Ұзатылған қызға берілетін дүние - мүлік «жасау» деп аталады.
фото: interesnoe.me
Халқымыз қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген. Небір жақсы жиһаздар, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс - аяқ, төсек - орын, киім - кешек, әсем әшекейлі бұйымдар қыздарға берілетін болған. Жасауды қыздың еншісі десе де болады.
Көбіне жігіт жағынан берілетін қалың малға шамалас келетін жасау кейде оның мөлшерінен де асып түсіп жатуы мүмкін. Қызға жасау беру ата - ана мойнындағы борыш. Сол себепті де «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген қазақ қыз баласын жасаусыз ұзатпаған. Тұрмыс - салттың өзгеріп дамуына орай жасаудың да мөлшері мен мазмұны үнемі өзгеріске ұшырап отырғаны анық. Қазіргі кездегі қыз жасауы дүние - мүлікпен бірге тұрмыстық - техника түрлері және үй жабдығына қажетті құралдармен толыққан. Негізінен бар қазаққа ортақ салт десек те әр өңірдің қызға жасаулық дүние беру дәстүрінің өзіндік өзгешеліктері де жоқ емес.
Төсек - орын
Ертеректе анасы ұзатылатын қызына арнап екі кісілік құс төсек әзірлейтін болған. Қазіргі кезде мұның орнына жатын орын жиһазы (гарнитур) сыйлап жүр. Бұрындары қыз жасауына берілетін сандық, әбдірелер де қазіргі жиһаздардағы шифоньер, шкаф қызметін атқарғаны анық. Екі кісіге арналып тігілген қалың көрпе де қыздың төсек орнында міндетті түрде болуы тиіс.
Босағасынан мейманы арылмайтын қазақтың отауында төр көрпелердің алар орны ерекше. Қыз жасауындағы төр көрпелердің саны тақ болады. Әдетте отау үйдің қажеттілігіне орай 3, 5, 7 немесе 9 төр көрпе әзірленеді. Бар қалағанымызды базардан тауып алатын қазіргі заманда қыз жасауына да дайын мүлікті сатып ала салуға құштармыз. Уақытыңды үнемдеу үшін бұл дұрыс шығар. Алайда сырты жылтырап тұрғанмен базардағы дүниенің барлығы дерлік сапалы бола бермейді. Сатып алған көрпеңіз ертеңгі күні қызыңыздың отауына барғанда шашылып жатса, сізге де, қызға да абүйір әпермесі анық. Сондықтан да көрпе жастығыңыздың сапасын жіті тексеріп алыңыз. Дайын күйіндегі көрпе жастықтың сапасына күмәніңіз болса, астарын ашып, қайта бидайлап алғанның артықтығы жоқ. Қызыңызға жат жерде қандай жайлы ғұмыр тілесеңіз, сондай сапалы жасау жиып беруге тырысыңыз.
Қазіргі замандағы қала шарттарында қыз жағы жиһаздық дүниені отау үйге тойға дейін алдын - ала апарып құрып беріп жүр. Бұл да қаланың қым-қуыт тірлігінде уақыт үнемдеудің тағы бір амалы. Жиһаз құрылып болған соң, қыздың жеңгелері төсек орынды жинап, күйеу жігіттің әке шешесінен көрімдік алады. Жігіт жағынан көпті көрген, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, ұлағатты бір әйелді «келіннің етегінен жандырсын» деп жастардың төсегіне аунатады. Құда мен құдағиға да арнап бөлек кілем төсеп, көрпе жаяды. Екеуін кілем үстіндегі көрпеге отырғызып, кілемнің екі шетін тартып қағыстырып, қалжыңдайтын дәстүр де бар.
Ыдыс - аяқ
Анасы шамасы келсе қызының ас үйіне қажетті ірілі-ұсақты аяқ-табақтарын түгендеп бергені жөн. Сондай-ақ тегене, табақ, бақыраш, кепсер, ожау, оқтау, дастархан, шәйнек те жасау жабдықтарына жатады.
Қыздың өзге мүлкі сияқты ыдыс-аяғының да сапасына назар аударған абзал. Пісірген тамағы күйіп, жанып, қаспақтанып жатпайтындай сапалы материалдан істелген ыдыстарды беруге тырысыңыз. Қазіргі кездегі тоңазытқыш, кір жуатын машина, үтік секілді техника құралдарын да жасау жабдықтарына жатқызуға болады. Жат жерге барғанда қызының тірлігін жеңілдететіндей жасау жинап, жағдай жасап беру - әр ананың міндеті.
Киім - кешек
Жақсы ана ұзатылатын қызының кем дегенде бір жылдық киімін түгендеп береді. Киім-кешекті де қажеттілігіне қарай анасы қызымен кеңесе отырып алады.
Жасаудың жоғарыда аталған бөліктерін теңдеп түйеді де әр буманың бетіне көйлек жаулық салады. Әдетте мұны түйінді ашқан әйелдер алады.
Сонымен қыз жасауына берілетін дүние мүліктер мынадай бөліктерден тұрады. Тақ сан бүтіндік пен тұрақтылықтың, үзілмейтін өмір жолының белгісі.
Халық сенімі бойынша жасау жұп санмен берілсе, қыздың отбасы екіге бөлініп, жұбайлық өмір ұзаққа бармайды деген ырым бар. Сол себепті жасау тақ сандағы көрпемен беріледі. Қыздың жасауындағы көрпе-төсекті «тақ санмен» апару - көне қазақи дәстүрге негізделген ырым. Себебі, тақ сан - «жалғызсың» деген емес, «жұп боласың» деген ырым. Қыз жаңа отбасына барғанда күйеуімен бірге «жұп» болады деген сеніммен апарылады. «Жұп санмен апарылса», ол - «екі жаққа бөлінеді», «айырылысып кетеді» деген жорамал бар. «Тақ сан - бүтіндік, тұрақтылық, үзілмейтін өмір жолы» деген түсінікпен байланысты. Сондықтан, ата-бабаларымыз қыздың жасауы мен көрпесін 5, 7, 9, 11,13,15,17 сияқты тақ санда әзірлеген.
Кейбір жерлерде жұп санмен апару керек деп жатады. Дегенмен, қандай болса отау құрған екі жастың бақытты болуына ниет етіледі. Дүние-мүлікке емес, бар ықылас пен ниет-тілек екі жастың шаңырағы биік болуына тілектестікке ниеттенген дұрыс.
Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: