БҮКТЕЛЕТІН СМАРТФОН: несімен қызық, пайдасы қандай?

0
206

Бүктелмелі телефондардың артықшылығы, кемшілігі және таңдау турасында бірер кеңес


БҮКТЕЛЕТІН СМАРТФОН: несімен қызық, пайдасы қандай?

Сурет: tech.onliner.by

Бүктелетін смартфондар бағасының қымбаттығына қарамастан, біртіндеп нарықта кең таралып келеді. Мұндай құрылғыларды шығаратын өндірушілер саны да артуда.

Айталық, Samsung компаниясы үш рет бүктелетін смартфон шығарғалы жатыр. Дәл қазір дайындық жұмыстары қызып тұрған құрылғыны 2025 жылдың соңына дейін таныстыруды жоспарлаған. Компаниясының мобильді бөлімінің басшысы құрылғыны жасауды аяқтауға жақын екендерін мәлімдеді.

Бұл – қазіргі уақыттағы бүктелетін алғашқы смартфон емес. Осы уақытқа дейін екі рет бүктелетін бірнеше үлгі және үш рет бүктелетін бір үлгі – Huawei Mate X3 Tri-Fold сатылымға шығып үлгерген. Сонда да, Samsung-тың жаңа өнімі сұраныссыз қалмайтын секілді, смартфонға деген қызығушылық бірнеше ай бойы қызу талқыланып келеді. Ол жарыққа шыққан соң бүктелетін құрылғылар нарығында бәсекелестік жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін деп болжауда мамандар.


Артықшылықтары мен кемшіліктері

Бүктелетін планшет-смартфондар – жоғары ыңғайлылық әрі жетілдірілген функцияларымен қызықтырады. Соған сәйкес, бағасы да жоғары.

Бірақ олардың бірқатар кемшілігі де бар:

  • Экран әдеттегі әйнекпен емес, пластикалық қабықпен қорғалған;
  • Ашылған кезде экранның ортасындағы бүгілу сызығы көрініп тұрады;
  • Көлемді аккумулятор мен салқындату жүйесіне орын жетпейді, сол себепті автономдылығы мен өнімділігі кейде қарапайым үлгілерге қарағанда төмен болады;
  • Galaxy Z Fold 6/Z Flip 6-дан басқа барлық бүктелетін смартфондарда шаңнан толық қорғаныс жоқ);
  • Су өткізбейтін қорғаныс кейбір модельдерде бар, бірақ соның өзінде жүз пайыз кепілдік бермейді, сақ болу керек;
  • Экран – бүктелетін смартфонның ең әлсіз жері, бірақ күтіп ұстаған жағдайда 3-5 жылға дейін шыдай алады.
  • Жылдам қуаттауды бүктелген күйде емес, ашық күйде жасау ұсынылады, әйтпесе құрылғы қызып кетуі мүмкін.


Сатып аларда нені ескеру керек?

Бүктелетін смартфондар қазіргі уақыттағы ең жоғары деңгейлі (hi-end) смартфондар десе де болады. Алдыңғы жылдардағы бүктелетін смартфондарда техникалық жағынан бәрі қарапайым болатын — үздік процессорлар, жады және камералар. Бүгінде жағдай өзгерді, себебі Tecno сынды өндірушілер шығып, бүктелетін смартфондар нарығын арзанырақ модельдермен толықтырды. Қазір бүктелетін смартфонның қолжетімді, арзан түрін табу қиын емес. Бірақ құрылғының ішкі техникалық жабдықтары (процессор, камера, т.б.) әлсіз болуы мүмкін, сондықтан таңдау кезінде мұқият болған жөн.

Сыртқы экранның өлшемі мен мүмкіндіктері. Кейбір модельдердің сыртқы дисплейі шағын, хабарламалар мен уақытты ғана көрсетуге арналған. Фото түсіруге, айна ретінде қолдануға болатындары бар. Енді біреулерінде сыртқы экран толыққанды, тіпті корпустың жартысын алып жатады, мұндай экранда смартфон бүктелген күйінде қолданбаларды ашып, әлеуметтік желілерде түрде хат алмасу мүмкіндігі бар.

Корпус пен экранның беріктігі. Бүктелетін құрылым зақымдануға бейім келеді, ал дисплейді жөндеу кейде жаңа смартфонның бағасымен бірдей болуы мүмкін. Сол себепті сатып алмас бұрын шарнирі (бүктелетін тетігі) қанша рет ашылып-жабылуға шыдайтынын, корпус шаң мен ылғалдан қорғалған ба, экран сызаттарға қаншалықты төзімді екенін анықтап алған жөн. Бұл үшін өндірушінің ресми мәліметтерімен, шолуларымен және пайдаланушылардың пікірлерімен танысқан дұрыс.

Қуатсыз жұмыс істеу уақыты. Көптеген бүктелетін смартфондар ұзақ жұмыс істеу мүмкіндігімен (автономдылығымен) мақтана алмайды. Егер телефонды белсенді пайдалануды жоспарлап отырсаңыз, таңдаған моделіңіздің аккумулятор сыйымдылығы мен қуаттау жылдамдығын алдын ала нақтылап алыңыз.

Өлшемі мен салмағы. Мұндай смартфондардығ бүктелген күйінде ықшам болып келетіні түсінікті. Дегенмен, планшетке ұқсайтын түрлері әдетте ауырлау әрі қалың болады. Құрылғыны қалтасына салып жүруге үйренген адамдар үшін бұл ыңғайсыз болуы мүмкін.

Бағасы. Көптеген бүктелетін смартфондар премиум санатқа жатады, сол себепті қымбат бағаланады. Алайда нарықта біртіндеп арзанырақ модельдер де пайда бола бастады. Әрине, таңдай кезінде қалтаңызға, төлем қабілетіңізге қарайтыныңыз түсінікті. Бірақ, баға мен сапаның байланысындағы тепе-теңдікті елеп-ескеруді ұмытпаңыз.

Егер сізге смартфонның бүктелетін форматы ұнай ма, ыңғайлы бола ма дегендей сұрақтарда сенімсіздік болса, алдымен қолжетімдірек модельдерді қарап, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін бағалаған жөн.

«Кітапша» үлгісіндегі бүктелетін смартфон сатып алсаңыз, ол сізді планшет, ноутбук алып жүру қажеттілігінен жартылай немесе толықтай құтқарады. Себебі мұндай құрылғы – екі бірдей функцияны орындайтын бір гаджет.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