​ҚАРТ АТА-АНАға ешқашан АЙТУҒА болмайтын 6 сөз

0
193

Уақыт – зымыран. Ертең өзіңіз де қарттықты бастан кешесіз


​ҚАРТ АТА-АНАға ешқашан АЙТУҒА болмайтын 6 сөз

Сурет: ЖИ

Уақыт өте келе отбасыдағы міндеттер ауысады. Бір кездері дүниеге ұрпақ әкеліп, бағып-қағып, тәрбиелеген ата-ана да бір күні қартаяды. Ұл-қызы өсіп, олардың орнын басады. Енді қарт ата-ананың құжаттарына, жолына, тамағына, денсаулығына, т.б. есейген балалар бас-көз бола бастайды. Бірақ кейде қамқорлықтың шегінен шығып кеткенін байқамай, аңдаусызда айтқан бір сөзімен көңілдеріне қаяу салып алуы мүмкін. «Көмектесемін» деп жүріп, оларды шамадан тыс бақылауға алғанын сезбей де қалады. Жақсы ниетпен айтқан сөзі дұрыс жеткізілмей, ренжітіп қоюы мүмкін.

Әр отбасының өз тәртібі бар. Бәрі адамның мінезіне, бұрынғы қарым-қатынасқа байланысты. Егде жастағы ата-анамен ұрыспай, сөзге келмей араласу үшін айтатын ойымыздың мағынасына ғана емес, оны қалай жеткізіп тұрғанымызға да мән берген жөн. Қандай да бір сөзді қысым жасамай-ақ, олардың таңдауын сыйлай отырып айтуға болады.


1. «Үндемей отыра беріңізші, сізге не керек екенін өзім де біліп тұрмын»

Бұл сөзді көбіне жанашырлықпен айтамыз. Қарияның көп нәрсеге басын ауыртқымыз келмейді. Бар мәселесін өзіміз-ақ ың-шыңсыз шеше салуға тырысамыз. Шаруасын реттеп, жолын жеңілдеткіміз келеді. Солайша қай дәрігерге жазуды, тойға немен, кіммен баратынын, т.б. көп мәселесін кесіп-пішіп қоямыз. Содан келіп «Әй, ананы қайттің? Мынау не болды?» деп сұрағанында:

«Ой, не шаруаңыз бар? Тыныш отыра берсеңізші. Сізге не керек екенін өзім де жақсы біліп тұрмын. Бәрін дайындап беріп жатырмын. Сіз тек айтқанды істесеңіз болды ғой» деп жауап беретіндер аз емес. Дегенмен, қарт адам үшін бұл сөз «Сенің пікірің ештеңе шешпейді» деген сияқты естіледі.

Көмектесу – бәрін толықтай өз бақылауыңа алу деген сөз емес. Мүмкіндік болып жатса, бірнеше нұсқаны ұсынып, айырмашылығын түсіндіріп, таңдауды өздеріне қалдырған дұрыс. Тым болмағанда өзіне қатысты шаруада өзі шешім қабылдау қарттардың бойындағы дербестік сезімін сақтайды. Балалардың қарт ата-анасына деген қарым-қатынасында олардың пікірін сұрай ма, ойлануға уақыт бере ме, өзгерістерді алдын ала талқылай ма – осының бәрі маңызды.


2. «Сіздің жасыңызда мұндайды қою керек қой енді»

Адамның жасы оның неге қызығатынын, не үйренгісі келетінін немесе бос уақытын қалай өткізетінін шешпейді. Мұндай сөздер адамның талпынысын су сепкендей басады. Қарт ата-анаңыз қандай іспен айналысқысы келсе де, оның бетін қайтармай, қандай көмек көрсете алатыныңызды ойланыңыз. Тапқан амалыңызды алдымен өзіне ұсыныңыз. «Жәрдем керек пе?» деп сұраңыз. Мәселен, қартайған шағында саяхаттығысы келсе, «Енді оған кеш, денсаулығыңыз көтермейді» деудің орнына, ыңғайлырақ маршрут немесе жеңілдеу сапар түрін ұсынып көріңіз. Мал ұстағысы келсе, қора-жайын, жем-шөбін қамдап беріп, күнделікті мал қарауға жәрдемдесіңіз.

Үлкен кісілерді сыйлау – олардың кез келген шешімімен келісе беру деген сөз емес. Пікірталас ұйымдастыруға болады, бірақ жасты сылтауратпай, нақты іс пен жағдайды талқылаған сәтте ғана.


3. «Тағы да ұмытып кеттіңіз бе?»

Ұмытшақтық – қариялар үшін өте нәзік әрі ауыр тақырып. «Тағы да» деген сөзге басымдық бере айту кішкентай қателікті тұрақты кемшілікке айналдырады. Бұл адамның ашуын туғызып, мазасыздандырады, өзіне деген сенімін әлсіретеді.

Керек ақпаратты сабырмен еске салған дұрыс. Датаны жазып беріңіз, кішкене ескертпе қалдырыңыз немесе ашуланбай қайталап айтыңыз. Бір рет қоңырау шалуды ұмыту немесе затты жоғалту басқа істерде мүлдем дәрменсіз дегенді білдірмейді.

