Смартфонды КӨЛІКте көп зарядтау - ҚАУІПТІ

0
204

Қауіптен сақтану үшін мынадай сақтық шараларын ұстаныңыз.


Смартфонды КӨЛІКте көп зарядтау - ҚАУІПТІ

Сурет: sq.com.ua

Көпшілік үшін смартфон жолдағы таптырмас көмекшіге айналды. Қазіргі смартфон навигатордың да, борттық компьютердің де орнын басты. Бірақ смартфон көп мәселені шешіп бергенмен, өзіне қатысты бір мәселе туындайды. Ол – белсенді қолданғанда батареяның тез отырып қалуы. Сондықтан да көлікте ұялы телефонды зарядтау көптеген автокөлік жүргізушілері үшін күнделікті қажеттілік. Әсіресе, ұзақ жол жүретін болса.

Алайда, мұны дұрыс жасамаса, смартфонға тигізер теріс салдары көп. Қауіпсіздік шаралары сақталмаса, өмірге қатер төндіретінін де ескертеді мамандар. Смартфонды дұрыс зарядтамау құрылғының бұзылуына немесе өртке алып келуі ықтимал.

Телефонды көлікте зарядтау оңай шаруа сияқты көрінеді. Алайда өзіңіздің, көліктің және электроникалық құрылғының қауіпсіздігі үшін оны дұрыс зарядтау керек. Мына ережелерді есте ұстаңыз.


Оригинал аксессуарлар қолданыңыз

Смартфонды көлікте қауіпсіз зарядтаудың ең сенімді жолы – өндіруші ұсынған түпнұсқа кабель мен зарядтағышты пайдалану. Белгілі брендтің сертификатталған, нақты техникалық сипаттамалары бар аксессуарларын таңдаңыз.

Арзан, сапасыз «жылдам зарядтау» құрылғыларына алданып қалмаңыз. Көптеген сапасыз адаптерлер мен кабельдер "Fast Charging" деп жазылғанымен, олардың сапасы нашар болады. Белгісіз өндірушіден шыққан аксессуарларды қолдану зарядтау процесінің тұрақсыздығына және құрылғының зақымдануына алып келуі мүмкін.


Зарядтағыш құрылғының кернеуін тексеріңіз

Адаптер көлігіңіздің кернеуіне сәйкес келетініне көз жеткізіңіз. Көліктің қуат жүйесі 12В (жеңіл көліктерде) немесе 24В (жүк көліктерде) болуы мүмкін. Егер адаптер соған сай болмаса, кернеу айырмашылығы телефонға зиян келтіруі мүмкін.


Тұтатқыш пен розетканың күйін тексеріңіз

Телефонды тұтатқышқа қосар алдында, оның және розетканың жақсы күйде екеніне көз жеткізіңіз. Зақымдану, тот басу немесе басқа да ақаулардың бар-жоғын тексеріңіз. Егер қандай да бір ақау байқалса, зарядтауды бастамай тұрып маманға қарату ұсынылады.


Телефонды қозғалтқыш өшірулі кезде ғана қуаттаңыз

Көліктегі қозғалтқыш жұмыс істеп тұрған кезде электр жүйесінде кернеудің көтеріліп-түсуі (яғни, токтың тұрақсыздығы) болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар телефонның ішкі бөліктеріне, әсіресе аккумуляторына кері әсерін тигізеді. Кейде кернеудің күрт артуы салдарынан телефон қызып кетуі немесе мүлде істен шығуы да мүмкін.

Сондықтан, телефонды қуат көзінен зарядтағыңыз келсе, көліктің қозғалтқышы сөндірулі болғаны дұрыс. Яғни, көлікті өшіріп барып, зарядтағышқа қосқаныңыз қауіпсіз болады. Бұл құрылғыңызды қажетсіз зақымданудан қорғайды және ұзақ қызмет етуіне көмектеседі.


Қозғалыс кезінде телефонды зарядтамаңыз

Жолда келе жатып телефонды зарядтау қосымша қауіптерге әкелуі мүмкін. Біріншіден, бұл жүргізушінің назарын аударып, жол апаты қаупін арттырады. Екіншіден, көлік қозғалысы кезінде дірілдер мен сілкіністер кабель мен құрылғының розеткасын зақымдауы мүмкін. Сондықтан телефонды тек көлік қауіпсіз жерге тоқтаған кезде ғана зарядтау ұсынылады.


