Билік қаза болғандардың туыстарына 2 400 доллардан, жараланғандардың әрқайсысына 600 доллардан төлейтінін хабарлады.
ERNUR.KZ. Үндістанның оңтүстігіндегі Керала штатында толассыз жауған жаңбыр салдарынан қаза тапқан адамдар саны 358-ге жетті, деп жазады inform.kz.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. 200-ден астам адам із-түзсіз жоғалғандар тізімінде. Үндістан армиясы үйінділер астында қалған адамдарды іздеу үшін аймаққа көмекші арнайы радарлар жіберді.
Бұған дейін шенеуніктердің хабарлауынша, Керала өз тарихындағы ең ауыр табиғи апаттардың біріне тап болды. Қазір штатта 1 500-ден астам сарбаздың көмегімен іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Құтқарушылар электр қуатының жоқтығынан және ағаштар құлап, көпірлер қирап, жолдарды бөгеп тастағаны үшін іздестіру жұмыстары қиын болғанын хабарлады.
Штаттағы табиғи апаттан зардап шеккен 8 300-ден астам адам уақытша лагерьлерге көшірілді. Толассыз жауған жаңбырдан Керала штатында көшкін пайда болып, инфрақұрылым мен жолдарға қатты зақым келтірді. Зардап шеккен Чуралмала ауылында 200 үй қираған.
Билік қаза болғандардың туыстарына 2 400 доллардан, жараланғандардың әрқайсысына 600 доллардан төлейтінін хабарлады.