Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе босату туралы шешімді тек шақыру комиссиясы қабылдай алады.
ERNUR.KZ. Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Амантай Өсербаев әскерге шақыруды кімдер кейінге қалдыра алатынын айтып берді, деп жазады baq.kz.
Оның айтуынша, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе босату туралы шешімді тек шақыру комиссиясы қабылдай алады.
2020 жылдан бастап әскерге шақыруды кейінге қалдыруға құқығы бар әскерге шақырылушылар санатының тізбесі кеңейтілді. Оған тек ауыл педагогтары ғана емес, сондай-ақ қала мұғалімдері, оқытушылық қызметтің барлық кезеңіне және құқық қорғау органдарының білім беру мекемелерінде оқытылып жатқан адамдар кірді, - деді департамент басшысы.
Сонымен қатар ол Алматыда әскерге барудан әдейі бас тартатындар кездеспегенін жеткізді. Кейде әскер қатарына шақырылатындар шақыру пункттеріне дер кезінде келмейді, мұндай жағдайда іске учаскелік инспекторлар араласатын көрінеді.
Бізде әскерге барудан әдейі бас тартатындар жоқ. Қазір жігіттердің барлығы интеллектуалды, әскерге шақырылушылардың орташа жасы 18-23 жас, олар өз міндеттерін орындап, қызмет ету керек екенін түсінеді. Жастар арасында әскерге барудан үрейленетіндер де кездеседі, психологтар олармен сөйлеседі. Әскерден жалтарған жағдайда 1 миллион теңгеге дейін айыппұл қарастырылған, - деді А. Өсербаев.