Жапондар Қазақстанда валюта дағдарысының қаупі жоқ екендігін анықтады

0
1 397

​Дағдарыс қаупін есептеудің жаңа моделі бойынша Қазақстан мен Ресейде жағдай тұрақты, Украинада, керісінше.


Жапондар Қазақстанда валюта дағдарысының қаупі жоқ екендігін анықтады

Жапонияның Nomura Holdings қаржы компаниясы әлем елдеріндегі валюта дағдарысы туралы алдын ала хабар беретін индекс ойлап тапты. Financial Times-тің хабарлауынша, мамандар оны “Дамокл” деп атап отыр.

Бұл индекс бойынша валюта дағдарысы қауіп төніп тұрған елдер қатарына Шри-Ланка, Оңтүстік Африка Республикасы, Аргентина, Пәкістан, Мысыр, Түркия мен Украина кіріп отыр, деп жазады baribar.kz.

Nomura Holdings сарапшыларының пікірінше, валюта дағдарысы қауіп төндіре қоймайтын елдер қатарына Бразилия, Болгария, Индонезия, Қазақстан, Перу, Филиппин, Ресей және Таиланд енген.

Инвесторлардың дамушы нарық тәуекелдеріне көп көңіл бөлетінін ескерген жағдайда барлық елді біртекті топқа жатқызуға болмайтыны маңызды екені түсінікті. Модель толық ауқымды дағдарыс ықтималдығы өте төмен елдер тізімін түзіп отыр, – делінген мамандардың есебінде.

“Дамокл” моделі 30 дамушы ел үшін жасалған. Мұнда валюта резерві, қарыз деңгейі, пайыздық мөлшерлемелер мен импорттың өзін-өзі ақтауы сияқты көрсеткіштер негізге алынған.

Жапон мамандары валюта дағдарысын екі әдіспен анықтайды: біріншісі – ұлттық валютаның бір айдағы әлсіреу мөлшері сол валюта бағамының 1990 жылдан бергі барлық ай сайынғы өзгерісі бойынша төрт стандарт ауытқу деңгейінен асуы; екіншісі – валютаның бір айдағы номинал бағамының 10%-ға және одан да көп деңгейде төмендеуі. Егер осындай екі жағдай 12 айдан аз уақыт аралығында болса, бұл дағдарыс деп саналады.

Біздің жағдайымызда бір айда доллардың теңгеге қатысты бағамы 8%-ға жоғарылаған. 11 қыркүйек күні оның биржадағы бағамы 380,93 теңге болды.

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 7 қыркүйек күні ведомствоның моделі бойынша “теңге дәл бұлай арзандамауы тиіс және ол жағдай инфляция дәлізіне әсер етпейді” деп мәлімдеген еді.