Түркістан облысында ауыр жүк көліктерін автоматты бақылау жүйесі енгізіліп жатыр

0
78

Арыс қаласына екі, Сайрам ауданына үш, Ордабасы және Сауран аудандарына бір-бірден АӨЖ жүйесі орнатылуы тиіс.


Түркістан облысында ауыр жүк көліктерін автоматты бақылау жүйесі енгізіліп жатыр

Түркістан облысында ауыр жүк көліктерін автоматты бақылау жүйесі енгізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жол төсемінің сапасын сақтау, көлік саласындағы заң бұзушылықтарды азайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында Түркістан облысында автоматтандырылған өлшеу және салмақ бақылау жүйесі (АӨЖ) кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы және жол инфрақұрылымын сақтау жөніндегі стратегиялық міндеттер аясында жүзеге асырылуда.


Жоспарға сәйкес, Түркістан облысының жеті жеріне – Арыс қаласына екі, Сайрам ауданына үш, Ордабасы және Сауран аудандарына бір-бірден АӨЖ жүйесі орнатылуы тиіс.


Бүгінгі күні Арыс қаласына қарасты облыстық маңызы бар екі автожол учаскесіне автоматтандырылған өлшеу жүйелері толық орнатылып, іске қосылды. Атап айтқанда, бұл КХ-8 «Шардара–Арыс–Темірлан–М-32» автомобиль жолының 208-шақырымы және КХ-92 «Арыс–Монтайтас» автомобиль жолының 38-шақырымы. Жүйе арқылы жолмен жүретін ауыр жүк көліктерінің салмағы нақты және автоматты түрде өлшенеді. Белгіленген шектен асып кеткен жағдайда, заң бұзушылық туралы акт автоматты түрде тіркеледі және тиісті әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.


Жыл соңына дейін тағы үш нүкте іске қосылады. Сайрам ауданының аумағында үш АӨЖ орнатылып, толық іске қосылады деп жоспарланған. Жүйе толық пайдалануға берілген жағдайда өңірдегі көлік бақылау жұмыстары жаңа деңгейге көтеріледі.


Бұл жүйенің артықшылықтары көп. Ең бастысы – көлік инспекторларының жұмыс жүктемесі азаяды, адам факторы шектеледі, жол жамылғысының қызмет ету мерзімі артады және жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға бөлінетін мемлекеттік шығындар едәуір қысқарады.


Жаңа жүйе заң жүзінде бекітілген және сертификатталған. 2025 жылдың ақпан айында ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінен интеграциядан өтіп, пилоттық режимде іске қосылды. Сонымен қатар автоматтандырылған жүйе ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «Техникалық реттеу және метрология комитеті» мекемесімен және «Астаналық таразы зауытының» тексеру зертханасында толық тексеруден өткен.


АӨЖ Көлік министрлігі бекіткен Бірыңғай талаптарға сәйкес жұмыс істейді. Жүйе ақпараттық қауіпсіздік бойынша аттестациядан өткен және Цифрландыру министрлігінің рұқсатымен мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған.


Заң бұзушылық автоматты түрде тіркеледі. АӨЖ арқылы тіркелген салмақтық заң бұзушылықтар «Жол және салмақ бақылауы» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жүргізетін Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне (ӘҚБТ) енгізіледі. Осылайша айыппұлдар адам араласуынсыз, тікелей электронды түрде салынады.


ҚР Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығына сәйкес, АӨЖ жүйесі орнатылған жол учаскелеріне 5.42 «Фото-бейне тіркеу» ақпараттық жол белгілері қойылады. Дегенмен, егер жүйе стационарлық сертификатталған техникалық құралдармен жұмыс істесе, бұл белгіні орнату міндетті емес.


Жүк тасымалдаумен айналысатын заңды немесе жеке тұлғалар инертті материалдарды тиеу орны (карьер, қойма) берген жүкқұжат (накладной) негізінде жүкті тасымалдауға міндетті. Егер АӨЖ жүйесі нақты салмақтың осы құжатта көрсетілген салмақтан артық екенін тіркесе, тасымалдаушы бұл жағдайға байланысты сотқа шағым түсіруге құқылы.


Автоматтандырылған жүйе жүк көліктерінің жүктемесін нақты өлшейді. Атап айтқанда, алдыңғы өсіне – 10 тонна, ортанғы және артқы өстерге – 8 тонна, ал тіркеменің өстеріне – 9 тоннаға дейінгі шекті салмақ белгіленген.


Автоматтандырылған өлшеу және салмақ бақылау жүйесі – жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, жол инфрақұрылымының ұзақ мерзімділігін сақтаудың және көлік саласындағы заң бұзушылықтарды болдырмаудың тиімді құралы. Мұндай технологиялық шешімдер тек Түркістан облысында ғана емес, болашақта еліміздің өзге өңірлерінде де кеңінен қолданысқа енгізілуі тиіс. Бұл – заманауи, ашық және әділ көлік бақылау жүйесіне қадам.

Бөлісу