Телефонды ұзақ уақыт бойы көлікте қуаттауға қалдырмаңыз

Смартфонды көлікте ұзақ уақыт бойы зарядтау температураның көтерілуіне алып келіп, аккумулятор мен басқа да бөлшектердің қызмет мерзіміне кері әсер етуі мүмкін. Егер жақын арада телефонды пайдаланбайтын болсаңыз, оны зарядтағыштан ажыратқан дұрыс.


Қуаттау кезінде смартфонды күн астында қалдырмаңыз

Көлікте тұрған кезде күн сәулесі тікелей телефонға түссе, ол қатты қызып кетеді. Бұл батареяның тез тозуына, телефонның баяу жұмыс істеуіне, тіпті өмірге қауіп төндіретін жағдайларға әкелуі мүмкін. Сақтық үшін телефонды күн көзі түспейтін жерге қойыңыз немесе күннен қорғайтын жабдықтар қолданыңыз.


Кабель мен розетканы зақымданудан сақтаңыз

Кабель мен розетканың ұзақ қызмет етуі үшін оларды зақымданудан сақтау қажет. Кабельді бұрап, майыстыруға болмайды, сондай-ақ қосып немесе ажырату кезінде қатты күш салмаңыз.


Смартфонды тікелей тұтатқышқа емес, арнайы USB портына қосыңыз

Кейбір заманауи көліктерде арнайы USB порттар болады. Егер сіздің де көлігіңізде USB порты болса, қуаттау үшін соны пайдаланыңыз. Олар тұтатқышқа қарағанда тұрақты ток береді, құрылғыға зиян келтірмейді, зарядтау сапасы жақсырақ болады.


Қуатталып жатқан телефонды белсенді түрде пайдаланбаңыз

Қуатталып жатқанда смартфонды мүмкіндігінше пайдаланбауға немесе азырақ қолдануға тырысыңыз. Зарядтау кезінде GPS, видео, ойын сияқты қуатты көп қажет ететін функциялармен қатар қолдану құрылғыны қатты қыздырады, батареяның тез тозуына себеп болады.


Дұрыс зарядтағышты қалай таңдау керек?

1. Кабельдің шығу қуатына мән беріңіз. 1А (Ампер)қуаты бар адаптер телефонға қуатты баяу береді, сондықтан ұзақ уақыт алады. Егер GPS-навигация қосулы болса, тіпті бірнеше сағат қажет болады. Батареяны тезірек зарядтау үшін 2А немесе 2,4А қуаты бар құрылғы керек. Мына нұсқаулықты назарға алуға болады:

        • Жеңіл автокөлікке: кемінде 2А
        • Жүк көлігіне: кемінде 4А
        • Автобус немесе фургонға: кемінде 6А

2. Зарядтағышты таңдағанда, қысқа тұйықталудан және шамадан тыс жүктемеден қорғау функциясының болуына назар аударыңыз.

3. Ең жақсы нұсқа — жылдам қуаттандыру функциясы және қызып кетуден қорғайтын қосымша функциялары бар құрылғы. Мұндай зарядтағыш тек қауіпсіздікті ғана емес, сонымен қатар уақытты да үнемдейді.

4. Зарядтағыш адаптер көпсатылы қысқа тұйықталудан және қызып кетуден қорғайтын жүйемен жабдықталған болуы керек. Әйтпесе ол да, көліктегі тұтатқыш та тез істен шығуы мүмкін.

5. Сондай-ақ, ширатылған (спираль) кабельді таңдаған дұрыс, ол түзу сымдарға қарағанда төзімдірек.


Құрылғыны көлікте қуаттау – уақытша шешім. Көліктің тұтандырғышына көп қосу смартфонның жиі қызып кетуіне, батареяның циклдарының тез таусылуына, істен шығуына алып келеді. Сондықтан бұл әрекетті әдетке айналдырмай, мүмкіндігінше, үйден қуатын толтырып шыққан абзал.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Робот шаңсорғыш таңдауда нені ескеру керек?