​«Сүйіндір» деген салт бар

0
525

Мұны әрбір қазақ әйелі білуі тиісті.


​«Сүйіндір» деген салт бар

фото: Pinterest

Қазақ халқында не көп, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы көп. Солардың ішінде сүйінші, байғазы, көрімдік кеңінен таралған. Әйткенмен, соңғы уақытта көпшілігіміз үшеуін ажырата алмай әлекпіз. Бір-бірімен сабақтастырып, орындарын алмастырып әкететін кездеріміз жоқ емес-ті. Қазақтың көнеден қалыптасқан дәстүрлерінің ара-жігін ажыратып, әрқайсысын өз орнымен қолдана білгенге не жетсін?!

Ол үшін әр салт-дәстүрдің шығу тарихы мен қолданылатын маңызын білуіміз тиіс.

Сүйіндір деген салттың бар екендігін қазір көпшілік біле бермейді. Тіпті, кейбіреулер мұны «сүйіншімен» шатастырады. Бірақ, сүйіншінің жөні бөлек.

Сүйінші – жағымды жаңалықты көпшілікке тарату. Қуанышты хабарды жеткізген адам алыстан «сүйінші, сүйінші», – деп келіп, сүйіншіге не бересің деп сұрайды. Жақсы жаңалықты естуші екінші тарап не сұраса соны берген, ақша не болмаса бағалы зат. Ертеде тіпті астындағы атын, үстіндегі киімін не сауыт-сайманын сыйға тартқан. Оған түрлі себептер болуы мүмкін: нәресте дүниеге келгенде, жаңадан келін түскен сәтте, алыстан арбалатып жақындары келгенде, жоғары лауазымға ие болған кезде сүйінші сұралған. Әсіресе бір отбасы көптен бері бала көре алмай, араға уақыт салып, үйіне бақыт нұры шашылса, сүйінші сұраған. Мұндай қуанышты хабарлардың сұрауы да құнды болған. Ата-бабаларымыз сүйіншінің ақысын сұраған адамның ешқашан да бетін кері қайтармаған. Керісінше, сүйінші сұраған адамға қалаған затын беруге тырысқан. Сүйіншіге сыйлық сұраудың еш әбестігі жоқ.

Бұрын біреудің бағалы заты жоғалған жағдайда да сүйінші сұралып, ақысы алынған. Тіпті керек болса затты тауып, ұрыны ұстап берген хабаршыға үй иесі қалағанын бермесе, ол биге жүгінетін көрінеді. Сүйіншіге берілетін сый да ұрланған заттың бағасына байланысты. Яғни біреудің ұрланған малын тауып әкелсе, соның құнынан жиырмадан бірін, ұрлықшыдан тартып әкелінсе, бестен бірін, ұрлаған адамның өзін әкелген жағдайда, әлгі малдың жарты құнындай ақы алған. Кейде хабаршы малды көрмей, оның қайда екенін естіп, егесіне жеткізсе, оған құлақ сүйінші берілген. Жоғалған малды тауып, ұрыны ұстап беруге уәде етіп, сүйінші алған адам уәдесінде тұра алмаған жағдайда алған ақысының бір бөлігін қайтаруға міндетті. Сүйінші сұрау – қазақ халқында ықылым заманнан келе жатқан үрдіс. Біреуі білсе, екіншісі біле бермес, сүйінші сұраушы жаққа сыйлық берілмесе, үй иесінен кез келген бағалы затты алып қашуға құқылы.

фото: zabrab75.ru

Ал сүйіндір деген салттың жөні мүлде басқа. Келіншек босанғаннан кейін оның анасы кәде, жорасын алып әдейі келуге тиіс. Бұл – қалыптасқан салт және ананың міндетті парызы. Мұны қызын қияға қондырған әр қазақ әйелі білуге және орындауға міндетті. Ана болған өз баласының (қызының) қасында болып, оған рухани күш беріп, сенім туғызып, жас сәбиді емізу, күту жолдарын үйретеді, ақылшысы, сүйеніші, қамқоры болады. Құда – құдағиларының немерелі болған қуанышына ортақтасады, нәрестеге арнаған бұйымдарын, сәлем - сауқатын ұсынады. Құрметті қонағы да болады. Перзентті болған қызына анасының арнайы баруы ежелден келе жатқан жоралғы екенін жұрттың бәрі де растайды. Алайда, бұл салттың қалай аталатынын қариялардың өздері де дәл айтып бере алмайды. Бұған себеп, көне дәстүрлер заманның ағымымен көп нәрсені ұмыттырыпты. Солай бола тұрса да біз осы салтты «сүйіндір» деп аталатынын біле жүріңіз және жас босанған ана үшін жақындарының, әсіресе анасының жанында болып, көмек көрсетуі ерекше қуаныш.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жақын адамыңнан МЫСЫҚ алуға болмай ма?



Бала табаққа аяғын салса, ТОҚШЫЛЫҚ болады