Журналисті өлтірген 21 жастағы азамат 30 жылға сотталды

0
977

Виктория Маринова соңғы кезде Еуропа Одағының (ЕО) қорынан қаржы жымқыру туралы GPGate деп аталатын дауды зерттеп жүрген.


Журналисті өлтірген 21 жастағы азамат 30 жылға сотталды

ERNUR.KZ. Болгария соты 21 жастағы Северин Красимировқа 30 жыл түрме жазасын кесті. Сот Красимировты журналист Виктория Маринованы өлтірді деп тапқан, деп жазады azattyq.org.

Сот процесі 22 сәуірде Болгария солтүстігіндегі Русе қаласында аяқталды. Зорлау, өлтіру баптарымен сотқа тартылған айыпталушы өз кінәсін мойындаған. Виктория Маринованың денесі былтыр 6 қазанда Руседе парк аумағында тұрған көліктен табылған. Полиция журналисті әуелі зорлап, сосын тұншықтырып өлтіргенін анықтады.

Прокурорлар журналист өлімінің оның кәсіби қызметіне қатысы жоқ деп мәлімдеді.

Виктория Маринова соңғы кезде Еуропа Одағының (ЕО) қорынан қаржы жымқыру туралы GPGate деп аталатын дауды зерттеп жүрген. Еуропа Одағы Болгариядағы жүздеген миллион долларға инфрақұрылым нысандарын қаржыландырып, одан консалтингтік фирмалар, оның ішінде GP Group компаниясы қаржы тапқан. Бұл компанияның құжаттарын зерттеуде Еуропа Одағынан қаржының қалай жымқырылатыны белгілі болған. Маринова жүргізген зерттеулер бойынша, қаржы жымқыруға Болгарияның жоғары билігіндегі адамдардың қатысы болуы мүмкін. Іс материалдарында ресейлік "Лукойл" компаниясының Болгариядағы еншілес компаниясының басшысы Валентин Златевтің есімі аталады.

Маринова жұмыс істеген аймақтық TVN арнасы осы жанжал туралы хабарлаған жалғыз телеарна болған. Бұл тақырыппен Болгарияда Bivol журналистік зерттеулер сайты да айналысқан. Румынияда бұл зерттеу туралы RISE сайты хабарлаған.