Маманмен сұхбат: "Шымкентте саябақта серуендеуге уақытпен шектеу қойылған жоқ!"

0
1 611

Мегаполистегі карантин режиміне қатысты департамент басшысы орынбасары бірқатар жағдайлар туралы түсіндіріп берді.


Маманмен сұхбат:

Мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің Қаулысына сәйкес 1 апта ішінде вирус жұқтыру өсімі 7 пайыздан асса, қоғамдық тамақтану орындары мен діни орындар, спорттық нысандардың ашылуына рұқсат берілмеуі тиіс болатын. Бүгін ғана ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов Қазақстандағы вирус қаупі өршіп тұрған 7 өңірді атап, ол тізімге Шымкент қаласы да енген еді.

Аталған тізімдегі өңірлердер коронавирус жұқтырғандардың өсім көрсеткіші 5 пайызды құраған.


Төтенше жағдай тоқтатылса да қауіпті індетті жұқтырғандар саны соңғы күндері өршіп кеткендіктен Шымқаладағы карантин режимі 8 маусымға дейін ұзартылғаны белгілі. Белгілі бір нысанадардың ғана санитарлық талапты сақтай отыра жұмыс істеуіне рұқсат та берілген болатын. Дегенмен, осынау нысандардың кейбірінің ашылмауына байланысты қала тұрғындарынан да сауалдар көбейді.


Тұрғындардың сауалдарына байланысты ERNUR.KZ тілшісі ҚР Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Қосалиев Алмат Ералыұлымен сұхбаттасқан болатын.


- Елімізде төтенше жағдай аяқталса да бірқатар өңірде карантин режимі сақталуда. Карантин талаптарының бірі – адамдар медициналық маскамен жүруге, топтасып жиналмауға, арақашықтық сақтауға міндеттелген. Дегенмен, бұл талаптарды тұрғындардың барлығы толық сақтап жүрген жоқ. Мұны бақылап жатқандар бар ма? Режимді бұзғандарға қандай шара қолданылады?


- Карантиндік шараларды орындау біздің органға ғана тиесілі емес. Оның барлығы, санитарлық шараларды орындау үшін әкімдіктерге жүктеліп, міндеттелген. Білесіздер, өзіміздің адамдарымыз санаулы ғана. Қазір көшеде рейдтік тәртіппен 40 адамды ғана бөлдік. Әкімдік тарапынан мониторингтік топ құрылған. Ал, рейдтік шараларды өткізу, қамтамасыз ету объектілерде түгелдей біздің органның мамандарын тарта отырып, әкімдіке жүктелген болатын. Біз қолымыздан келгенше оның барлығын қадағалаудамыз. 40 шақты ғана маманымызға миллионды қала оңай емес. Басқа органдар да жұмылып, жұмыс жасау керек. Әкімдікте, штабта бұл мәселе күнделікті айтылады.


- Қазір қалада қоғамдық көліктер жүріп жатыр. Бірақ көріп жүргеніміздей, автобустарда адам лық толы әрі маскасыз жүргендер де жеткілікті. Жалпы, қоғамдық көліктердің жүру тәртібі, ондағы сантиралық талаптар қандай? Карантин кезінде жолаушылар саны қанша адамнан артық болмауы тиіс?


- Мысалы, 70 орынға арналған автобус болса, 70 адамнан артық адам отырмау қажет. Одан көп болса, ол заң бұзушылық болып табылады. Бірақ күнделікті бұл мәселе жөнінде жұмыс жасап жатырмыз. Автопарктермен тығыз жұмыс жасап, дезинфекция жасауын қадағалап жатырмыз. Ал, автобустарға қанша адам мініп, түсіп жатқанын тексеруге әлі қолымыз жетпеді. Өйткені, қайта басталған объектілер көп. Өткен жұмадан бастап, ескерту беріп жүрміз.


- Енді, сауда орындарына тоқталсақ. Қазір базарлар қалыпты жағдайға енген. Таңғы 10:00 мен кешкі 17:00 аралығында жұмыс жасап жатыр. Дегенмен, санитарлық талап сақталуы шарт еді. Сондай базарлардың бірімен, нақтырақ айтқанда, «Қырғы базардың» жағдайымен танысып қайтқан болатынбыз. Қақпа алдында күзетші келушілерге маска тағуды ескертіп, кіргізіп жатыр. Дегенмен, базар ішінде маскасыз жүрген сатып алушылар мен сатушылар да баршылық. Көпшілігінің маскасы иегінде тұр. Алайда, оларды тексеріп, тәртіпке бағынбағандарға ескерту жасап жүргендерді кезіктірмедік. Бұл турасында не айтасыз?


- Бұл халықтың да сана-сезіміне байланысты нәрсе. Біз қанша жерден қадағалағанның өзінде істемеймін деген адам – істемеуге жол табады. Бірақ, базар және өзге бизнес орындар өзінің объектісінде болып жатқанын базар басшылығы бақылауы керек. Объектіге кірді ме, клиенттері мен қызметкерлердің қауіпсіздігін базар әкімшілігі қадағалау керек. Бұл мәселені базар басшылығы шешуі керек.


- Қазір қалада демалыс орындары, саябақтар ашылды. Тұрғындар жаппай саябақтарға ағылып жатыр. Мұндағы санитарлық жұмыстары қалай болады? Қауіпті емес пе? Саябақтар белгілі бір уақыт аралығында ғана ашық бола ма?


- Саябақтарға келетін болсақ, қазір жұмыс уақыты белгіленбеген. Бірақ оның өзіндік талаптары бар. 2-3 адамнан артық топтасып жүрмеуге, арақашықтық сақтап, медициналық маскамен жүруге және шектеусіз серуендеп жүруге рұқсат берілген.


- Өзіңіз білесіз, Шымкенттегі А.Асқаров атындағы дендросаябаққа күнде таңертең қала тұрғындар жаттығу жасап не болмаса серуенге шығатын. Ал қазір ондағы уақыт шектеулі. Яғни, таңғы 10:00 мен кешкі 18:00- ге дейін ғана жүруге рұқсат беріпті. Қала тұрғындарының бірі бізге осындай шағым айтты. Күннің ысуына байланысты жасы үлкен адамдар бұл уақытта жүре алмайды. Аталмыш парктің бұл шектеуін қалай түсіндіресіз?


- Енді, бұл дендросаябақтың өз шешімі шығар. Өзіміздің Қаулы арқылы ешқандай саябақтарға уақыт шектеуін қойған жоқпыз. Уақыт шектеуі көбіне бизнес нысандарына қатысты.


- Қалаға кіретін тұстардағы блок-бекеттерде жағдай қалай? Демалыс күндері қала аумағынан өзге өңірге шықтық. Блок-бекетте тек көліктің рұқсаты бар-жоғы ғана тексерілді. Полиция қызметкерлері ғана тұр. Қала аумағына кіргенде де дәл осы жағдай болды. Қалаға кіріп жатқандардың дене қызуын тексеріп жатқанын көзіміз шалмады. Қалаға кіру талабы жеңілдетілген бе?


- Негізінде, медицина қызметкерлері мен полиция қызметкерлері тұру қажет. Міндетті түрде дене қызуы өлшенеді. Блок-посттардың жұмысы бойынша, біздің Қаулыда толық көрсетілген. Блок-посттарды тексерген кезімізде, ескертулер болды. Жауапты органдар бұл мәселе жөнінде жұмыс жасады.


- ДДҰ-ы 2020 жылдың наурыз айында "Адамдардың өзін-өзі оқшаулауы – вирустың таралуын тоқтатуды бәсеңдетпейді, бұл вирусты жеңуге кепілдік бермейді"деген мәлімдеме жасады. Бұл жөнінде не дейсіз? Коронавирусты жеңу мақсатында Шымкент қаласында дүниежүзілік тәжірибеге қаншалықты жүгініп, жұмыс жасалып жатыр?


