Қоғамдық әжетхана салып бермесе, әжетхананы салып, бірақ ондағы тесігін оюды ұмытып кетсе «әкім қайда қарап отыр?» деуге болатын-ақ шығар...
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Лас, иісіне адам тұншығатын әжетхананы көргенде не ойлайсыз? Оған кім кінәлі? Көпшілік қолданатын әжетханаға кіргенде тазалықты сақтайсыз ба? Әлде, соңыңыздан әлдебіреу тазалап кетуге міндетті ме?
2013 жылдан бері 19 қараша әлем елдерінде Дүниежүзілік Әжетхана күні деп белгіленген. «Не болса соны да атап өтіп...» дейтін шығарсыз. Бірақ бұл да қажеттіліктен туғаны анық. Мақсаты сол, қоғамдық әжетхананы қолданудағы мәдениетті қалыптастыру.
Мына өлең шумағын осынау атаулы күнге арнап шығарғандай-ақ екен. Бірақ, жетіскеннен шығармағаны анық. Айтпақшы, тап осы бір шумақ өлең жазылған ескерту қағазы ауруханалардың бірінде ілулі тұрған көрінеді.
Арнайы ақынға тапсырыс бермегені анық. Себебі, біздің әжетханадағы көріністер кез келген адамды ақын етіп жіберетіндей-ақ.
Мұндай ескертулерді кез келген қаладағы қоғамдық әжетханалардан кездестіруге болады. Жазбауына қоймайды, кірген жерін «сиыр бұзаулағандай» етіп кетіп жатса амал не?!
Жолда «шаптырып» тұратындар неге көп?
Қарапайым бір мысал. Киелі Қазығұрт жеріне келін болып түскендіктен, Шымқалада тұрсақ та ауылға жиі қатынаймыз. Қазығұртпен арасы 60-70 шақырым. Көлікпен барсақ та, жолай әжет өтеуге тоқтайтынымыз белгілі. Әсіресе, балалар болған соң ол міндетті. Бірақ, кіруге мүмкін болатын әжетхана қайда?
Сыртына дейін «тасып» жатқан әжетхананың ішіндегі жағдайға өкпелеуге де ұяласың. Айналаны алып кеткен иісінен бөлек, аяқ басатын құрғақ жер таппай қиналатының тағы бар. Кейбіреуінің қабырғасына дейін нәжіс жағылып жатқандығын көргенде «бұны қалай істеді екен... секіріп барып...па әлде қолмен алып...» деген жиіркенішті ой да миыңнан жүгіріп өтеді.
Қазір ғой, сыртын жұмыртқадай етіп әжетханаларды салып қойған. Сонда да болса жол бойындағы ағаштардың тасасында «шаптырып тұрған» еркектерді әлі де байқауға болады. (Байқасақ та көзімізді тайдырып әкетіп, бала-шағаға білдірмеуге тырысамыз. Жолдың бойынан әрірек баруға ұялмағандардың тірлігін балаға түсіндіріп көр...) Олардың да анадай лас әжетханаға кіруге құлқы жоқ. Сондықтан шығар, ағаш пен таса іздеп, теріс қарап ісін бітіре салатыны.
Айтпақшы, анадайға барып жалп етіп отыра кететін әйелдер де баршылық...
«Неге?» деген сұрақ туады мұндайда. Неге біздегі әжетханалар сондай лас? Неге оған кіру мүмкін емес? Әжетханаға кірген адамға оның тесігі тар ма әлде «туралай» алмай ма?
Талай әжетханадан лоқсып-ұшынып атып шығып, барар жерімізге дейін «қысып» баруға тура келеді. Өзімізді қойшы, бала-шағаны үйден әжетін өтеткізіп дайындап шығуға әдеттенгеніміз қашан?!
Мұны айтып отырғандағы себебім не? Әжетхананы солай былғап кететіндердің үйіндегісі де солай былығып жата ма екен деген сұрақ туындайды менде. Қабырғасына шаптырып, жағып ойнай ма екен деген де ой келеді. Әй, қайдам... Олай етпейтіндігі анық... Деп сенемін, әрине.
Әжетханаға да әкім қарауы керек пе?
«Әкім қайда қарап отыр?!» Осындай сөз қалыптасып кеткелі біраз болды. Облыстың, қаланың, ауданның тізгінін ұстаған әкімнің басқарып отырған жерінде үлкен жауапкершілік арқалайтыны рас. Әкімнің түрлі сала бойынша орынбасарлары, жауапты қызметкерлері бар. Бірақ, ашығын айтқанда, тап осы әжетханаға келгенде әкім әркімнің «артын аңдып»отыруға міндетті емес шығар?!
