Ұлыбритания үкіметі ғалымдарды елге тартуды қолға алды

0
993

Елдегі бірқатар университеттер мен компаниялар үкіметтің бұл шешімін қолдайтынын білдірді.


Ұлыбритания үкіметі ғалымдарды елге тартуды қолға алды

ERNUR.KZ. Ұлыбритания үкіметінің басшысы жоғары білікті мамандарға арналған Tier 1 деп аталатын виза түріне енгізілген шектеулерді алып тастамақ, деп жазады inbusiness.kz.

Айта кету керек, жыл сайын осы ваиза арқылы 2000 зерттеуші тұманды альбионға қоныс аударады. Жаңа құжат күшіне енсе, ғалымдармен қатар олардың отбасыларына жеңілдік қарастырылатын болады.

Джонсонның айтуынша, Ұлыбритания мықты деген ғылыми қызметкерлерді елге тартатын магнитке айналуға тиіс. Бұл мәлімдемені премьер-министр ядролық синтез энергиясын зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Culham ғылыми орталығында жасады. Енді оның тапсырмасын елдің ішкі істер министрлігі мен энергетика,кәсіпкерлік және өнеркәсіптік даму министрліктері жүзеге асыратын болады.

Еуроодақ ғалымдары Ұлыбританияда жұмыс істейтін 211 000 ғалымның тең жартысын құрайды және оларға британдық зертханаларда жұмыс істеу үшін виза қажет емес. Әзірге осылай. Бірақ Brexit-тен кейін бұл мүмкін болмайды. Ал одаққа кірмейтін елдердің мамандары Ұлыбританияға виза алу үшін құжаттарды рәсімдеудің ұзақ өтетінінен шаршайтынын айтып отыр. Бұл процесс тіпті үш айға дейін созылатын көрінеді.

Елдегі бірқатар университеттер мен компаниялар үкіметтің бұл шешімін қолдайтынын білдірді. Олардың айтуынша, реформалар технология саласындағы кадр жетіспеушілігін еңсеруге септігін тигізбек.