Төменгі температурада, қарда және мұзда жүруге арналған шиналардың арнайы құрылысы және өзіндік техникалары болады. Оларды таңдау кезінде жердің климаттық ерекшеліктерін, көлік маркасы мен жүк көтергіштігін ескеру қажет. Сонымен қатар, қолданушылардың пікіріне де қараған артық болмайды. Сондықтан, бүгін қыс маусымына арналған қысқы шина өндіруші компаниялардың үздіктерін ұсынамыз.
көрнекілік суреттер: ашық дереккөзден
Қысқы шиналардың ерекшеліктері мен түрлері
ААлдымен қысқы шиналар жайлы айтайық. Қысқы шиналардың қыста қозғалыс жылдамдығын арттырғанда және бұрылыстарда бірқалыптылықты сақтайтын арнайы құрылысы болады. Сондай-ақ, олар тозуға төзімді шикізаттан жасалады. Ал, құрылысының басты бөлігі – беріктікті сақтайтын протектор. Ол протектор ішкі қалыпты сақтап, жолдағы кедергілерге қарсы тұруды қамтамасыз етеді.
Қысқы шиналар құрылысына, құрамына және шина бетіне байланысты:
• тікенекпен жасалған;
• тікенексіз;
• тікенектелген (жапсырма тікенекті ленталармен жабдықталған) болып бөлінеді.
Тікенекті шиналар сырғанауды төмендетуге ықпал ететін берік қорытпалардан жасалған түймелермен жабдықталады. Бұл түрі қаланың сыртында, мұз қатқан жолдарда жүру үшін қолайлы. Себебі, бұндай шиналар бос қарды, батпақты басып өту кезінде көлікті бақылауды және мұз қатқан жолдарда тежегіштің жұмысын жақсартады.
Ал, тікенексіз шиналар бекітілетін ленталармен жабдықталады. Ол ленталар жолдағы кедергілердің кері әсер етуін қалыңдығына байланысты төмендетеді. Бұл шина түрі қатты суық болмайтын қалалық жолдар үшін қолайлы. Кейбір өндірушілер басқаруды жақсарту үшін қатты пластик элементтерді қолданады. Сондай-ақ, олар скандинавиялық және еуропалық болып бөлінеді.
Скандинавиялық шиналар көп функциялы, өйткені олар қарда, мұзда, құрғақ немесе сулы жолдарда пайдаланыла береді. Бұл шиналар көбіне ауа райы ауыспалы аумақтарда қолданылады. Ал, еуропалық шиналар қатты суық болмайтын жерлерде қолданылады. Себебі, ол шиналардың құрылымы құрғақ немесе қар-борансыз жолдар үшін оңтайлы болып келеді.
Қысқы шинаның брендері
Ал енді, өз тауарларының сапасына және көлік иелерінің пікірлеріне байланысты анықталған шина өндірудегі үздік деп танылған өндірушілерге тоқталайық (Nokian, Dunlop, Michelin және т.б.).
• Рейтинг көшбасшысы – 1898 жылдан бастап шина дайындаумен айналысатын финляндиялық Nokian компаниясы. Бұл компания жасайтын шиналар барлық климаттық жағдайларға – температураның өзгеруіне, қарға, қар аралас жауын-шашынға бейім болып келеді. Сондай-ақ, компания шиналары барлық көлік маркаларына арналып жасалады.
• АҚШ-та орналасқан Goodyear компаниясы түрлі климаттық белдеулерге, автокөлік түрлеріне арналған қысқы шиналарды шығарады. Бұл компания құралдары көліктің жолмен жанасуын, бірқалыптылықты жоғары деңгейде ұстап тұрады. Шиналары сапалы, әрі қардан оңай өтуге мүмкіндік береді.
• Жапониядағы Bridgestone өндіруші компания көліктің барлық түрлеріне арналған өнімдер шығарады. Бұл компанияның шиналары сапалы, тозуға төзімді, берік болып келеді. Мұнда қысқы шиналар 1930 жылдан бастап өндіріледі.
• Dunlop Ирландиядағы компьютерлік модельдеу арқылы тауарлар әзірлейтін компания. Компания өнімдері дизайнымен де ерекшеленеді. Сондай-ақ, Dunlop компаниясында қысқы шиналардың әртүрлі кезеңдерге арналған көптеген түрлері өндіріледі. Сонымен қатар, бұл компания шиналарын 2-3 маусым бойы пайдалануға болады екен.
• Michelin фирмасы (Франция) шина өнімінің көшбасшылары қатарына кіреді. Фирма өнімдері ұзақ төзімділігімен, мықты технологиясымен, үнемділігімен ерекшеленеді. Қысқы шиналары бірнеше климатқа арналып жасалған.
• Германиялық Continental AG компаниясы көлікке арналған шиналар және өзге де құралдар өндіреді. Бұл компания шиналары мықтылығымен, төзімділігімен, сапасымен ерекшеленеді.
Міне, үздік қысқы шина өндірушілер қатары осындай. Қысқы шина алатын кезде осы компаниялардың өнімдерін таңдауға кеңес береміз.
Айта кетейік, келесі мақаламызда тікенекті және тікенексіз қысқы шиналардың үздіктері жайлы жазатын боламыз.
Дайындаған: Б.Ерман,