Билікті жақтап, сойылып соғып отырғам жоқ. Әжетханаға кіріп-шыққанда не істеп, не қойып шыққанын бағамдай алмайтын кейбіреулерге қара қазандай өкпесі бар тек мен ғана емес.
Егер әжетханаға кіріп-шығудың тәртібін білсе (бәрі өте жақсы біледі, бірақ соны ұстануға не кедергі?), сол әжетханалар таза тұрары анық. Ең ақыры, «тесікке туралап»кетсе жеткілікті болар еді. Әжетін тап-таза, тап-тұйнақтай орындап, қолданған қағазын тастайтын қоқыс жәшігі жоқ болса немесе орнатылмаса, онда «әкім қайда қарап отыр?!» деуге болатын шығар. (Айтпақшы, жол бойына салынған әжетханаларда қоқыс жәшіктерін байқай бермейсің.) Сондай-ақ, әжетхананың есігі бар да, тесігі жоқ болса да талап ету орынды. Көпшілік жерде әжетхана қойылмай, халық қиналып жатса «әкім қайда қарап отыр?!» дегеніңіз өтеді-ау.
Бірақ қолда бар әжетхананы дұрыс қолдана алмай жатсақ, өкпелеуіміз орынды бола қояр ма екен? Айналаны былықтырып отырып әлдекімнен жауапкершілікті талап ету – тым артық.
Үйден шыққан соң әжетханаға қалай отыру керектігін ұмытып қаламыз ба?
Бала күнімізде ата-әжем де, әке-шешем де күн сайын таңертең әжетхананы (кәдімгі даладағы әжетхана, есігінің орнына қалың мата немесе алаша ілінген) ашып тастап, су сеуіп сыпырып шығатын. Алда-жалда бала болып нысанадан «тайып» кетсек, «көзің қисық па әлде...» деп ұрысқанда келесі жолы ойланып барып кіретінбіз. Расымен «сондай ма?» деп ойланып қаласың ғой әлгі жерде.
Бала кезден бойға да, көзге де сіңген тәрбиені қазір балаларға үйретіп отыратын жасқа жеттік. Он екі мүшең сау бола тұра ең әрісі әжетхананы, 5 минутта тірлігіңді тындырып шығатын жерді таза ұстауға тырыса алмаған соң, мәдениет туралы, тазалық жайында айтуға да құқығымыз жоқ емес пе? Ол арасын әркімнің ұяты шешеді, әрине.
Қоғамдық әжетхананы бүлдіріп кетуге еш ұялмайтындардың ешбірінің үйіндегісі олай былығып жатпайтынына сенімдімін. Олай болса, бәрімізге ортақ деп салып бергенді ластап кетуге, жанымыз ашымай, керісінше өшіміз қалғандай бүлдіріп кетуге неге құмармыз? Үйдегідей неге қарамаймыз? Тазалап кетуді ешкім міндеттеп жатқан жоқ. Бірақ адами тұрғыда, өзімізден кейін сол жерге бала, қарттар кіретінін (алыс жолға шыдай алмайтынын, дертті-науқас болуы мүмкін екендігін ескере келе) неге ойламаймыз? Қайтар жолыңда сол әжетханаға тағы да мұқтаж болуың мүмкін емес пе?
«Үндістан – сондай лас. Халқы әжетін көшеден ары барып жасай береді. Сосын ғой, оларда ауру түрі көп» деп отырған жанның әңгімесін естіп күлкім келді. «Соның ар жақ, бергі жағы екендігімізбен шаруамыз жоқ». Барып келгем жоқ. Бірақ әжетхананы қолданудың әдебін үйрене алмасақ, сол елдің кебін киетін кезіміз алыс емес. Халқымыздың саны аздығы ұстап тұр, әйтпесе, Үндістан сияқты халық санымыз 1,2 миллиардтан астам болып, оның жартысы далаға «шаптырып» кете берсе, аурудың көбейгенін сонда көрер едік.
«Театрдағы мәдениет – киімілгіштен басталады» дейтіні сияқты, кез келген елді мәдениеті – әжетханадан басталады. Әжетханасы таза қаланы (қоғамдық орындарда бар болса, егер) мәдениетті қала деуге болады. Ал ол мәдениетті қалыптастыратын тек әкім ғана емес. Оған әркім мүдделі. Бала-шағамызға таза қала, таза табиғат қалдырып кеткіміз келсе, оған әжетханаға қалай кіріп-шығу керектігін үйретіп кетуге де міндеттіміз.
Әмина Уалиханқызы,