​Шымкентте 1500 орындық жаңа «Келешек мектебі» оқушыларды қабылдады

0
484


​Шымкентте 1500 орындық жаңа «Келешек мектебі» оқушыларды қабылдады

ERNUR.KZ. 1 қыркүйек – Білім күні Шымкент қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында №151 жалпы орта білім беретін мектеп салтанатты түрде ашылды. Жаңа білім ошағы Таскен шағын ауданында орналасқан. Мектептің ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, ұстаздар мен оқушыларды айтулы мерекемен құттықтады.


Әкім өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан «Келешек мектептері» жобасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл мектептер заманауи талаптарға сай эргономикалық білім кеңістігін ұсынады, ал техникалық жабдықталуы типтік жобаларға қарағанда 4 есеге артық. Мұның барлығы сапалы әрі қауіпсіз білім беруге жағдай жасайды.

1500 орындық жаңа мектеп 60 оқу кабинетімен, интерактивті панельдермен жабдықталған пәндік сыныптармен, STEM және IT-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, шеберханалармен, үш спорт залымен, кітапханамен, коворкинг аймақтарымен, 375 орынды асханамен және медициналық пунктпен қамтылған. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделген сыныптар мен қолайлы орта қарастырылған. Мектеп толыққанды қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған.

Айта кетейік, бүгін қалада тағы бір маңызды нысан – реновация аясында толық жөндеуден өткен №9 IT мектеп-лицейі пайдалануға берілді.

Соңғы жылдары Шымкентте Президент тапсырмасына сәйкес білім инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, заманауи үлгідегі екі Оқушылар сарайы салынып, бүгінде қалада олардың саны үшеуге жетті. Соның нәтижесінде оқушылардың 95 пайызы қосымша біліммен қамтылды.

Жалпы, 2023 жылы Шымкентте ұлттық жоба аясында 12 мектептің құрылысы басталса, бұған дейін 11 мектеп пайдалануға берілген. Бүгін олардың қатары тағы бір жаңа білім ошағымен толықты.

Биылғы оқу жылы Шымкентте 1352 білім беру мекемесінде 400 мыңнан астам оқушымен басталды. Оның ішінде 28 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Барлық оқушылар оқулықтармен толық қамтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар 100 пайыз мектеп формасымен және ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр.