​Отбасының цифрлық картасы: қазақстандықтардың әл-ауқаты қалай бағаланады?

0
71

Отбасының цифрлық картасы аталған көрсеткіштердің барлығын ай сайын автоматты түрде жаңартып отырады.


​Отбасының цифрлық картасы: қазақстандықтардың әл-ауқаты қалай бағаланады?

фото: inbusiness.kz

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасының (ОЦК) жұмыс істеу қағидаттарын түсіндіруді жалғастыруда.

Еске сала кетейік, бұл – түрлі мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесіндегі деректерді автоматты түрде біріктіріп, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын әділ бағалауға мүмкіндік беретін талдамалық жүйе.

Жүйенің алгоритмдері барынша икемді етіп әзірленген: қарапайым азаматтардың мүдделері ескеріліп, күнделікті ұсақ шығындар мен ескі мүліктің отбасының тұрмыс деңгейін негізсіз жоғарылатып көрсетуіне жол берілмейді.

Жүйе азаматтардың әл-ауқатын бағалау кезінде нені назарға алады?

Мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер. Бюджеттен төленетін жәрдемақылар мен төлемдер, алимент, тұрғын үй көмегі, бала тууына немесе асырап алуына байланысты берілетін біржолғы төлемдер, сондай-ақ қайырымдылық қаражаты отбасының табысы ретінде қарастырылмайды.

Апатты, тозығы жеткен немесе шағын тұрғын үй. Отбасының жеке баспанасы болмаған жағдайда немесе шағын пәтерде тұрса жүйе әл-ауқат деңгейін бағалау үшін есептелетін балды төмендетеді. Апатты деп танылған және бұзуға жататын үйлер есепке мүлде алынбайды. Ал ескі немесе тозығы жеткен тұрғын үйлердің ауданы балл есептеу кезінде автоматты түрде азайтылады.

Ескі мүлік пен техника. Пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан жеңіл автокөліктер, тракторлар, жүк көліктері мен комбайндардың құны нөлге теңестіріледі. Яғни олар есептеу жүйесінен толығымен алынып тасталады және отбасының жалпы бағалау нәтижесіне әсер етпейді.

Шағын жер учаскелері мен үй іргесіндегі шаруашылық. Жеке меншіктегі шағын жер учаскелері, бақша алқаптары және қысқа мерзімді пайдалануға берілген жерлер отбасының әл-ауқат деңгейін бағалау кезінде қосымша балл бермейді. Сондай-ақ аз ғана мал мен құс ұсталатын шағын үй шаруашылығы да жалпы бағалауға әсер етпейді.

Кредиттік міндеттемелер мен қарыздар. Қолданыстағы ипотекалық кредиттің болуы отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде жалпы балды төмендетеді. Өйткені жүйе мұндай міндеттеменің отбасылық бюджетке тұрақты қаржылық салмақ түсіретінін ескереді. Кредит бойынша ұзақ уақытқа созылған мерзімі өткен берешек те осылай есепке алынады. Бұл отбасының нақты қаржылық қиындықтарын бағалауға мүмкіндік береді. Ал шағын қарыздар, төлемдердің қысқа мерзімге кешіктірілуі және жеке автокөлікті кепілге қойып ломбардтан алынған қарыздар бағалау нәтижесіне әсер етпейді.

Жеке қаражат пен жинақ. Ағымдағы шоттарда, банк карталарында немесе депозиттерде шағын көлемдегі қаражаттың болуы қалыпты жағдай ретінде қарастырылады және отбасының әл-ауқатына берілетін бағаға әсер етпейді. Бұдан бөлек, «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй құрылыс жинақтары да есепке алынбайды.

Коммерциялық емес қызмет. Егер азамат қандай да бір компанияда жалдамалы басшы болып жұмыс істесе, бірақ оның ірі үлесіне иелік етпесе немесе қоғамдық қорды (ҮЕҰ) басқарса, бұл жағдай отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде ескерілмейді.

Қорытынды мәртебені айқындау кезінде жүйе отбасының әлеуметтік тұрақтылығына әсер ететін ерекше өмірлік жағдайларды да назарға алады. Атап айтқанда, отбасы мүшелерінің саны, балалар мен қарт адамдардың болуы және олардың жасы ескеріледі.

Егер отбасы мүшелерінің арасында мүгедектігі бар немесе ауыр созылмалы ауруға байланысты диспансерлік есепте тұрған адам болса, жүйе автоматты түрде төмендету коэффициенттерін қолданады. Себебі мұндай жағдайлар қосымша шығындарды қажет етеді. Осылайша, отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде тиісті балл төмендетіледі.

Енді жоғары табыс пен қаржылық дербестікті көрсететін өлшемдерге тоқталайық.

Жоғары табыс. Әл-ауқат деңгейін бағалау шкаласы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда үш күнкөріс минимумынан басталады. Табыс осы межеден неғұрлым жоғары болса, отбасының әл-ауқат деңгейі де соғұрлым жоғары бағаланады.

Қымбат көлік құралдары. Бұған бағасы жоғары автокөліктер, сондай-ақ отбасының меншігіндегі пайдалану мерзімі 5 жылдан аспайтын коммерциялық көлік құралдары (жүк көліктері мен автобустар) жатады.

Бірнеше жылжымайтын мүлік нысанының болуы. Бірнеше пәтерге немесе тұрғын үйге, сондай-ақ дүкендерге, сауда үйлері мен дәріханаларға иелік ету жоғары әл-ауқат көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады.

Бағалау барынша әділ болу үшін жүйе жылжымайтын мүлік пен жер учаскелеріне қатысты арнайы «ауылдық коэффициентті» қолданады.

Мәселен, ауылдар мен кенттерде орналасқан тұрғын үйлер мен дүкендердің ауданы әл-ауқатты бағалау кезінде төмендетілген көрсеткішпен есептеледі. Яғни ауылдық жердегі үйдің ауданы дәл сондай ірі қалада орналасқан үйге қарағанда әлдеқайда төмен коэффициентпен бағаланады.

Ал ірі қалаларда жер учаскелерінің нарықтық құны жоғары болуына байланысты оларды бағалау кезінде жоғары коэффициентпен есептелінеді.

Отбасының цифрлық картасы аталған көрсеткіштердің барлығын ай сайын автоматты түрде жаңартып отырады. Бұл мемлекетке әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды дер кезінде анықтап, көмекті нақты қажеттілікке қарай бағыттауға мүмкіндік береді.