Көкшетауда ЖЭО салу жұмыстары белсенді кезеңде.
ERNUR.KZ. Ақмола облысында ағымдағы жылыту маусымына дайындыққа 40 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде алғаш рет меншік иесінің есебінен 8 млрд теңге берілді. Фокус жылумен жабдықтау көздері мен желілерінің тозуы жоғары аймақтарға бағытталған. Биыл Степногорск қаласында 8 шақырым желі жөнделді, бұл тозуды 82%-дан 73%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Осындай жұмыстар Атбасарда да жүргізілді. Жылу көздері мен желілері бойынша жоспарланған жұмыстар 100% орындалды. Бұл туралы ОКҚ алаңында сөйлеген сөзінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баяндады.
Оның айтуынша, Көкшетауда ЖЭО салу жұмыстары белсенді кезеңде. Инженерлік-геологиялық ізденістер және уақытша құрылыстарға арналған алаңды ұйымдастыру басталды.
Тұрақты және сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылады. Осы мақсаттарға ағымдағы жылы 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Биыл Егіндікөл ауданында Нұра топтық су құбырын ауқымды қайта құру аяқталды, 70 шақырымға жуық желі салынды. Олар қазірдің өзінде ауылдарды сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ биыл Үкімет резервінен Егіндікөл және Қорғалжын аудандары үшін бас су тартқышты қайта жаңартуға қосымша қаражат бөлінді.
«Сондай-ақ облыс орталығының су тазарту құрылыстарын салу жобасы аяқталу сатысында тұр. Желтоқсан айында құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтаймыз, содан кейін персоналды оқытумен іске қосу-реттеу жұмыстарын бастаймыз. Электр энергетикасын дамытуға 6 млрд теңге бағытталды. Биыл ұзындығы 43 шақырым болатын 3 жоба пайдалануға беріледі. Келесі жылы электр энергиясының тапшылығын жою үшін Қосшы және Көкшетау қалаларында төрт қосалқы станцияны жобалау аяқталады, оның екеуінің құрылысын бастау жоспарлануда», – деді өңір басшысы.
Марат Ахметжанов елорда маңындағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Бұған дейін жүйеге Аршалы ауданының 16 ауылы қосылған болатын. Биыл 4 елді мекенді қосу қамтамасыз етіледі: Жібек жолы, Шұбар, Қоянды, «Нұрлы» ӨК. Келесі жылы 68 мың адамды қамтитын 6 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі – Аққайың, Алтынсарин, Талапкер, Қаражар, Қызылсуат, Қосшы қаласы. 2026 жылы Целиноград ауданы Қараөткел және Ақмол ауылдарын, Аршалы ауданы Ақбұлақ ауылын және Тайтөбе ауылын газдандыру жоспарлануда.