Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 5 бағытта жұмыс істейді

0
2 847

Басқарма 2018 жылдан бастап халыққа қызмет етіп келеді.


Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 5 бағытта жұмыс істейді

Жұмыспен қамту орталығы халыққа өз қызметін «open space» форматында көрсетеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Басқарма 2018 жылдан бастап халыққа қызмет етіп келеді. Көрсетілетін мемлекттік қызметтердің 26 түрі автоматтандырылған. Яғни, кез-келген адам егов порталы арқылы өзіне керек қызмет түрін электронды түрде ала алады. Оның ішіне азаматтық хал актілер бойынша қызметтер, әлеуметтік портал, жұмыссыз ретінде тіркелу, қандас мәртебесін беру және т.б. кіреді. Аталған қызметтерді қалай алуға болатыны жайында жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік желі парақшаларында қысқаша видеороликтер ретінде жарияланған. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығы халыққа өз қызметін «open space» форматында көрсетеді.
Бірінші бағыт бойынша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында шаралар жүзеге асырылады. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2021 жылы 21 842 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсету жоспарланып 5885 адамға шаралар көрсетілді.
Екінші бағыт, ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау. Мақсаты: мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мүгедек балаларға және Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген азаматтарға мемлекеттік көмек көрсетуді үйлестіру. Жыл басынан бері ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген 11 745 азаматқа ай сайын және бір реттік әлеуметтік көмектер көрсетілді. Оған қоса, ардагерлер мен зейнеткерлерді шипажайларда емдеу қызметтерімен қамтамасыз етеді. Олар қаламыздағы «Денсаулық», Түлкібас ауданындағы «Ақсу-жабағлы» және Тараз қаласындағы «Айша бибі» шипажайлар.
Сонымен қатар, басқарма мемлекеттік әлеуметтік көмек төлемдерін жүргізу бойынша қызмет атқарады. Міндеті - әлеуметтік қорғау сұрақтары бойынша халықты қабылдау, кеңес беру және атаулы әлеуметтік көмек бойынша қаржылық төлемдерін жүргізу. Шымкент қаласы бойынша жыл басынан бері 36 969 отбасыға яғни, 179 209 адамға 6,8млрд. ақшалай көмек берілді.
Үшінші бағыт, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету. Шымкент қаласы бойынша 37 046 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Қазіргі таңда мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге қол жеткізілді. Нәтижесінде әлеуметтік портал арқылы 2510 мүмкіндігі шектеулі азамат керекті құралдарын алды.
Одан бөлек, әлеуметтік такси мен инватакси мүмкіндігі шектеулі жандарды қалаған жерлеріне тегін апару қызметін көрсетуде. Денсаулығы мен жасына байланысты өзіне қызмет көрсету қабілеті төмен қарт кісілер мен мүгедек адамдарға арнайы үйде қызмет көрсету ұйымы бар.
Төртінші бағыт, азаматтық құқықтық актілерін тіркеу. Негізгі міндеттері азаматтық хал актілерін тіркеу, неке және отбасы қатынастарын реттейтін заңдарды және осы бағыттағы туындаған сұрақтар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар, тууды, әке болуды анықтауды, бала асырап алуды, неке қиюды, неке бұзуды және тегін өзгертуді тіркеу және т.б. қызметтерді атқарады. 2021 жылдың 1 тоқсаны бойынша 15 068 азаматтық хал актілері тіркелді.
Бесінші бағыт, қандастармен жұмыс жасау. Негізгі міндеті қандас мәртебесін беру, ұзарту және халықтың көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру. Басқармаға қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығы 2008 жылдан бастап қызмет көрсетіп келеді. Шымкент қаласына жыл басынан бері көшіп келген 340 отбасындағы 464 азаматқа қандас мәртебесі берілді.