«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп көрісіп, мауқын басып» деп Хакім Абай айтқандай, адамзаттың ауызы аққа, төрт түліктің ауызы көкке тиген шақта халқымыздың көне дәстүрі «Көрісуді» тойлау басталады.
фото: azh.kz
Қазақ халқымен бірге жасап, бүгінге жеткен дәстүрдің мәні мен маңызы туралы білетіндер күн санап артып келеді, бұл әрине, дәстүрге деген құрмет, ата-баба салтын сақтауды жалғастыру.
Осы орайда, қазақтың көне дәстүрін зерттеп, оның мәні мен мағынасын аша білген этнограф Болат Бопайұлының айтуынша ұрпақтар сабақтастығын ұлтымыздың салт-дәстүрлерін дәріптеу арқылы жалғастыра аламыз.
Ұлы дала төсінде ізгіліктің шұғыласын шашып, табиғатпен тілдесіп, халықпен үндесіп келе жатқан мейірім мейрамының маңызы мен мазмұны да теңдессіз. Жасалатын жоралғылардың да тәрбиелік мәні тереңде жатыр. Салт-дәстүрлеріміз - ұлттық сананың іргетасы, түп қазығы. Мұндай жоралғыларды жасау тек ұлан асыр той жасап, ат шаптырып, сауық сайран құрумен шектелмейді. Оның мән мағынасы жастардың бойына қазақтың ұлттық дәстүрін дәріптеп, әдебиеті мен мәдениетін сіңіруінде. Ата бабамыз жас буынға адамгершілік қағидаттарын, табиғаттану, жаратылыстану деген теңдессіз ұғымдарды осы жасалатын амалдар арқылы кеңінен таныстырып отырған. Балалардың үй аралап көже ішуі, оларға көрімдік пен базарлықтың берілуі ұлттық санаға айрықша әсер ететіні сөзсіз. Әсіресе, үлкендердің татулығына көзі қанығып, олардың тағылымын тыңдаса қазақы дәстүр қанында қалыптасады. «Бақыттың шамына» балаған бата алу да бүгінге дейін жалғасып келе жатқан тамаша дәстүр.
Көрісу - ағайынның арасындағы араздықты жойып, барыс келісті күшейтіп, ренжіскендер болса кешірісетін, татуласып, табысатын кезең. Қыстың қырынан аман шықтық деп қараөзек шақта ел болып есендігін сұрасады. Ертеде шаруа баққан ел алты ай қыстан соң «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында» көштің қамына кірісіп, қоныс жаңалауға жер шалады. Жаз жайлауға көшер тұста көшпенді халық ұланғайыр атырапты мал бағып мекен етіп кететіндіктен, ұзынсарыда бір кездесіп, амандық сұрап, саулық тілеседі. Сондай-ақ, жердің тоң кеудесі жіби бастағанда сайын далада тарыдай шашылып шаруа баққан ел туған ағайын-туысын, жақын-жұрағатын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған. Дәл осы кезеңде қаптың түбі қағылып, сірге жияр ет асылып, кебежеде ұзынсарыға сақталған сүрлер, қазы-қарта мен жал-жаялар қазанға салынады. Осылайша, ағайын-туыс пен көрші-қолаң жиналып «қаптың түбін қақтық, қалған етті астық» деп дастархан кәдесі жасалынады. Мұның да соғымды әу бастап бөлісіп жедік, соңғысын да бөлісейік, келер жылғы соғымымыз шүйгін болсын, көпке бұйырсын деп ырым етіп, жақсылығымен бөлісуді осындай кәде жолына сыйдырып келген.
Осылайша амалдарды орындап, әз-Наурызға жеткен. Күн мен түн теңелгеннен кейін үш күн өткен соң ел көштің қамына кірісетін болған.
Ата дәстүрімізде көктемнің еншісінде үш амал бар. Оны амалдың басы, ортасы, соңы деп бөлген. Амалдың басы жақсы болса, ортасы қатты болуы мүмкін. Соңы жылымық болады деп болжаған. Соның алғашқысы - мәз амалы. Ол ақпан тоқпан басылғанда, көктемнің алғашқы айында, яғни осы наурыз айының тоғызы кіреді. Он жетісі шығады. Қазақтағы «мәз келмей, әз келмейді» деген қадірлі ұғым осыдан қалса керек-ті. Одан кейін күн мен түн теңелгенде әз амалы кіреді. Ұлттар мен ұлыстарды жақындастыратын алтын арқау әз наурызды осы мерекенің жалғасы, шырқау шегі десек болады. Көктем амалдары кіргеннен бастап «көрісу», «амал мерекесі» деп аталып, тойлана бастаған. Осы кезден бастап халық, қыстың қысымшылығынан аман шықтық, жайма шуақ көктемнің күні келді деп есептеген.
Ал жалпы осы көрісу ғұрпын наурыз мейрамынан бөле-жара қарастыра алмаймыз, ол – әз-наурыздың алғашқы жаршысы іспеттес.
Ескіше жыл санау бойынша «шәмсия» - күн есебі, «қамария» - ай есебі. Соған байланысты наурыз айының он төрті жылдың басы болып есептеледі. Көктем келе жасалатын үш амалдан соң адам баласының тынысы кеңейіп, тіршілігі жандана түседі. Жер жүзіндегі жасыл желектің тамырына нәр тарап, жан-жануарлардың бойында жаңа қан жүгіреді. Айналаны сазды әуенге бөлеп, сырнайлатып, кернейлетіп, дауылпаздатып «Әз» үніне үн қосу осы ізгі амалдарды орындаудың, наурыз мейрамын әспеттеудің бір көрінісі іспетті.
Ендеше, «Бір жасыңыз құтты болсын!», жыл басы Наурыз жақсылықтың жаршысы болып келсін!
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: