Қазір мемлекеттегі 83 мыңға жуық тұтқынға небәрі 62 мың камера қарастырылған.
Фото: RuNews24
ERNUR.KZ. TF1 телеарнасына сұхбат берген Эммануэль Макрон мұндай қадамды шынында қарастырып жатқанын растады, деп жазады inbusiness.kz.
Себебі, Францияның түрмелері шектен тыс толған. Сондықтан, билік шетелдік түрмелерден өз тұтқындары үшін камераларды жалға алуға кіріспек.
Еуропа Кеңесінің былтыр жариялаған есебінде Франция түрмелердің қылмыскерге толуы бойынша Кипр мен Румыниядан кейінгі орынға жайғасып отыр.
Еске салайық, 2010 мен 2016 жыл аралығында Бельгия Нидерландтың Тилбург қаласындағы түрмеден 680 орын жалға алған-ды. Ал 2021 жылы Дания Косовомен 210 миллион еуроға 300 камераны он жылға жалға алу туралы келісім жасасты. Сондай-ақ, Эстония өз түрмелеріндегі бос орындарды басқа елдерге жалға беруге қызығушылық білдіріп, жыл сайынғы әлеуетті табысты 30 миллион еуро деп бағалады.
Дегенмен, бұл шешім логистикалық, құқықтық және этикалық мәселелермен тығыз байланысты саналады. Бір ғана мысал, Бельгия мен Нидерланд тәжірибесі бұл мәселелердің кейбірін ашық көрсетті.
– Нидерланд өз түрмелеріндегі камераларды Бельгияға өз қызметкерлерімен бірге жалға берді, бірақ бельгиялық заңдарға сәйкес. Нидерланд қызметкерлерін бельгиялық түрмелердің жұмыс істеу тәртібін түсіну үшін оқыту қажет болды. Сонымен қатар, туыстарымен кездесулер визалық талаптар мен қашықтық салдарынан өте қиын болды, – деп түсіндірді Францияның түрмелерді бақылау ведомствосының басшысы Доминик Симмоно.
"Соңында Бельгия бұл жобадан бас тартты, сондықтан мен бұл тәжірибені қайталаудың себебін көріп тұрған жоқпын" деп нақтылай түсті ол Euronews-ке берген сұхбатында.
Түрме қызметкерлерінің SNEPAP-FSU кәсіподағы бас хатшысының орынбасары және пробация қызметінің тәжірибелі қызметкері Аннабель Буше бұл идеяны "шындыққа жанаспайды" деп ашық сынайды.
– Бюджет тұрғысынан бұл идеяны жүзеге асыру өте қиын. Шетелде жалға алу өздігінен шығындарды талап етеді. Ал Францияның қазіргі мемлекеттік қаржы жағдайы үнемдеуді қажет етеді. Мен сотталғандарды шетелдегі мекемеге жіберу қалай тиімді болатынын түсінбеймін, – деді ол Euronews-ке.
Бұған дейін әділет министрі Жеральд Дарманен қысқа мерзімді жазасын өтейтіндер үшін модульдік құрылымдар түрінде түрмелер салуды ұсынған еді. Кейін президент Макрон осы идеяның арқасында алдағы екі жылда елде 5 мың жаңа түрме орны пайда болатынын растады.