"2025 жылы бүкіл адамзат әлдене үшін күреседі": Қазақстандық нумеролог келер жылға болжам жасады

0
702

Қазақстандық нумеролог Айгүл Махатованың айтуынша, келер жыл – қорытындылау жылы.


Фото: Stsn.kz

ERNUR.KZ. Нумеролог мамандар жылан жылы қорытынды жасайтын және бар адамзат үшін күреске толы жыл болады дейді. Келер жылы сақтықпен әрекет етіп, қолындағы барын бағалай білгендер ғана ұтылмайды. Сондай-ақ астролог әлемдегі әскери қақтығыстарға, Қазақстандағы өзгерістер мен доллар бағамына болжам жасады, деп жазады stan.kz.

Жылдың аяғында адамдардың өмірінде жақсы жаңалықтар көп болады

Қазақстандық нумеролог Айгүл Махатованың айтуынша, келер жыл – қорытындылау жылы. Сол себепті адамдар рухани дамуға, тазалыққа ұмтылады.

“Сандар анализі бойынша, 2+0+2+5=9. Бұл жыл “тоғызыншы” энергияда – қорытындылау жылы. 2024 жыл 8-энергияда, яғни кармалық энергияда болды. Егер көп жақсылық жасасаң, жақсылық болып қайтады. Ал біреуге жамандығың өтсе, ол сатқындық, ұрлық, тартып алу, кәсібіңе қастандық түрінде қайтады. Сондай-ақ 2025 жыл – тазалау жылы. Барлық адам өмірінің әр саласында “тозығы жеткен”, өзін шаршатқан, қажытқан тұстарынан арылады. Егер адам өзін рухани дамытқан болса, ол адам алдағы уақытта да дамуды тоқтатпайды. Ал іштей дамуға уақыт бөлмеген адам құриды”, – дейді нумеролог.

Жылан жылы дүниеге келген адамдар үшін 2025 жыл өте маңызды жыл болмақ.

  • Шығармашылықпен айналысса, өте сәтті жыл болады;
  • Энергияны үнемдеп жұмсауы керек;
  • Еңбек пен демалысты баланста ұстауы керек;
  • Сезім мәселесі, қаржы мәселесі ойынан шықпай жатады, шыдамды болуы керек;
  • Отбасындағы ұрыс-жанжалдарда барынша сабыр сақтап, уайымға салынбауы керек. Ақылмен шешілген іс жетістікке жетелейді;
  • Абайлап сөйлеу керек. Басқа пәле – тілден;
  • Қолындағы барды бағалай білуі керек;
  • Өзі білмесе де, білетін адамнан сұрауға ұялмау қажет;
  • ⁠Өзгенің пікірін тыңдап шатаспау керек. Адам өзін тыңдап, өз ойын құрметтегені жөн.
  • Жылдың аяғында адамдардың өмірінде жақсы жаңалықтар көп болады!

Жылан жылы асығыстықты ұнатпайды

Маман 2025 жылға түсіп тұрған 9 – жаулап алу саны дейді. Айтуынша, бұл сан қозғалыс жасай алатын сан.

“2025 жылы бүкіл адамзат әлдене үшін күреседі. Сыртқы орта біздің ең қимасымызды, атап айтқанда, жұмыс, кәсіп, қарым-қатынас, достарымыз бен табысымызды тартып алмақ болады. Сондай-ақ табиғатта да жылдың бірінші жартысында ауқымды макро жарылыстар болуы мүмкін. Ал жылдың екінші жартысы жайлы, тыныш өтеді. Әлемде тепе-теңдік, яғни баланс бар. 2025 жыл таразы секілді бәрін теңестіреді. Жылан жылы асығыстықты ұнатпайды. Келер жылдың ұраны – жеті рет өлшеп, бір рет кес. Жылан жылы ырыс пен құт шақырады. 2025 жылы әр адамның өмірінде белгілі бір бетбұрыстар болады. Бұл жыл адамдарға өмірін ой елегінен өткізіп, жаңа жоспар құруға мүмкіндік береді. Қиындықтардан сабақ алып, жаңа деңгейге әркім-ақ көтеріле алады”, – дейді Айгүл ханым.

Нумеролог маман 9 аналық, оқу, білім, даму энергиясындағы сан дейді. Оның айтуынша, бұл жылы ғылым-білімге ұмтылып, өз миссиясын іздеуге ұмтылатындар, оны тауып, дамитындар көп болады. Сондай-ақ Айгүл Махатова 9 санын прогресс пен рухани баю жылы болады деп болжады. Қайырымдылық іс-шаралар көп болады дейді. Ол келер жылдың баяу өтетінін еске салды.

Айгүл Махатова әлемде және Қазақстанда қандай өзгерістер болатынын және неге дайын болу керек екенін айтты.