Егер есте сақтау қабілеті жақында нашарлап, күнделікті істерді істеу немесе бағдарлау қиындай бастаса, маманға көрсетіңіз.


4. «Аурумын деп айта бермеңіз! Өміріңізге риза болсаңызшы»

Үлкен кісілердің денсаулыққа, ұйқының нашарлығына, жалғыздыққа немесе тұрмыстық қиындықтарға шағымдануы жиі қайталанып, жақындарын шаршатуы мүмкін.

«Сіздің-ақ шағымыңыз бітпейді екен. Бәрі жап-жақсы ғой, не жетпей жатыр? Өйтіп айта бергенше, тірі жүргеніңізге риза болсаңызшы» - бұл ауадан алынған сөздер емес, күнделікті өмірде кей перзенттердің аузынан шығатын сөздер. Қарияның шағымына қатты жауап қайтару адамды не мазалап жүргенін және көмек керек пе, жоқ па – оны түсінуге көмектеспейді. Кейде адамға тек ішіндегі мазасыздығын айтып, тарқату маңызды.

Анықтап сұраған пайдалырақ: не өзгерді, қашан басталды, бұл күнделікті өмірге кедергі жасап жатыр ма? «Неге олай болып жатыр екен? Менен не көмек, не өзгерте аламын?» деген сияқты сұрақтар қойып, тыңдап отырғаныңызды білдіріңіз. Кейде осындай ықылас мәселені шешпесе де, жеңілдеп қалуына мүмкіндік береді. Егер мәселе денсаулыққа қатысты болса, себебін медицина маманы анықтауы керек.


5. «Қазір бәрі бұрынғыдай емес, өзгеріп кеткен, Сіз түсінбейсіз»

Тұрмыс-тіршілік, үлкенді-кішілі шаруалардың мән-жайы өзгергені рас. Технологиялар, төлем жасау тәсілдері, тұрмыстық сервистер мен ережелер өте жылдам құбылуда. Жасы үлкен кісілерге олардың ағымына ілесу қиынға түсетіні анық. Оларға жаңа қосымшаны меңгеру қиын болуы мүмкін. Бірақ бұл қариялардың бұрынғы өмірлік тәжірибесін жоққа шығармайды.

Сіз бүгінгі заманың жай-жапсарын қанша жетік білсеңіз де, барлық білгеніңіз бір қарияның көкейге түйгенінен әлдеқайда аз болуы мүмкін. Сондықтан менің дәуірім екен деп үстемдік танытып сөйлеудің қажеті жоқ. Білмей, түсінбей жатқанын сабырлы түрде түсіндірген дұрыс. «Қойыңызшы, бәрібір түсінбейсіз» деп кесіп айтудың орнына, не өзгергенін және бұл заттың қазір қалай жұмыс істейтінін қысқаша көрсетіңіз. Көмек керек болса, ұсыныңыз, бірақ оның орнына бәрін өзіңіз істеп тастауға тырыспаңыз. Осылайша тең дәрежеде сөйлесу сақталады.


6. «Білмейтін нәрсеге араласпасаңызшы»

Үлкендердің кеңесі кейде тым артық, ал жеке өмірге араласуы ашуға тиюі мүмкін. Мұндай жағдайда шекара қою керек, бірақ оны адамның көңіліне тимей де жасауға болады. «Не істеу керегін өзім де жақсы біліп тұрмын. Ал сіз білмейтін нәрсеңізге араласпасаңызшы» деудің орнына сабырлы түрде «Рақмет, ойланып көрейін» немесе «Бұл мәселені өзім шешкім келеді» деп айтқан дұрыс. Мағынасы өзгермейді, бірақ «Сенің пікірің маңызды емес» деген сұс жоғалады.

Әрине, ешқандай қарым-қатынас мінсіз болмайды. Әрбір адамның шаршауға, келіспеуге немесе өз ұстанымын қорғауға толық құқығы бар. Егер отбасындағы түсініспеушілік жиілеп кетсе, психолог маманға жүгініп, күрделі тақырыптарды сабырмен талқылаудың жолын тапқан дұрыс. Өйткені кейде кикілжің көзқарастардың алшақтығынан емес, қарт кісіге күтім жасаудағы тұрақты шаршаудан туындап жатады. Дегенмен, қанша шаршасаңыз да, ата-ананың алдындағы парыз бен сыйластықты ұмытпаған абзал. Кезінде олар да сіздің тәй-тәй басқан қадамыңызға, қайталана беретін сұрақтарыңыз бен еркелігіңізге шексіз сабырлық танытқан. Уақыт – зымыран. Бүгін сіз ата-анаңызға қалай қарасаңыз, ертең өзіңіз де дәл сондай қарттық шақты бастан кешесіз. Соны естен шығармай, әрбір айтылар сөзге абай болып, жақындарыңызға мейірім мен құрметпен қарау – отбасылық жарасымның басты кілті.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖАС МАҢЫЗДЫ ЕМЕС: Шынайы ЕСЕЮді білдіретін 3 белгі