Көшеден "чикен" жеймін деп "у" жеп жүргеніңізді білесіз бе?

0
3 433

Сол көшеде сатылып жатқан "чикеннің" қанша рет отқа түскен майға пісірілгенін тек қазан басында тұрғанға ғана мәлім. Ал оны жеп отырған адам өзінің "у" қабылдап жатқанын біле ме?


Көшеден

Қазақ тағамтану академиясының президенті, тағамтанушы академик Төрегелді Шарманов көшеде пісірілетін тағамдардың, әсіресе, бір рет пайдаланылған өсімдік майына екінші рет ештеңе пісіруге болмайтынын, одан адам ағзасына келетін қауіптің өте күшті екенін айтып жүр. Ғылыми тұрғыда зерттелген бұл жайды Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы да айтып дабыл қағуда.

Өсімдік майы демекші, соңғы кезде халықтың майға қуырып пісірілетін тауық етіне ("чикен") үйір болғаны шындық. Әрине, дәмді ас жегенді кім қаламайды дерсіз?! Дегенмен, соны сатып алғанда "осы қалай дайындалды?" деген сұрақ мидың бір бұрышында жылт еткенмен, әрі қарай ойланып шешім қабылдауға аңсары құрғыр дес бермейді-ақ. Сол көшеде сатылып жатқан "чикеннің" қанша рет отқа түскен майға пісірілгенін тек қазан басында тұрғанға ғана мәлім. Ал оны жеп отырған адам өзінің "у" қабылдап жатқанын біле ме?

Шымкентте көп қабатты тұрғын үйдің 1-2-қабаттарында орналасқан мұндай дәмханалар мен қоғамдық тамақтану орындары жетерлік. Жоғарыда аталған жайттарға байланысты ERNUR.KZ редакциясының тілшілері өткізген шағын зерттеу жұмыстары көңіл қуантпады.

Соңғы кезде қалада тауық етінен тағам әзірлейтін нысандар көптеп ашылып жатыр. Алайда, ондағы тазалық нормалары, өрт қауіпсіздік шаралары тиісті талапқа сай емес екендігі аңғарылды. Бірақ, ол сатып алушылардың қаперіне кіріп шықпайтын сияқты. Ұзынсонар кезекте тұрып сатып алып әкетіп жатыр.

Алғаш бас сұққан дәмханамыз «Сезім» гриль орталығы. Өзін әкімші Алма Елемесова деп таныстырған азаматшаның айтуынша, бұл жерді өрт сөндіру қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологоялық орталық қызметкерлері жарты жылда бір рет тексеруден өткізіп тұратын көрінеді. Тауық өнімдерін күнделікті «Алель» фермасы жеткізеді. Бірақ тазалық, санитарлық анықтамаларын сұрағанымызда, бізге көрсете алмады.

Екінші кезектегі дәмхана - «Чикен на севере». Ол жерде, тіпті, қарапайым тазалық нормалары сақталмағаны бізді таң қалдырды. Қажетті кұжат, анықтамалар туралы сұрағанымыз сол-ақ екен, әкімші Қалия есімді келіншек: «Барлық документтерді бастық өзі алып жүреді. Барлық құжат та бар, рұқсат та бар, тексеру келсе өзі көрсетеді қазір қалада жоқ, түс қайта келіп қалатын шығар. Біз тауық етін «Алаш» базарынан күнде таңертең аламыз. Кешеден қалған еттер болмайды», - деп жауап қатты.

Осы мәселе бойынша дәмханалар орналасқан үйдің тұрғындарынан да сұқбат алдық.

-Таңғы сағат 4-5-ке дейін шулап жатады. Күйіп кеткен майдың иісі мазамызды алды. Терезе аша алмаймыз, ашсақ болды, майдың иісі жүректі алады. Соның салдарынан жыл бойы үйімізден тарақан, қоңыз секілді жәндіктер кетпейді. Солармен алысып келе жатқаныма 3 жылдай болып қалды, - дейді дәмхана орналасқан көпқабатты үйдің тұрғыны Гүлжанат ҚАРАҚҰЛОВА.

- Алдымыз жаз. Енді тіпті иіс одан әрі өршиін деп тұр ғой. Сол иіс бар, пәтерімізге келетін ыстық ауа бар, соның кесірінен үйімізде тарақан кетпейтін болды, - деді сауда нысаны орналасқан үйдің жоғарғы қабатында тұратын Айгүл САПАРХАН өз кезегінде.

Бір қызығы, тұрғындардың ешбірі осы жайсыздықтарды айтып әкімдікке не болмаса үй комитеті төрағасына шағымданбаған. Не себепті шағым түсірмегенін өздері де анықтап түсіндіріп бере алмады. Осыған қарап халықтың соншалық қамсыз екендігіне күйініп-ақ кеткендейсіз.

