангиохирург, флеболог, жоғары санатты дәрігер Нұрлан Малыбаев «Веноздық ісінулер көбіне асимметриялы (бір жақты) келеді. Егер бір аяқ кенеттен ісініп, қызарып, ауырсыну сезімі пайда болса, бұл терең веналар тромбозының белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда физиотерапия немесе массаж жасауға қатаң тыйым салынады. Шұғыл түрде тамырлардың УЗДГ (доплерография) зерттеуінен өтіп, ангиохирургке көріну керек» деп ескертеді.
Қабыну да себеп болуы мүмкін
Қабыну процестері жиі ісінумен қатар жүреді. Пайда болу алгоритмі мынадай: қабыну эндотелий клеткалары арасында саңылаулардың түзілуіне ықпал етеді, ол жерде ақуыз фракциялары мен сұйықтық (су мен лимфа сұйықтығы) жиналады. Мысалы мойын лимфа түйіндеріндегі қабыну процесі салдарынан мойын бөлігінің ісінуі.
Гистамин мен басқа да белсенді биологиялық заттардың әсерінен капилляр тамырлары қабырғаларының өтімділігінің артуы ісінудің пайда болуына қатты әсер етеді. Тағы бір үлкен себеп – қан мен лимфа сұйықтығының қабыну аймағының тамырлары арқылы ағып өтуі қиындайды. Мұндай іркіліс лимфа мен қанның тіндер мен бұлшықеттерге өтуіне әкеледі, бұл ісінуді тудырады.
Мойын ісінуінің себебі
Мойынның ісіну себептері мыналар болуы мүмкін:
- инфекциялық аурулар, мысалы, паротит (паротит/шошқақұлақ)
- ауыз қуысындағы немесе тыныс алу ағзаларындағы қабыну процестері
- жиі қайталанатын вирустық инфекциялар
- лимфогранулематоз – лимфа жүйесінің қатерлі (онкологиялық) ауруы.
Лимфа түйіндерінің қабынуы кезінде ісіну көзге байқалуы, немесе сырттай мүлдем білінбейтін де болуы мүмкін. Қабыну кезіндегі ісінудің нақты себептерін анықтау үшін зертханалық және аппараттық тексерулер қажет.
Лимфа түйіндерінің қабынуы тек ісінумен ғана емес, сонымен бірге бас ауруымен, дене температурасының көтерілуімен, әлсіздікпен, мазасызданумен қатар жүреді. Лимфа түйіндері қабынған жағдайда тез арада дәрігерге көріну қажет.
Ісінудің басқа да жиі кездесетін себептері
- Гормоналды ісінулер. Қалқанша безі гипофункциясы және мидағы немесе бүйрек үсті безіндегі патологиялар.
- Лимфостаз. Лимфа ағыны бұзылғанда пайда болатын, уақыт өте келе аяқ-қолдың қатты үлкеюіне әкелетін оқшауланған ісіну.
- Дәрі-дәрмектік ісіну. Қан қысымын түсіретін кейбір дәрілерді (мысалы, дигидропиридин тобындағы кальций антагонистері), гормоналды контрацептивтерді немесе стероидты емес қабынуға қарсы дәрілерді (Ибупрофен, Диклофенак) ұзақ қабылдаудан болатын ісіну.
- Физиологиялық (тұрмыстық) ісінулер. Ұзақ отыру немесе тік тұру (ұшақ, ұзақ жол), ыстық ауа райы, шамадан тыс тұзды тағамдар жеу және жүктіліктің соңғы айлары.
Диагностика қалай жүргізіледі?
Дәрігерге барғанда мынандай тексерулерден өтуіңіз қажет:
- Зертханалық анализдер: Қанның жалпы және биохимиялық анализі (бауыр мен бүйрек сынамалары, белок, креатинин, несепнәр), жалпы несеп анализі, ТТГ (қалқанша без гормоны).
- Аппараттық тексерулер: Жүрек УЗИ-і (ЭхоКГ), іш қуысы мен бүйректің УЗИ-і, аяқ тамырларының доплерографиясы (УЗДГ).
Ісінуді емдеу ерекшеліктері
Жүрек ісінуін емдеу
Қуыстардың шеменімен (денеге сарысу пайда болғаннан туындайтын ауру), көгерумен, ентігумен, отыруға мәжбүр болумен біріккен жоғары дәрежелі ісінулер жүрек қызметінің декомпенсацияға ұшырауының белгісі. Мұндай науқас шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Емдеу кезінде жүрек гликозидтері, несеп айдағыш құралдар, вазодилататорлар, аспаздық тұзды шектейтін диета тағайындалады.
Бүйрек ісінуін емдеу
Бүйректен болған ісінуді несеп айдағыш әсері бар әртүрлі препараттармен (Фуросемид, Гипотиазид, Верошпирон, т.б.) емдейді. Аурудың динамикасын бағалау үшін пациенттерді тұрақты түрде өлшеп отырады.
Бүйрек гипертензиясы бар пациенттерде бүйрек ісінуін емдеу кезінде қан қысымы үнемі бақылауда болады. Тұз тұтыну шектеледі, қысым түсіретін құралдарды несеп айдағыш дәрілермен бірге жүйелі түрде қабылдау тағайындалады.
Күн сайын тәуліктік ішілген сұйықтық мөлшері мен бөлінген несеп мөлшері есепке алынады. Рационда натрий хлориді тәулігіне 1–3 грамға дейін азайтылады. Сұйықтықты пайдалануды азайтуға тек бүйрек жеткіліксіздігі болмаған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Бауыр ісінуін емдеу
Маман диета тағайындайды және ас тұзын тәулігіне 1,5–2 грамға дейін қатаң шектеу ұсынылады. Калийді сақтайтын диуретиктер (Спиронолактон/Верошпирон) негізгі ем ретінде тағайындалады. Қанда ақуыз азайғанда, қалпына келтіру үшін тамырға альбумин ерітіндісі құйылады.
Дәрі көмектеспейтін жағдай – ауыр асцит кезінде хирургиялық ем қолданылады. Іш қуысындағы сұйықтықты арнайы инемен сорып алу процедурасы жүргізіледі.
Веноздық ісінуді емдеу
Мұндай симптоматикасы бар науқастарды міндетті түрде хирург қарайды. Қажет болған жағдайда шұғыл түрде хирургиялық бөлімшеге жатқызылады.
Ескерту: Дәрі-дәрмектерді тек дәрігердің тағайындауымен қабылдау қажет, өз бетінше емделу қауіпті!
Қашан тез арада «Жедел жәрдем» шақыру керек?
- Ісіну кенеттен (бірнеше минут не сағат ішінде) пайда болып, бет, тіл, тамақ аумағын қамтыса. Бұл Квинке ісінуі, яғни анафилаксиялық шок қаупі болуы мүмкін.
- Ісінумен қатар көкірек тусырының ауырсынуы, ауа жетпеу немесе демікпе пайда болса. Өкпе ісінуі немесе миокард инфарктісі қаупі бар.
- Тек бір аяқ кенеттен ісіп, қызарып, қатты ауырса. Терең веналар тромбозы қаупі төнгенінің белгісі.
Дайындаған: Х. ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


