1 АЛТЫН, 2 ҚОЛА: Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарында

0
1 097

Ұлттық құрама спортшыларынан күтеріміз көп.


1 АЛТЫН, 2 ҚОЛА: Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарында

Осыдан тура бес күн бұрын, яғни 26 шілдеде Франция елінің астанасы Париж төрінде төрткүл дүние асыға күткен, төрт жылда бір болатын жазғы Олимпиада додасы басталған еді. Қуанышымызға орай, байрақты бәсекенің алғашқы күнінен-ақ ел қоржынына бірнеше медаль түсіп, төбеміз көкке жетті. Осы ретте Олимпиада ойындарына бір шолу жасап, ұлттық құраманы нәтижелерімен бөліскенді жөн санадық.


Биылғы Олимпиаданың бір ерекшелігі тұңғыш рет сайыс қатысушылары, дәлірек айтсақ он мыңнан аса спортшы үлкенді-кішілі қайықтарға отырып, Сена өзеннімен жүзіп өтті. Сөйтіп бұл шеру әйгілі Эйфель мұнарасының аумағындағы Трокадеро алаңында бітті. Ал, қарт құрлықтағы дүбірлі доданың ресми ашылуы халықаралық олимпиада комитетінің президенті мен Франция басшысы Эмманюэль Макронның қол алысуымен басталды.


Олимпиаданың ресми ашылуын танымал театр режиссері және әртіс Жолли Тома әзірлеген. Бір қызығы іс-шараның өткізілу барысы саңына дейін құпия түрде сақталған. Түрлі қойылымдарға үш мыңға жуық өнер маманы тартылыпты. Ашылу салтанатында аты әлем халқына әйгілі Дион Селин және Лэди Гага өнер көрсетсе, бәсеке алауын Олимпиада шыңын бағындырған Мари-Жозе Перек пен Тедди Ринер жақты.


Атап өтсек, бұл Олимпиада ойындарында 32 спорт түрі бойынша 329 медаль жиынтығы ойнатылады. Жүлделі орындар үшін таласатын Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасында 24 түрі бойынша тоқсан бір лицензия бар.


БІРІНШІ КҮН

Олипиада ойындарының алғашқы күнінде, яғни 27 шілдеде академиялық ескек есу спортының өкілі Яковлев Владислав, екі бірдей Олимпиаданың жүлдегері, даңқты дзюдошы Елдос Сметов, жас талант Абиба Абужақынова, оқ ату шеберлері Ирина Юнусметова мен Никита Чирюкин, теннисшілер Александр Бублик және Юлия Путинцева, үстел теннисінің шебері Кирилл Герасименко, велоспортшы Алексей Луценко және бокстан Қазақстан құрамасына толық лицензия сыйлаған Мұхамедсабыр Базарбайұлы жарыс жолына шықты.


Ең алғаш болып сынға түскен ескекші Владислав Яковлев екі мың метрлік жарыста мәрені алтыншы болып кесіп, жұбаныш кезеңіне шыққанымен, нәтиже көрсете алмады.


Ал, Олимпиада ойындарының қоласы мен күмісін иеленген Елдос Сметов алғашқы жекпе-жекте Голландия өкілі Торнике Тсакадоеа есімді спортшының жауырынын жерге тигізіп, келесі кезеңге өткен. Одан соң ширек финалдық бәсекеде әлемдік дзюдо көшбасшыларының бірі – Тай елінің спортшысы Янг Ю Вейді жеңіп жартылай финалға аяқ басты. Ал жартылай финалдық кездесуде былтырғы Әлем чемпионы – испаниялық Франсиско Гарригосты қапыда қалдырып, ақтық сынға өткен. Финалда жарыс қожайыны Лука Мхелидзеге қарсы шықты. Татамитөрінде төрешілер бір жақтан, жергілікті жанкүйерлер екінші жақтан қысым көрсеткендей болғанымен, біздің Елдос ештеңеге мән бермей, дзюдо күресінен Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды.

