Орындықта жылап отырған қызға айыппұл салынған: Туристер нені ескеруі керек?

0
75

Оқиға 25 қазанда Германияның Гельзенкирхен қаласындағы Глюкауф (Glückaufpark) саябағында болған.


Орындықта жылап отырған қызға айыппұл салынған: Туристер нені ескеруі керек?

Кескін жасанды интеллект арқылы жасалған

ERNUR.KZ. Оқуы мен ақша мәселесі үшін саябақта жылап, балалар алаңына отырған Гельзенкирхен тұрғыны айыппұл арқалады, деп жазады tengrinews.kz.

Қызға не үшін айыппұл салынды?

Оқиға 25 қазанда Германияның Гельзенкирхен қаласындағы Глюкауф (Glückaufpark) саябағында болған. Қыз оқуы мен қаржылық қиындықтарына алаңдап, саябақта серуендеп жүрген. Бір сәтте ол еңіреп жылап жіберіп, сабасына түсу үшін балалар алаңындағы орындыққа отырған да, әпкесіне телефон соққан.

Бірнеше минуттан соң оған муниципалдық тәртіп қызметінің үш қызметкері жақындап келген. Олар маңайда ойнап жүрген екі баланы байқап, қыздан оларды танитынын не танымайтынын сұраған. Ол танымайтынын айтқан. Осыдан кейін инспекторлар құжат сұратып, 25 еуро (шамамен 12 560 теңге) көлемінде айыппұл салған.

Неге ересектерге балалар алаңына кіруге болмайды?

Гельзенкирхенде қоғамдық тәртіпті сақтау туралы қаулы қолданыста: ондағы балалар алаңдары 14 жасқа дейінгі балаларға арналған. Ересектер ол жерге тек балалардың қасында еріп келгенде немесе оларды бақылап отырғанда ғана кіре алады.

Неміс БАҚ-тарының мәліметінше, алаң жанындағы тақтайшада жас шектеулері мен өзге де ережелер жазылған, бірақ қасында баласы жоқ ересектерге тыйым салу туралы тармақ түсініксіз тұжырымдалған. Қыз журналистерге бұл ереже туралы білмегенін айтты.

Ол балалар алаңында ережелер қажет екендігімен дауласпады, алайда оның жағдайында инспекторлар тек ескертумен шектелуі керек еді деп есептейді.

"Адамгершілік қайда? Егер жылап отырған адамды көрсеңіз, алдымен жағдайын сұрап, көмек қажет пе екенін білуге болады ғой", - деді ол.

Қыздың айтуынша, бұл жағдай оның өзін ешкімге керексіз, бағаланбайтын адам ретінде сезінуіне себеп болған.

Бұл жағдай неге дау тудырды?

Бұл оқиға Гельзенкирхенде қызу талқыланды. Қалалық кеңес балалар алаңдарының ең алдымен балаларға арналғанын, ал ересектерге қойылған шектеулердің, соның ішінде, олардың қауіпсіздігіне де қатысты екенін еске салды.

Алайда "Жасылдар" партиясының өкілдері қалалық қызметтерді ережелерді қолдануға мұқият қарауға және елеусіз бұзушылықтар үшін тым қатал жаза қолданбауға шақырды.

Германияның Социал-демократиялық партиясы (ГСДП) да мұндай жағдайда ауызша ескертудің жеткілікті болатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар қала билігі кейбір айыппұлдарды күшейту мәселесін талқылап жатыр. Атап айтқанда, алдағы уақытта балалар алаңында болу ережелерін бұзғаны үшін 60 еуроға дейін (31 мың теңге) айыппұл салынуы мүмкін.

Туристер нені есте ұстауы керек?

Германияда саябақтар мен балалар алаңдарын пайдалану ережелерін жергілікті муниципалитеттер белгілейді, сондықтан талаптар қаладан қалаға қарай өзгеруі мүмкін. Серуен кезінде айыппұлдан аулақ болу үшін бірнеше қарапайым ережені сақтау жеткілікті:

  • Кіреберістегі тақтайшаларға қараңыз. Әдетте оларда алаң арналған балалардың жасы (көбінесе 12–14 жасқа дейін), жұмыс уақыты және баласы жоқ ересектерге арналған тыйымдар көрсетіледі.
  • Ойын аймақтарының ішіндегі орындықтарды иеленбеңіз. Егер сіз жай ғана демалғыңыз, тамақтанғыңыз немесе телефонмен сөйлескіңіз келсе, саябақтың негізгі аллеясындағы, алаңнан тыс жердегі орындықты таңдаған дұрыс.
  • Қосымша шектеулерді ескеріңіз. Германиядағы көптеген балалар алаңында темекі шегуге, алкоголь ішуге, ит серуендетуге және велосипед немесе самокатпен жүруге тыйым салынған.
  • Тексеру кезінде сабыр сақтаңыз. Егер сізге тәртіп сақшылары келсе, жағдайды сыпайы түрде түсіндіріңіз - бірқатар жағдайларда, егер заңбұзушылық білместіктен жасалса, инспекторлар ауызша ескертумен ғана шектеледі.