Бір адам із-түзсіз жоғалып кеткендіктен, қаза тапқандар саны әлі де артуы мүмкін.
ERNUR.KZ. Дүйсенбі күні Оңтүстік Кореяның Хвасон қаласындағы литий аккумуляторын өндіретін зауыттан шыққан өрттен кем дегенде 22 адам, соның ішінде шетелдіктер қаза тапты, деп жазады inform.kz.
Бір адам із-түзсіз жоғалып кеткендіктен, қаза тапқандар саны әлі де артуы мүмкін, дейді билік өкілдері.
Қаза тапқандардың 20-сы шетелдіктер: 18-і Қытай азаматы, бір Лаос азаматы және азаматтығы анықталмаған бір адам бар.
Сеулден оңтүстікке қарай 45 шақырым жерде орналасқан Хвасондағы литий аккумуляторларын шығаратын Aricell зауытында өрт таңғы сағат 10:30 шамасында басталған. Негізгі өрт ошағы 15:10-да бақылауға алынды.
Өрт сөндірушілер өрт басталғаннан кейін төрт сағаттан астам уақыт өткен соң ғимаратқа кіріп, мәйіттерді тапты.
Өрт белгісіз себептермен үш қабатты ғимараттан шыққан.
Өрт сөндірушілер литий аккумуляторлары өртін дәстүрлі әдіспен сөндіру қиын болғандықтан, өртті толығымен сөндіру қиынға соғатынын хабарлады.
Өрт сөндіру бөлімінің мәліметінше, аккумуляторлардың үздіксіз жарылуы салдарынан жалын тез таралып, құтқарушылардың іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ғимаратқа кіруі қиындаған. Алдын ала мәлімет бойынша, ғимаратта кем дегенде 35 мың аккумулятор болған.