Тайландта адасып кеткен балалар құтқарылған үңгірге енді кіруге болмайды

0
1 674

Үңгір туристер үшін күн жылы кезде ғана ашық болады.


Тайландта адасып кеткен балалар құтқарылған үңгірге енді кіруге болмайды

ERNUR.KZ. Өткен аптада ғана Тайландтағы Тхам Луанг үңгірінде теңдессіз іздестіру-құтқару операциясы жүргізіліп, нәтижесінде 12 футболшы жасөспірім мен олардың бапкерінің дін аман табылғаны мәлім. Аталған үңгірге енді сейсенбіден бастап кіруге болмайды, деп жазады ҚазАқпарат.

Риа Новости агенттігінің хабарлауынша, 18 күнге созылған құтқару операциясы нәтижесінде үңгірге су сорғыту үшін километрге созылатын пластик құбырлар мен өрт сөндіру құралдары жеткізілген. Үңгірдің алғашқы үлкен үш камерасына арнайы құрылғылар орнатылды, оның ішінде электрлі насостар да бар. Сол жерде операцияның уақытша командалық пункті орналасты. Оған қоса, үңгір аумағында жерасты суын сорғыту мен судың үңгірдің ішіне кіруіне жол бермеу мақсатында жүздеген артезиан ұңғымалары қазылды.

Алдағы апталарда жерасты дәліздерінен барлық құрылғылар алынып тастайды. Ал артезиан ұңғымаларының көпшілігі жабылады, деп хабарлайды телеарна Чиангарай провинциясының әкімшілігіне сілтеме жасай отырып. Қалпына келтіру жұмыстарынан соң үгірге кіруге тыйым салынады. Үңгірде қалыпты табиғи үдерістер басталмайынша, шектеу алынбайды, делінген хабарламада.

Дүйсенбі күні үңгірдың аузында мектеп оқушылары мен олардың бапкерлерінің аман қалғаны үшін әруақтарға ризашылық білдірілді. Сонымен қатар жиналғандар операция барысында мерт болған сарбаз Саман Кунанды еске алды. Осы шара барысында Чиангарай провинциясы әкімшілігінің Тайланд үкіметіне Тхам Луанг үңгіріне жалпымемлекеттік деңгейдегі ұлттық парк мәртебесін беру туралы өтініш жолдағаны жария етілді.

Қазіргі таңда үңгір мен оның айналасы провинциялық мәртебесі бар Дой Нанг Нон қорығының аумағында. Қорықтың мәртебесін көтеру болашақта Тхам Луанг үңгірін қалың көпшілік үшін қолжетімді туристік нысанға айналдыруға мүмкіндік тудырады. Ал әзірге үңгірге тек арнайы дайындалған туристер ғана кіріп жүр. Үңгір туристер үшін күн жылы кезде ғана ашық болады. Онда болашақта құтқару операциясы музейі мен үңгірлерден құтқарушы дайверлерді дайындайтын халықаралық полигон орналасатын болады.