160 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды – Сапарбаев

1
1 560

Жыл бойы атаулы әлеуметтік көмекті төлеу үшін 130 млрд теңге тағайындалған.


160 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды – Сапарбаев

ERNUR.KZ. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген 10 мың отбасыға тағайындалған жоқ. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі еліміздегі жаңа әлеуметтік саясатқа байланысты аймақтарға жасалған сапар қорытындысы бойынша брифинг барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп жазады baq.kz.

«Әлеуметтік сұрақтардың барлығына жауап берілді. Оның қалай шешілетіні айтылды. Министрліктің қасында басқа да мемлекеттік органдармен бірігіп қосылған жұмыс тобы бар. Өткен 4 айдың ішінде жұмыс тобы 11 отырыс өткізді. Қазір 160 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 830 мыңдай халық алды. 10 мың отбасыға тағайындалған жоқ. Себебі олар берілген талаптарға сәйкес келмейді, яғни табыстары белгіленген критерийден асып тұр. Осы сәуір мен мамыр айының өзінде 23 млрд теңге бөлінді. Жалпы жыл бойы атаулы әлеуметтік көмекті төлеу үшін 130 млрд теңге тағайындалған. Орта есеппен әрбір отбасыға 105 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл жалғасады», - деді Сапарбаев.
Ол әлеуметтік желілерде халық арасында түсінбеушілік тудырып жүрген жалған ақпаратқа қатысты тоқталды.

«Әлеуметтік желілерде кейбіреулер «Бұл атаулы көмек бірінші тоқсанда ғана төленеді. Одан кейін төленбейді» деп жазып жатыр. Мен қайталап айтатыным: ол жыл бойы төленеді. Бірақ өзінің ережесіне сәйкес, табыс ай сайын, тоқсан сайын нақтыланып отырады», - деді ол.