Біз де байқадық, тұрғын үйге кіре бергеннен-ақ күйдірілген майдың жағымсыз иісі қолқаны қауып тұр. Бірақ аталған үйдің тұрғындары бұған әбден үйреніп, еттері өліп кеткен тәрізді.

Осындайда "елдің мұң-мұқтажын айтып, дабыл қағатын халық қалаулылары қайда қарап отыр?" деген де сөз орамы тіл ұшына байлана кететін болды емес пе?! Иә, бұл жайында халық қалаулысының бірінен де пікірін тыңдадық.

- Төрегелді Шарманов ағамыз айтқандай, екінші рет күйдірілген майға піскен ас - умен тең. Алайда, мұндай орындардағы тағам дайындау ережелері талапқа сай ма, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Сонымен қатар, тағы бір жайтты баса атап өткім келеді. Көпқабатты үйлердің астында орналасқан тамақтану орындарында өрт шығатын болса, оны сөндіргенмен жалын тиген үйдің құрылымы, құрылыс материалдары алғашқы күйін жоғалтады. Яғни, үй құрылымының беріктігі бұрынғыдай нормаға сәйкес болмайды. Бұл ерекше атап өтетін жайт. Мәселенің тағы бір жағы - жол бойында даярланып жатқан тағамдардың санитарлық нормаға сәйкес болмайтындығы. Тағамдар аяқжолдың бойында дайындалып жатыр, ол жерден күніне мыңдаған адам өтеді. Шаң-тозаң көтеріліп, түрлі бактериялар ашық түрде дайындалып жатқан тағам үстіне қонады. Осыдан барып өткір жұқпалы аурулар туындамасына кім кепіл?!, - деп екі бірдей мәселеге қатысты атап өтті қалалық мәслихат депутаты Ерболат Нұрмаханов.

Бір күнде бір ыдыстағы майға бірнеше рет қуырылатын тауық еттерінің дайындалу ережесіне байланысты біз тәжірибелі аспаз Наталья Савконың да пікірін тыңдадық:

- Өсімдік майына бір рет қыздырған соң оны екінші мәрте қолдануға болмайды. Бір рет пайдаланылған майда канцерогендер пайда болады. Ол адам ағзасына өте қауіпті. Бұрын бір рет қолданылған майдың үстіне қолданылмаған майды араластырып қолдануға да болмайды. Бұл тағам дайындауда жіберілетін үлкен қателік. Өсімдік майын тағам дайындау кезінде сәл ғана қыздырып пайдалау керек,- деді ол.


Ал өрт қауіпсіздігіне байланысты тиісті орындардан бұл жайт бойынша сұрағанымызда:

- Тәуекел дәрежесі төмен объектілерді тұрғындардан немесе тұтынушылардан арыз-шағым түспейінше біз өздігімізден тексере алмаймыз, - деп жауап берді ОҚО Төтенше Жағдайлар Департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Жунусов Нұрғали Сырлыбайұлы.

Көпқабатты үйлердің астында орналасқан сауда және қоғамдық тамақтану нысандарының өрт қауіпсіздігі де өзекті екенін өзімізден де, көрші елдегі оқиғалардан көріп жүрміз. Біз бас сұққан орындардың бірде-бірінен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құралдарды, оқыс жағдайда ол жерден шығатын қосалқы жолдарды көрсететін сызбаларды байқамадық. Ал, санасын тұрмыс билеген тұрғындарды ол мәселе қызықтырмайтын секілді.

"Ауру - астан, дау - қарындастан". Мұндай мәтелді суырып салып айтатын халықпыз. Бірақ сол астан келіп жатқан аурудың алдын алу үшін не істеп жатырмыз? Кеше ғана "балмұздақтан улану" оқиғасы да осындай санитарлық нормаларды сақтамағаннан келіп бұрқ ете қалды емес пе? Егер құймалы балмұздақ арнайы тексеруден өтіп, барлық талапқа сай ұсынылатын болса, сонша адам аурухана төсегінен бір-ақ шықпас еді.

Әлде, тексеру жүргізіп, талап ету үшін ойын-сауық орталығы өртеніп, балмұздақ немесе тағы бір көшеде дайындалған асты жеймін деп уланудан адам өлімі орын алу керек пе? Әрине, ондайдың бетін әрі қылсын. Дегенмен, "жаман айтпай жақсы жоқ", қауіптің алдын алмайынша, мұндай келеңсіздіктердің болғаны болған. Сол сияқты, халық та көшеде ұсынғанды сатып алып жей бермей, сатушыдан талап етіп, оның қалай дайындалып жатқанына мән бере жүрсе деген ниет қой біздікі.

ERNUR.KZ