1000-ға жуық балуан қатысты.
Түркістанда даңқты қолбасшы Сабыр Рақымовты еске алуға арналған XXX халықаралық турнир аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Омарұлы Рақымовты еске алуға арналған еркін және әйелдер күресінен жастар арасындағы XXX халықаралық турнир өз мәресіне жетті.
Биыл мерейтойлық 30-шы рет ұйымдастырылған дәстүрлі додаға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Грузия мемлекеттерінен және еліміздің барлық өңірінен 1000-ға жуық балуан қатысты. Оның ішінде 650 ер мен 350 балуан қыз бозкілемде бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.
Халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекеде Түркістан облысының балуандары да жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, еркін күрестен 97 келі салмақ дәрежесінде Айтуған Нұрислам күміс жүлдеге ие болса, 125 келіде Төлеуов Есбол, 52 келіде Нұрадин Асқар және 92 келіде Ибрагим Бекзат қола жүлдегер атанды.Ал әйелдер күресінен 53 келі салмақта Көпжасар Арайлым алтын медаль жеңіп алды. 62 келіде Нұрла Балнұр күміс жүлдеге қол жеткізсе, 72 келіде Алтынбек Нұрай қола жүлдеге ие болды.
Осылайша, Түркістан облысының жас балуандары халықаралық турнирде шеберліктерін дәлелдеп, өңір қоржынына 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль салды.


