Бүгінде автокөлік құралдары адам өмірінің маңызды бөлігіне айналды.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Қазір көлігі бар адамдар онсыз өз өмір сүруді елестете алмайтындай жағдайға жеткен, ал көлігі жоқтар оны сатып алу үшін барын сала ұмтылатыны анық. Дегенмен кейбіреулердің жыл сайын жаңа көлік міне алатындай жағдайы болса, енді бірі темір тұлпар тізгіндеу үшін тәуекел жасап, несиеге алып жатады. Сонымен қатар, «заманына қарай адамы» дегендей, көптеген жүргізушілер қалаған көлігін міну үшін «жалға алу» қызметін де пайдаланып жатады. Біз де осы бір қызмет жайында аз-кем мағұлмат бергенді жөн көрдік. Сонымен, оның қандай ерекшеліктері бар және неліктен бұл қызмет соншалықты кең таралған?
• Негізі бұл қызметке жүгінетіндердің қатарына көлігі ұзақ мерзімді жөндеуде жатқандар, көлігі жоқ, бірақ жаяу немесе қоғамдық көлікпен жүргісі келмейтіндер кіреді. Бір тиімді тұсы – көлікті жалға алу таксимен қатынағанға қарағанда әлдеқайда арзан түседі. Тіпті, жалға алынған көлікпен таксист болып, күнделікті жұмысына айналдырғандар да бар.
• Бұл – жүргізушілер курсын бітірген, бірақ әлі көлік сатып ала алмай жүргендер үшін де тиімді. Біріншіден үйренгенін іс жүзінде қолданатын болса, екіншіден түрлі автокөліктермен танысуға болады. Яғни, жалға алу қызметінің арқасында кез келген адам бизнес класс, эконом класс пен элиталық көліктерге қол жеткізе алады. Соның арқасында тәжірибесі аз жүргізуші болсаңыз, өзіңізге қандай көлік ыңғайлы екенін түсінесіз.
Бірақ, автокөлікті жалға алуға бел буған кезде кейбір жағдайларды есте сақтау керек:
• Мысалы, көлікті бір күнге жалға алғанға қарағанда, ұзақ уақытқа алған қаржы жағынан тиімді.
• Егер көлікті бір тәулікке алып, бірақ уақытында тапсыруға үлгермесеңіз, екі күнге төлеуге тура келеді.
• Қызмет ұсынушы компаниядан алған көліктің салоны бастапқыда таза болса, онда тура солай таза етіп тапсыру міндетті. Яғни, ішін бүлдірсеңіз, өз есебіңізден көлік жуу орнына апару қажет болады.
• Компания менеджеріне хабарласпай, жалға алған көлікпен шекарадан шығуға мүлдем болмайды.
• Көлікті жалға алғаннан кейін тиген зақымдар үшін айыппұл төлегіңіз келмесе, ұқыпты пайдалану керек.
• Жалға алған көлікті өзіңіз көрсеткен мерзімнен ұзақ пайдаланғыңыз келсе, алдын ала менеджерлерге хабарлап қойыңыз. Өйткені, ол көлікке басқа бір адам тапсырыс беріп қоюы мүмкін.
• Сондай-ақ, көлікті жалға беретін кейбір компаниялардың өз талабы бар. Көбіне ол талаптардың қатарына: алушының жүргізуші куәлігі болуы, жасы жиырма төрттен асуы және бірнеше жылдық тәжірибесі болы жатады. Егер, бұл талаптарға сай келмесеңіз, компания Сізге жалға көлік беруден бас тартады. Сондықтан алдын ала барлығын анықтап алған дұрыс.
Жалпы, автокөлікті жалға алу қызметі өте ыңғайлы және күтпеген жағдайлар кезінде пайдалы болады. Бірақ, жоғарыдағы ақпараттарды есте сақтаңыз!
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Жанармайды ЕҢ АЗ "ЖЕЙТІН" көліктер