Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон Франция Ресейдің "бұл соғыста жеңіске жетуіне" жол бермеу үшін бәрін жасайтынын айтқан.
ERNUR.KZ. Украинаға поляк сарбаздарын жіберу туралы мәселе талқыланып жатқан жоқ, деп хабарлады Польша телеэфирінде республиканың ұлттық қорғаныс министрінің орынбасары Павел Залевский. Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон Франция Ресейдің "бұл соғыста жеңіске жетуіне" жол бермеу үшін бәрін жасайтынын айтқан. Оның мәліметінше, Батыс елдерінің басшылары Украинаға әскер жіберу мүмкіндігін талқылаған, бірақ әлі ортақ шешімге келген жоқ, деп жазады sputnik.kz.
"Мен бұл тақырыпта Францияның қорғаныс министрі Себастьян Лекорнумен сөйлестім. Ол НАТО сарбаздарын майданға жіберу туралы емес, украин сарбаздарын тылда қолдау үшін НАТО сарбаздарын жөнелту туралы айтты", - деді Залевский.
Сонымен бірге ол Польшаның бұл нұсқадан түбегейлі бас тартқанын айтты.
"Польша мұндай ұсынысты қабылдаған жоқ. Біз ол жерге қару-жарақ, оқ-дәрі, құрал-жабдық жіберу, украин сарбаздарды даярлау арқылы көп нәрсе істей аламыз. Польша мұны істеп те жатыр", - деді министрдің орынбасары.
"Дегенмен поляк сарбаздарын жіберу туралы әңгіме жоқ, бұл анық", - деп түйіндеді ол.
Ресей Украинаға қару-жарақ жеткізу қақтығысты реттеуге кедергі келтіреді, НАТО елдерін қақтығысқа тікелей тартады деп санайды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаға арналған қару-жарақ бар кез келген жүк Ресей үшін заңды нысанаға айналатынын айтты. Оның айтуынша, АҚШ пен НАТО қақтығысқа тікелей араласып отыр, оның ішінде тек қару-жарақ жеткізіп қана қоймай, сонымен бірге Ұлыбритания, Германия, Италия және басқа да елдерде кадр дайындаумен айналысып жатыр.