Байрақты бәсекенің алғашқы күнінде татамиге шыққан еліміздің тағы бір дарынды спортшысы Абиба Абужақынова 48 келі салмақ дәрежесінде израильдік аруды тізе бүктірсе, одан соң тайпейлік Чен Хао Линді небары 19 секундта жеңіп, ширек финалға жолдама алған. Алайда бұл кезеңде испаниялық Лаура Мартинес Абеланда жолын кесіп, жұбаныш белдесуінде парагвай қызы Габриэла Нарваэстен айласын асырған. Өкінішке қарай, қола жүлде үшін таласта жарақаты жанына батқан ару швед қызы Сара Бабулфаттан жеңіліп, бесінші орынды қанағат тұтты.


Ал алғашқы жарыс күні ел қоржынына алғашқы жүлдені пневматикалық оқ ату сынынан сүрінбей өткен Ислам Сәтбаев пен Александра Ле салған болатын. Олар командалық сайыста Германия мергендерін шаң қаптырған.


Жарысқа жол тартқан өзге спортшылар жүлдеге қол жеткізе алмаса да, кешкі сессияды жұдырықтасқан Мұхамедсабыр Базарбайұлы Олимпиада ойындарындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. 63,5 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақ оғланы Испания өкілі Ойер Ибаррче Кондені айқын басымдықпен ұтты.


ЕКІНШІ КҮН

Олимпиада ойындарының екінші күнінде бадминтоншы Дмитри Панарин, пневматикалық оқ ату шеберлері Ислам Сәтпаев пен Александра Ле, Арина Алтухова мен Константин Малиновский, ескек есуші Владислав Яковлев, тағы бір тәжірибелі дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, семсерлесу үздіктері – Вадим Шарлаимов, Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, бокстан ұлттық құрама көшбасшысы Асланбек Шымбергенов, Айбек Оралбай мен Назым Қызайбай Қазақстан намысын қорғады.


Алдымен бадминтон спорты бойынша Дмитрий Панарин жапониялық Кента Нишимотодан ұтылып қалды. Ал семсерлесуші Вадим Шарлаимов ОАР спортшысы Харри Санерді айқын басымдықпен ұтқанымен, келесі кезеңде Франция спортшысы, әлемнің бес дүркін жеңімпазы Яннник Борельге есе жіберді. Александра Ле болса он метр қашықтықтан нысана көздеп, финалдық кезеңге жолдама алған.


Ал, дзюдо шебері Ғұсман Қырғызбаев Олимпиада ойындарының алғашқы кездесуінде испан Давид Гарсия Торнені жеңсе, одан соң Олимпиада ойындарының жүлдегері Ан Баулды ұтып, сенсация орнатты. Ал ширек финалда жарыс қожайыны Валид Хиярды таза жеңгенімен, жартылай финалда Бразилия өкілі Виллиан Лимаға жол берді. Дегенмен, қола үшін күресте сербиялық Страхинья Бунчичті жығып, тарихи қолаға қол жеткізді.

Осы күні семсерлесушілеріміз алғашқы кезеңдерде жеңіске жеткенімен, жүлдеге таласа алмаса, қазақ батыры Асланбек Шымбергенов те күтпеген жеңіліске ұшырады. Ал күрзі жұдырықты Айбек Оралбай 92 келіге дейінгі салмақта қазақ боксшысы қара құрлықтың 3 мәрте чемпионы Адам Олайтэн Олаорені мойындатса, боксшы аруымыз Назым Қызайбай елу келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, Италия өкілі Соррентино Джордананы артта қалдырды.

ҮШІНШІ КҮН


Париждегі доданың үшінші күні қазақ спортшылары үшін сәтті бола қоймады. Атап өтсек, бұл күні жарыс жолына семсерлесуден Сарыбай Әйгерім, қазақстандық садақшылар командасы, оқ атудан финалға жолдама алған Александра Ле, дзюдошы Шамшаев Данияр, бадминтоншы Панарин Дмитрий, ауыр салмақтағы боксшы Қоңқабаев Қамшыбек шықты.


Семсер спортнынан сынға түскен Әйгерім Сарыбай алғашқы кездесуде Алжир өкілі Бенадуда Чаиманы ұтқанымен, 1/16 финалда жарыс қожайыны Манон Эпити Брюне оны жарыстан шығарып жіберді.


