Танымал фильмдерді қазақ тілінде көру арқылы шет мемлекеттерде тұратын қазақ балалары ана тілін үйренеді.
Қазақ тіліне дубляждалған Голливуд фильмдері Ivi.ru онлайн-кинотеатрында қолжетімді болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ. inform.kz. сайтына сілтеме жасап.
«Болашақ» корпоративтік қорының баспасөз қызметінен хабарлағандай, ынтымақтастық аясында көптеген танымал фильмдерді қазақ тіліне дубляждау жоспарланған және бұл фильмдер Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де қолжетімді болады.
«Танымал фильмдерді қазақ тілінде көру арқылы шет мемлекеттерде тұратын қазақ балалары ана тілін үйренеді. Қазақтілді контентті қолжетімді ету үшін барлық шараларды атқарып жатырмыз. «Болашақ» қорымен қазақтілді контентті әлемнің кез келген түпкірінде, кез келген құрылғы арқылы қолжетімді ету мүмкіндіктерін қарастырудамыз», - деді Ivi.ru онлайн-кинотеатрының халықаралық даму бойынша директоры Артем Егоренков.
Еске сала кетсек, 2011 жылдан бастап, «Болашақ» корпоративтік қорының төрағасы, «Болашақ» қауымдастығының құрметті мүшесі Бауыржан Байбектің бастамасымен голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждау жобасы қолға алынды. 7 жылда қор 23 кинокартинаның қазақша дубляжын іске асырды.
«Өзіңнен баста» жобасы арқылы қазақ тілі Sony Pictures-тегі жетінші түркі тілі, Walt Disney-дегі 39-тіл атанып, әлем бойынша DVD, Blu-Ray, iTunes және онлайн-кинотеатрларда көрсетілетін голливудтық фильм тілдерінің үздік жетілігіне енді.
«Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шәйжүнісованың айтуынша, биыл жас көрермендер үшін қазақ тіліне дыбысталған төрт фильмнің таныстырылымы өтеді. Атап айтқанда, 14 маусым күні «Суперотбасы 2», 12 шілде күні - «Монстрлар демалыста 3» анимациялық фильмдері жарыққа шығады, 2 қарашада - «Щелкунчик және төрт патшалық фильмі және 22 қараша күні көрермендер «Ральф Интернетке қарсы» мультфильмін тамашалай алады.