Түркияға жұмыс істеуге кеткен қазақстандық жігіт Грекияда 125 жылға сотталды

0
1 191


Түркияға жұмыс істеуге кеткен қазақстандық жігіт Грекияда 125 жылға сотталды

Фото: ulysmedia.kz

ERNUR.KZ. 24 жастағы қазақстандық жұмыс істеуге Түркияға аттанған. Алайда кейін Грекия түрмесіне түсіп, 125 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл туралы оның анасы, Ақтөбе тұрғыны Нұрхан Қадырова айтты. Ол Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен ұлына көмек көрсетуді сұрап отыр, деп жазады Ulysmedia.kz.

Әйелдің айтуынша, ұлы Instagram-нан Түркиядағы жұмыс туралы хабарландыру көрген. «Ақтөбе Times» мәліметінше, оның жолақысы төленіп, туристерді моторлы қайықпен серуендетуге байланысты жұмыс ұсынылған.

Алайда кейін, анасының сөзінше, жігітті Грекияға заңсыз мигранттарды тасымалдауға араластырған. Сол жерде ол ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалған.

«Оны пайдаланып кетті»

Әйел ұлының тасымалды ұйымдастырмағанын және қайықтардың иесі болмағанын айтады. Оның сөзінше, барлық істі үйлестіруші басқарған, ал Рашид тек берілген тапсырмаларды орындап, қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналған.

Анасының айтуынша, сот барысында жігітке аудармашы да берілмеген. Соның салдарынан ол мазмұнын түсінбеген құжаттарға қол қойған.

Айыппұл көлемі - бір миллиард теңгеге жуық

Нұрхан Қадырова ұлына 125 жыл бас бостандығынан айыру жазасымен қатар, теңгеге шаққанда шамамен бір миллиард теңге көлемінде айыппұл салынғанын айтты.

Қазір отбасы Рашидпен анда-санда ғана байланыса алады. Сондай-ақ, оған азық-түлік пен жеке гигиена заттарына ақша жіберіп тұрады.

Анасының сөзінше, алда ұлына қатысты тағы бір сот отырысы өтеді. Ол қазақстандық дипломаттар қажет көмек көрсетіп, баласының құқығын қорғауға жәрдемдеседі деп үміттенеді.

Ulysmedia.kz редакциясы ресми пікір алу үшін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады.