“Басына екі оқ атылған“: прокурорлар Ұлттық ұлан сарбазының өліміне қатысты тергеу барысын айтты

0
102

Қайғылы оқиғадан кейін тергеу органдары қылмыс құрамын таппай, істі үш рет жауып тастаған.


“Басына екі оқ атылған“: прокурорлар Ұлттық ұлан сарбазының өліміне қатысты тергеу барысын айтты

Марқұмның туыстары ұсынған сурет

ERNUR.KZ. Бас әскери прокуратура Астанадағы Ұлттық ұланның 21 жастағы сарбазы Қайсар Сұлтановтың өліміне қатысты тергеу барысы туралы хабарлады, деп жазады tengrinews.kz.

Қайсар Сұлтанов 2023 жылы 9 қазанға қараған түні қайтыс болды. Ол Астанадағы 6636 әскери бөлімінде борышын өтеген. Марқұмның анасы қайғылы оқиғадан бір күн бұрын ұлын көргенін және күдікті ештеңе байқамағанын айтады.

Қайғылы оқиғадан кейін тергеу органдары қылмыс құрамын таппай, істі үш рет жауып тастаған. Енді тергеу Қылмыстық кодекстің 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") бойынша қайта басталды. Алайда Қайсардың анасы Сәуле Тілеубергенова ұлы өлтірілгеніне, ал кінәлілер әлі де Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп жүруі мүмкін екеніне сенімді.

Прокуратураның ресми жауабы

Бас әскери прокуратура редакцияның сауалына жауап ретінде Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасы әскери қызметшінің өлімі дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.

"Қазіргі уақытта жедел-тергеу іс-шаралар кешені жүргізіліп, сот сараптамасы тағайындалды", – деді ведомство өкілдері.

Прокуратура өзге деректерді тергеу құпиясына байланысты (ҚПК-нің 201-бабына сәйкес) жария етуден бас тартты.

Басына екі оқ атылған

Марқұмның анасы ұлы мұндай қадамға бармайтынын айтады. Ол сот-медициналық сараптаманың нәтижелеріне сүйеніп отыр.

"Мамандар бірінші оқтың төменнен жоғары атылғанын, бас сүйегі мен маңдайындағы жарақаттан сарбаз мерт болғанын анықтады. Қорытындыға сәйкес, екінші оқ алты минуттан кейін атылған. Бірақ бірінші жарақаттан кейін Қайсардың саналы түрде ешқандай әрекет жасауға шамасы келмеген", - деді ол.

Адвокат Инга Иманбайдың айтуынша, істі қайта бастағаннан кейінгі үш ай ішінде тергеу алға жылжымаған.

Марқұмның отбасы істі "Кісі өлтіру" бабына қайта саралауды, бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін жауапқа тартуды талап етіп отыр.