Соңғы жылдары Қазақстанда «таптырмас ұсыныс» және «жылдам табыс» дегенді алға тартып, азаматтарды алдап түсіру жағдайлары жиі тіркелуде.
ERNUR.KZ. Қаскүнемдер адамдардың аса көп күш жұмсамай қаржылық жағдайларын жақсартқылары келетіндерін пайдаланып, жеңіл табыс көзіне кенелуге, кепілді инвестицияларға немесе кредит алуға көмек беруге уәде береді.
Алайда, «судың сұрауы бар» демекші, мұның артында жақсы ойластырылған схемалар тұр, олар қыруар қаржылық шығындарға, тіпті қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
FinGramota.kz «тез баюдың» кеңінен таралған тәсілдерін қарастырып, өзіңді және өз жақындарыңызды қалайша қорғау керектігі жөнінде айтып береді.
Кредит алуға көмектесетін «делдалсымақтар: көмекке уәде беріп, ақшаңызды ұрлайды
Мұндай «делдалсымақтар» тіпті адамның кредиттік тарихы жаман болып, шоттары бұғатталған болса да ешбір «тексерулерсіз және бас тартусыз» кредит ресімдеп беруді ұсынады.
Алайда, олар өз «қызметтері» үшін «тіркеуді», «белсендіруді» немесе «растауды» төлеуді талап етеді. Ақша қолдарына түсе сала, олар іздерін жоғалтады.
Кейбір жағдайларда кредит ресімдеу сыңайымен алаяқтар дербес деректерді қолға түсіреді және оларды өздерінің қылмыстық мақсаттарына қолданады.
Қаржылық көрсетілетін қызметтерге лицензиялары жоқ жалған микроқаржы ұйымдары ерекше қауіпті.
Құқықтық статистика комитетінің деректері бойынша 2024 жылғы қаңтар-шілде айлары кезеңінде Қазақстандағы интернет-алаяқтықтың 15%-ға жуығы заңсыз онлайн-қарыздар ресімдеумен байланысты.
«Картаны жалға беру»: соңы сотпен аяқталатын жеңіл табыс
Жаңа схемалардың бір түрі «картаны жалға беру» немесе «таныстарға көмек үшін» шот ашу ұсыну.
Шын мәнісінде мұндай шоттар арқылы қылмыскерлер ұрланған ақшаны өткізеді, ал картаның иесі қаржылық қылмыстың сыбайласына айналады.
Картаны беру — бұның өзі заңды бұзу болып табылады. Қазақстанда
мұндай қылмыс үшін ҚР ҚК-нің 232-1-бабы қолданылады, ол банк деректерін немесе карталарын заңсыз бергені үшін мүлкі тәркіленіп, айыппұл салудан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Мысал: аңғал азамат «ақша аудару үшін» картасын басқаға берген, ақырында қылмыстық кірістерді жылыстату ісінің қатысушысы болды.
Фишинг және «сілтеме - қақпандар»
Фишинг — деректер ұрлаудың кеңінен тараған тәсілі. Алаяқтар «сыйлықтар», «сауалнамалар» немесе «төлемдерге» уәде беретін жалған сайттар құрады. Картаның деректерін енгізсеңіз немесе сілтеме бойынша өтсеңіз болды, қаскүнемдер әпсәтте банктік шоттарға толығымен қол жеткізеді.
Кейбір сілтемелер құрылғыға вирус орнатады, ол алаяқтарға хат алмасу үшін, байланыстарға және құжаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2025 жылдың сегіз айында Қазақстанда интернет-алаяқтықтың 14 000 жағдайы тіркеліп, залал 6 млрд теңгеден асқан.
Инвестициялық пирамидалар: жаңа ораудағы ескі схема
«Тәуекелі жоқ жоғары кіріске» уәде беру – қаржы пирамидасының басты белгісі. Бастапқыда оның мүшелері нақты пайдаға сену үшін шағын төлемдер алады, бірақ уақыт өте келе ұйымдастырушылар ақшамен бірге жоғалады.
Соңғы мысал – Қазақстанда және көрші елдерде жұмыс істеген «Amir Capital» жалған қоры.
Ол криптовалюта саудасы мен инвестициялардан айына 10%-ға дейін кіріс алуға уәде берді. Пирамидаға 40-тан астам адам тартылды, шығын шамамен 10 млн долларды құрады.
Жалған мемлекеттік қызметшілер және жалған бағдарлама операторлары
Алаяқтар өздерін көп жағдайда мемлекеттік органдардың өкілдері ретінде таныстырады және «төлемдер», «субсидиялар» немесе «өтемақылар» төлеуге уәде етеді. Қаражат алу үшін сілтеме бойынша өтуді, сауалнама толтыруды немесе «мемлекеттік бажды» төлеуді сұрайды.
Мысалы, өткен жылы алаяқтар ҚР Еңбек министрлігінің атынан жарнама жіберіп, 100 000 теңге өтемақы төлеуге уәде берді.
Азаматтар жалған сайтқа кіріп, жеке деректерін енгізіп, қаражат ұрлаудың құрбаны болды.