- Өзі-өзі оқшаулау көмектеспеуі мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, вирус зерделенбеген. Түсініксіз вирус болып тұр. Сол үшін біздің еліміздегі эпидемиологтар қолдан келгенін жасап жатыр. Басқа елдерде болып жатқан жағдайларға анализ жасаймыз ғой. Қалай күресіп жатыр деген сияқты. Мысалы, Қытайдағы Ухань қаласында карантин жариялап, жанып тұрған қаланы 1 ай ішінде тоқтатып тастады. Сол сияқты біз де басқа елдерден тәжірибе аламыз. ВОЗ-да әртүрлі теориялар айтылады. Бірақ, кейде бір-біріне қарама-қайшы келетіндерді де кездестіруге болады. Бірде маска керек, бірде қажет емес дейді. Сол үшін, менің ойымша, бұл жер өзіміз шешуіміз керек сияқты. Сонда да карантин қажет. Өйткені, карантин болған жағдайда бір-біріне жұғып таралатын індетті, таралуын тоқтата аламыз. Оқшаулау болмағанда, барлығына бір мезетте жұғуы мүмкін. Ол кезде бізге медициналық орындар мен дәрігерлер де жетіспей, "катастрофа" сонда болады. Сол үшін, оқшаулау – қазіргі уақытта үрдіске айналу керек.


- Бізге тұрғындар, оқырмандар тарапынан өте көп сұрақ түседіі. Ең көп қойылатын сұрақ - Қоғамдық көліктер мен базарларда санитарлық талаптар толық сақталып жатқан жоқ. Неге мешіттер мен фитнес-орталықтардың, спорт алаңдарының да өз жұмысын жалғастыруына рұқсат бермейді?


- Айтып тұрмын ғой, қазір қолдан келгенше шектеулер қойып отырмыз. Мысалы, мешіт, өздеріңіз білесіздер адам көп шоғырланатын жер. Одан басқа бір-біріне жақын тұрып, дистанция сақтамайды. Бұл жерде «временной интервал» дейді. Мысалы, неғұрлым адам бір-бірімен қатынаста көп болатын болса, соғұрлым вирустың жұғу қаупі үлкен. Сол үшін діни ұйымдар мен діни обектілер біз үшін үлкен тәуекел. Автобустарда қауіп жоқ деп айтпаймыз. Ол да қауіп төндіретін объектілердің бірі. Бірақ, адамдар ары қарай тіршілігін жалғастыру үшін осындай тәуекелге барып тұрмыз.


- Тұрғындар сұраған бұл нысандар қашан ашылады?


- Көріп тұрсыздар, қаладағы эпидемиологиядық жағдай күнделікті өзгеріп жатыр. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, 1 аптаның ішінде індет жұқтырудың өсімі 7 пайыздан асып кететін болса, мұндай объектілерді ашуға біздің құқымыз жоқ. Егер, жағдай тұрақты, 7 пайыздан төмен болса, бұл объектілерді ашамыз.

Қазіргі қаладағы соңғы жағдай – 30 пайызды құрап отыр. Қаладағы жағдай күрделі. Өзге өңірлерде, 30 адамға дейін қабылдайтын тамақтану орындары ашылған. Ал, біз эпидемиологиялық жағдайға байланысты, штабпен ақылдасып жатырмыз. Фитнес, спорт орталықтары да осындай топқа жатады. Халық көп жиналады, қарым-қатынас үлкен. Сондықтан, олардың қазір ашылуына рұқсат жоқ. Қазір негізінен қандай обектілер ашылып жатыр? Осыған мән берейік. Қазіргі уақытта адамдардың өміріне шынымен де қажетті нысандар іске қосылуда. Фитнеске адам 1,2 ай бармаса адам өміріне ешқандай әсер етпейді ғой. Саябақтар ашылды. Сонды жүруге немесе үйінде жаттығуына болады.


- Карантиннің тезірек аяқталуын күтіп, тағатсыздып жүрген мегаполис тұрғындарына не айтасыз?


- Көшеге қазір шықсаңыз, тұрғындар карантин екенін ұмытып кеткен. Бірақ бәріміз жұмылып, өзіміздің сана-сезімімізбен түсінбейінше, бұл індет тоқтамайды. Әр адам - өз отбасынан бастауы керек. Маска тағып, жеке гигиенаның тазалығын ұқыпты сақтап, жүрген жерде арақашықтық сақтай жүру керек. Осы уақытша әрі жаңа өмірге үйренетін болсақ, тез карантиннен шығып кетеміз. Ал, керісінше, бәрін ұмытса, карантин талаптары қайта күшейеді. Егер, бізде індет жұқтрығандар саны тоқтамаса, карантин де күшейеді. Қаланы жауып, шектеу шараларын енгізуіміз мүмкін. Сондықтан қала тұрғындарына тек қажет болған жағдайда ғана үйден шығуларын сұраймыз.

- Сұхбатыңызға рахмет.