Сарапшылар пікірі қандай?
Сурет: avatars.dzeninfra.ru
Жыл сайынғы әр жаңа iPhone моделінің шығуы жаһандық технология әлемінде айтулы оқиға. 2025 жылдың 9 қыркүйегінде «жаңа буынның» төрт жаңа үлгісінің таныстырылымы өткен болатын:
1. iPhone 17
2.iPhone 17 Air
3.iPhone 17 Pro
4. iPhone 17 Pro Max
Ал бұл құрылғылардың дүние жүзіндегі сатылымы 2025 жылдың 19 қыркүйегінен басталады деп мәлімдеген.
Жаңа үлгіде не жетілді? «Он алтыдан» несі артық?
iPhone 17 – жаңа мүмкіндіктер мен жаңартылған сипаттамалар
iPhone 16 мен iPhone 17 Apple-ге тән дизайнды сақтағанымен, жаңа модельге бірқатар өзгерістер енгізілген. iPhone 17-ге алюминий рамасын орнатқан, экран жиегі жіңішкерген, корпусының дизайны мен түс таңдауы жаңартылған. Сонымен қатар, экран көлемінің ұлғаюына байланысты iPhone 17 сәл ірі. Және алдыңғы модельден 7 грамм ауыр.
Ең маңызды жақсартулардың бірі – ProMotion экраны. Енді бұл модельде адаптивті 120 Гц жаңарту жиілігі бар, бұл бұрын тек Pro-нұсқаларда ғана болатын. Өндірушілердің айтуынша, бұл жұмысты бірқалыпты етеді, интерфейсті сезімтал етеді және ойындардың өнімділігін арттырады. Ал iPhone 16-да әлі де 60 Гц стандартты дисплей қолданылады.
Сонымен қатар, iPhone 17-нің максималды жарықтығы 3000 нитке жетеді (iPhone 16-да 2000 нит), бұл күн жарығында қолдануды жеңілдетеді.
Apple компаниясы смартфондарындағы фото және видео түсіру мүмкіндіктерін үнемі жетілдіріп келеді. Екі модельде де негізгі камера – 48 мегапиксель. Алайда iPhone 17 48 Мп ультракең бұрышты модульмен жабдықталған. Бұл iPhone 16-дағы 12 Мп сенсордың орнын басқан. Осылайша, ультракең бұрышты режимде түсірілген суреттер мен видеолар анағұрлым анық әрі сапалы болмақ.
Сонымен қатар, iPhone 17 жаңа Dual Capture режимін ұсынады. Бұл мүмкіндікпен негізгі және алдыңғы камера арқылы бір уақытта бейне түсіруге болады.
iPhone 16 да, iPhone 17 де қуатты чиптермен жабдықталған, бірақ олар әртүрлі буынға жатады. iPhone 16 — A18 чипі, iPhone 17 — жаңа буындағы A19 чипі. Apple мамандарының айтуынша, бұл құрылғының жұмыс өнімділігін 50%-ға арттырады, энергияны үнемдеуін де жақсартқан.
iPhone 17-де бейне көру уақыты – 30 сағатқа дейін, бұл iPhone 16-мен салыстырғанда 8 сағатқа ұзақ.
Жылдам қуаттау: iPhone 17 – 40 Вт-қа дейінгі сымды қуаттауды қолдайды (iPhone 16 – тек 20 Вт). 0%-дан 50%-ға дейін шамамен 20 минутта қуаттауға болады.
Жаңа модельдің тағы бір маңызды жаңалығы – жад көлемінің артуы. iPhone 16 тек 128 ГБ ұсынған еді, ал iPhone 17 базалық нұсқасы 256 ГБ жадпен келеді,
iPhone Air – ыңғайлы әрі сенімді
Wired және басқа да басылымдар iPhone Air моделін жоғары бағалады. Оның ерекше жұқа корпусы басты артықшылығы ретінде аталды. Бұл құрылғыны қолданғанда мүлде басқа сезім береді деседі. Соған қарамастан, смартфон берік көрінеді, күнделікті жағдайда сындырып алу мүмкіндігі төмен.
Құрылғыны тестілеуші күні бойы экранды 5 сағат пайдаланғанда, кешкі 22:30-да әлі де 18% қуат қалғанын айтыпты. Алайда, белсенді қолдану кезінде батарея күннің ортасына қарай таусылуы мүмкін.
Арнайы сыртқы аккумулятор iPhone Air-ді 0-ден 68%-ға дейін 1 сағат 20 минутта қуаттайды.
iPhone Air-ді қорғаныс қабымен пайдаланғанда анықталған басты кемшілік – құрылғының қызып кетуі. Ауыр қосымшалармен жұмыс істеген кезде камера айналасындағы "плато" аймағы айтарлықтай ысып кетеді.
Бұл құрылғының фото түсіру мүмкіндіктерінде де шектеу бар. Кей жағдайларда iPhone Air-дің түсірілім сапасы iPhone 17-ден нашар.
Air үлгісінде Pro және Pro Max модельдерімен салыстырғанда бір графикалық ядросы жоқ. Дегенмен, ойындар мен қосымшалардың жұмысын жақсы орындайды. Фото көп түсірмейтін немесе ұзақ батарея қызметін аса қажет етпейтін адамдарға бұл модель ұнайды. Ал максималды графика сапасы қажет десеңіз, Pro нұсқаларын таңдаған жөн.
iPhone 17 Pro – дизайны өзгерген, өнімділігі артқан
Сарапшылар мен сынақ өткізушілер iPhone 17 Pro дизайнын жоғары бағалады. Әсіресе қызғылт сары түс ерекше атап өтілді. Титаннан алюминийге өткеніне қарамастан, смартфон өте берік сезіледі.
Камералар алдыңғы буыннан жақсырақ. Өнімділік те жоғары. Бумен салқындату жүйесі қызып кетуге қарсы күреседі. Алайда 4K-видео түсіру кезінде смартфон бәрібір қызатыны анықталды.
iPhone 17 Pro Max – үлкен экран мен үздік автономдық жұмыс
Pro Max моделіндегі автономдық жұмыс уақыты айрықша мақтауға ие болды.
Веб-серфинг тесті (150 нит жарықтықпен): 17 сағат 54 минут. Бұл iPhone 16 Pro Max-тан 3,5 сағатқа ұзақ.
Қуаттау: 30 минут ішінде 64%-ға дейін қуаттауға болады.
Сарапшылар пікірі:
«Егер сізге iOS ұнайды, әрі үлкен экран мен ұзақ батарея қызметін қаласаңыз, iPhone 17 Pro Max сізге арналған. Ал егер ықшам құрылғыны қаласаңыз, iPhone 17 Pro да тамаша таңдау. Егер сізде iPhone 15 Pro Max немесе 16 Pro Max болса, жаңартудың қажеті жоқ, олардың арасында айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Ал егер iPhone 14 Pro Max қолдансаңыз, жаңа iPhone 17 Pro Max-қа көшу – ақылға қонымды шешім болар еді».
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: