Путин Ресейдің премьер-министрін тағайындады

0
652

Президент Владимир Путиннің жарлығымен Михаил Мишустин Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы болып тағайындалды.


Путин Ресейдің премьер-министрін тағайындады

ERNUR.KZ. Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путин елдің премьер-министрін тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп жазады sputniknews.kz.

"Мишустин Михаил Владимирович Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы болып тағайындалсын", - делінген Кремль сайтында жарияланған жарлық мәтінінде.

Сәрсенбі, 15 қаңтарда Дмитрий Медведев Ресей үкіметі толық құрамда отставкаға кететінін мәлімдеді. Кейінірек Путин премьер-министр қызметіне Федералды салық қызметінің басшысы Михаил Мишустиннің кандидатурасын Мемлекеттік думаның қарауына ұсынды.

Мемлекеттік дума бүгін оның үкімет басшысы қызметіне кандидатурасын мақұлдады.

Михаил Мишустиннің өмірбаяны. Михаил Владимирович Мишустин 1966 жылы Мәскеуде туған. Ол қазіргі Мәскеу мемлекеттік технологиялық университетін бітірген. Экономика ғылымдарының докторы.

1992 жылдан 1995 жылға дейін – Халықаралық компьютер клубының тестілік зертханасының директоры. 1995-1996 жылдары Халықаралық компьютер клубы бас директорының орынбасары, Халықаралық компьютер клубының басқарма төрағасы қызметін атқарды.

1998 жылдың тамызында Ресейдің мемлекеттік салық қызметі басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Сондай-ақ, ол Ресей Федерациясының салықтар мен алымдар министрінің орынбасары болып жұмыс істеді.

Әр жылдары Жылжымайтын мүлік нысандары кадастрының федералды агенттігін, Арнайы экономикалық аймақтарды басқарудың федералды агенттігін басқарды.

2010 жылы Федералды салық қызметінің басшысы болды.