Татамиге көтерілген Шамшаев Данияр да өзбек жігіті Муроджон Юлдошовтан өте алмаса, үлкен теннис өкілдері Александр Бублик пен Александр Недовесов бразилиялықтардан ұтылып қалды. Бұған дейін де олар АҚШ пен Чехия теннисшілерінен жеңілген. Яғни олар үшін Олимпиада ойындары үшінші күнде-ақ аяқталып қалды.

Бұл күні қазақ жанкүйерлерін Олимпиаданың келесі кезеңіне камбек жасау арқылы өткен үстел теннисінің өкілі қуантты. Ол германиялық Данг Кюден партия бойынша 1-3 есебімен ұтылып тұрып, жеңісті жұлып алды. Ізін ала бір боксшыны жарыс жолынан ысырып үлгерген Мұхамедсабыр Базарбайұлы да Тайпей спортшысы Лай Чу Енді жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Дегенмен, аса ауыр салмақта Испания үміті Аюб Гадфа Дриссимен жұдырық түйістірген Қамшыбек Қоңқабаев жеңіліске ұшырады.


ТӨРТІНШІ КҮН

Ал күні кеше садақ атудан Ильфат Абдуллин, стэнд атудан Мария Дмитриенко дзюдошылар Абылайхан Жұбаназар (81 келі) мен Эсмигүл Куюлова (63 келі), боксшылар Сәкен Бибосынов (51 келі) пен Нұрбек Оралбай (80 келі) додаға кірді.


Өкінішке қарай, алғашқы белдесулеріне шыққан Абылайхан Жұбаназар мен Эсмигүл Куюлова Венгрия спортшысы Атилла Унгвари мен Аустрия спортшысы Любжана Пиовесанаға есе жіберіп, жеңіліс тапты. Мың метрге еркін әдіспен жүзу сайысына қатысқан Әділбек Мусин де финалға шыққан үздік спортшылар қатарына ене алмады.


Стенд ату шебері Мария Дмитриенко іріктеу кезеңінде төртінші орынға жайғасып, келесі кезеңге шықса, Нұрбек Оралбай былтырғы әлем чемпионы, Ауыстрия өкілі Каллум Питерсті тізе бүктіріп, ширек финалға жолдама алды. Әлем чемпионы Сәкен Бибосынов та түркиялық Самет Гумушті айқын басымдықпен жеңіп, ширек финалға аттанды.


БЕСІНШІ КҮН

Бүгінгі жарыс күнінде оқ атудан жекелей сында және нысана көздеуден Ислам Сәтбаев және Константин Малиновский, боксшы Махмұт Сабырхан мен Валентина Хальзова, триатлоншы Екатерина Шабалина, стенд ату дан Мария Дмитриенко, спорттық гимнастикадан Милад Карими және үстел теннисінен Кирилл Герасименко жарыс жолына түседі деп жоспарланған.


Алайда, бүгін осы уақытқа дейін сайысқа түскен ешбір спортшымыз жеңіске жете алмады. Атап өтсек, триатлоншы Екатерина Шабалина белгісіз себептермен жарысты аяқтай алмаса, төрешілер Испан жігіті Хосе Простостан артық болмаса, кем бокстаспаған Махмұд Сабырханды жеңіс лайық көрмеді. Оқ ату спорты бойынша бақ сынаған Ислам Сәтбаев пен Константин Малиновский де жарыс жолынан шығып қалса, стенд ату шебері Мария Дмитриенко ақтық сынға жолдама ала алмады. Кеше германиялық теннисшіден жеңісті жұлып алған Кирилл Герасименко да мысырлық спортшы Омар Ассадқа есе жіберді.


Қазір Қазақстан ұлттық құрамасы бір алтын және екі қола медальмен Олимпиада кестесінде он төртінші орында тұр. Көш басында сегіз алтыны бар Қытай, екінші сатыда 7 алтын иеленген Жапония және үшінші орында 6 алтыны бар жарыс қожайындары тұр. Олимпиада ойындары жалғасып, уақыт өткен сайын нәтижелер өзгеруде. Сенсацияға толы Олимпиадаға қатысып жатқан Ұлттық құрама спортшыларынан күтеріміз көп.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