​Балаңыздың көңіл-күйін көтеретін коктейльдер

0
4 640

Коктейльді үй жағдайында дайындаған дұрыс. Оның құрамы дәрумендерге, минералды заттарға өте бай. Бұл сусынды ішкеннен кейін балаңыз күні бойы сергек, көңілді жүреді.


​Балаңыздың көңіл-күйін көтеретін коктейльдер

Суреттер интернеттен алынды

Мұндай коктейльді еш жерден сатып алмаңыз. Өйткені үй жағдайында жасалған коктейльге ештеңе жетпейді. Көңіл-күйді көтеретін коктейльге эндорфин гормонына бай банан жемісі қосылатындықтан да өте пайдалы сусын саналады.

Шоколад пен бананнан коктейль

  • Қажетті өнімдер
  • 700 мл сүт
  • 3 дана банан
  • 100 гр. сүтті шоколад
  • 0,5 шай қасық ұнтақталған корица
  • Жалбыз жапырағы.

Дайындалу тәсілі

Бананның қабығын аршып, дөңгелектеп тураймыз.

Шоколадты майдалап бөліп тастаймыз.

Сүтті кастрөлге құйып, шоколадты саламыз. Сосын отқа қойып, қайнауға дейін жеткізесіз. Шоколад ерігеннен кейін оттан ала беруге болады.

Блендерге бананды, шоколад қосылған сүтті салып, араластырамыз.

Дайын коктейльді стақанға құйып, жалбыз жапырағымен әсемдейміз. Бетіне корицаны себеміз.

«Қиял-ғажайып» коктейль

Коктейльді үй жағдайында дайындаған дұрыс. Оның құрамы дәрумендерге, минералды заттарға өте бай. Бұл сусынды ішкеннен кейін балаңыз күні бойы сергек, көңілді жүреді. Бірақ та жемістер мен көкөністерден жасалатындықтан коктейль тез бұзылып кетуі мүмкін. Сондықтан да, әсіресе балаларға арнап әзірлегенде сол мезетте ішіп қоюын қадағалау керек. Ендеше коктейльдің жасалу жолдарына тоқталып өтейік!

Қажетті өнімдер

  • 1 дана банан
  • 2 дана киви
  • Жарты кесе таңқурай
  • Жарты кесе қарақат
  • 5 дана құрма
  • 5 дана бадам жаңғағы
  • 1 ас қасық бал.

Дайындалу тәсілі

Банан мен кивидің қабығын аршып, турайсыз. Туралған жемістер мен таңқурайды блендерге салыңыз. Езбе болғанға дейін араластыра беру керек.

Жаңғақты да кофе ұнтақтағышпен ұнтақтап алыңыз. Болмаса блендермен майдалауға да болады.

Жемістер езбесін ұзындау стақанға құйып, балды қосыңыз. Қасықпен араластырып, жаңғақтарды да қосып жіберу керек.

Дәл осындай коктейль әрбір баланың арайлап атқан таңын шуақты етуге ықпал етеді.

Қаймақ пен бананнан коктейль

Қажетті өнімдер

  • 2 дана банан
  • 2 ас қасық какао
  • 2 ас қасық қоңыр түсті қант
  • 350 мл сүт
  • 2 ас қасық қаймақ.

Дайындалу тәсілі

Какао мен қантты араластырып аламыз. Қаймақты қосып, отқа қою қажет. Отты барынша жай қосуға тырысыңыз. Қант барынша ерігенше қозғап тұрыңыз. Сонда еріген шоколад тәрізді қайнатпа шығады.

Блендерге туралған бананды салып, сүтті құйыңыз. Жақсылап араластырып, шоколадты қайнатпаның біраз бөлігін құясыз.

Енді барлығын жақсылап араластыру керек.

Дайын болған коктейльді стақандарға құйып, бетіне шоколад қайнатпасын саласыз.

Құлпынай қосылған коктейль

  • Қажетті өнімдер
  • 2 дана банан
  • 200 гр. құлпынай
  • 250 мл табиғи йогурт
  • 1 ас қасық қоңыр түсті қант

Дайындалу тәсілі

Блендердің ыдысына туралған банандарды саламыз. Сөйтіп оған 125 мл йогуртты құйып, ең жоғарғы жылдамдығына қойып араластыру керек.

Бөлек ыдысқа құлпынай мен қоңыр қантты, қалған йогуртты салып араластырады.

Осылайша дайындалған екі түрлі езбені стақанға кезек-кезек саласыз. Алдымен банан араласпасынан 2-3 ас қасық, сосын құлпынай араласпасын салып отырасыз.

Әрбір езбені өте жай салған дұрыс. Екеуінің араласып кетуіне жол бермеу керек. Кейіннен дайын коктейльді балаларға ұсына беріңіз.

Апельсин қоспасы бар коктейль

Қажетті өнімдер

  • 1 дана манго
  • 150 гр. жұмсақ сүзбе
  • 100 мл табиғи йогурт
  • 1 ас қасық қоңыр түсті қант
  • 1 ас қасық кокос үгіндісі.

Дайындалу тәсілі

Апельсинді тазалап жуыңыз. Сосын ақырындап қабығын аршисыз.

Содан соң кесіп алынған апельсинді блендерге салып, тазаланған мангоны қосыңыз.

Блендерді іске қосып, манго мен апельсинді езіп алыңыз.

Артынша йогурт пен сүзбені, қантты салыңыз. Блендерді ең жоғарғы жылдамдығына қойып, бірнеше минут бойы араластырасыз.

Сонымен коктейль де дайын дей беріңіз!

Жалпы коктейль дайындауға көп уақыттың қажеті жоқ. Тез әрі дәмді етіп әзірленетін коктейльдерді балаларыңызға жасап беруге асығыңыздар!

Құрманкүл Өмірзаққызы, ERNUR.KZ