“Көп адамдар Қытаймен сауда-саттық жасайды. Қытай көптеп машиналарын нарыққа шығарып, дамиды. Қытай әлі де әлемдік нарықтағы көшбасшылығынан айырылмақ емес. Әлемдегі жағдай туралы айтсақ, қазіргі кезде геосаяси ахуал әлі де күрделі әрі тұрақсыз. Көптеген аймақтарда қақтығыстар, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, және климаттық өзгерістер сияқты мәселелер жалғасып жатыр. Әлем елдері арасында соғыстардың себептері көбіне экономикалық, саяси, немесе идеологиялық келіспеушіліктерден туындайды. Соғыссыз әлемге қол жеткізу үшін халықтардың білім беру жүйесін жақсарту, мәдениетаралық түсіністік пен құрметті арттыру, және әлеуметтік теңдікті орнату маңызды. Бұл процестер ұзақ уақытты қажет етеді, бірақ бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – өзара түсіністік пен ынтымақтастық”, – дейді Айгүл Махатова.

2025 жылы қыс жылы болып, көктем ерте шығады

Нумерологтың айтуынша, Қазақстанда да сауда, бизнес дамиды. Жасанды интеллект саласында жаңа қадамдар жасалып, елімізде түрлі сауықтыру орталықтары ашылады деген болжам бар.

“Адамдар жеке дамуға көңіл бөледі. Біліктіліктерін арттырады. Бұл жылы қыс жылы болады, көктем ерте шығады. Су тасқыны болу мүмкін. Сол себепті соның алдын алу керек. Жасыл түс энергетика, тәртіп жылы. Қазақстандағы баспана, жылу және маңызды тауарлардың бағаларының өзгеруі әртүрлі факторларға байланысты. Мұндай өзгерістер инфляция, экономикалық өсім, ұлттық валюта бағамы, мемлекет тарапынан жасалатын реттеулер мен субсидиялар, сондай-ақ халықаралық нарықтағы баға өзгерістеріне тәуелді болады. 2025 жылы Қазақстанда бірнеше экономикалық өзгерістер болуы мүмкін. Бұл өзгерістер ішкі және сыртқы факторларға, сондай-ақ мемлекет тарапынан жүргізілетін экономикалық саясатқа байланысты болады”, – дейді маман.

Нумерологтың сөзінше, Қазақстанда келесі жылы жасыл экономикаға көшу, цифрлық трансформация, тауарлар мен қызметтер нарығының әртараптандыру мен инвестициялар тарту секілді ықтимал өзгерістер болады.

Айгүл Махатова жылан жылы сәтті әрі табысты өтуі үшін, адам өз өмірін бірнеше аспект бойынша реттеу және дамытуға назар аударуы керек дейді. Осы тұста мына бір кеңестерін бөлісті.

“Бірінші, болашаққа мақсаттар қойып, оларды нақты әрі шынайы етіп жоспарлаңыз. Әр айда қандай істерді жүзеге асыратыныңызды анықтап, мақсаттарыңызды кезең-кезеңімен орындауға тырысыңыз. Қаржы мәселесіне көбірек көңіл бөліп, шығындарды бақылап, табысты арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер іздеңіз. Қаржылық тәуекелдерді азайтуға тырысыңыз. Дене шынықтырумен айналысып, дұрыс тамақтанып, психологиялық тұрғыдан саулықты сақтауға көңіл бөліңіз. Бұл сіздің өміріңізді сапалы етіп, энергияңызды көтереді. Сондай-ақ кітап оқу, жаңа дағдылар үйрену, білім алу арқылы жеке даму жолында да үлкен қадамдар жасаңыз. Қызметтік салаңызда біліміңізді тереңдету де маңызды. Әлеуметтік байланыстарды жақсарту, отбасымен және достармен уақыт өткізу, жаңа таныстықтар орнату жақсы нәтижелерге әкеледі. Тағы бір айтарым, өмірдегі қиындықтарға төтеп беру үшін табандылық пен позитивті ойлау маңызды. Оңайлықпен берілмей, қиындықтарды жеңуге тырысыңыз”, – деп кеңес берді маман.

Көк-жасыл мен жылтыр түстер сәттілік әкеледі

Нумерологтың айтуынша, 2025 жылы көк-жасыл, қоңыр, жылтыр және алтын түстер сәттілік әкеледі. Ол әр түске жеке-жеке тоқталып, мағынасын түсіндірді.

“2025 жыл ағашта мекендейтін жасыл жылан жылы болғандықтан көк-жасыл (изумруд) түс сәттілік әкеледі деген болжам бар. Өйткені бұл түс – өсу, даму, гармония, энергия мен бақыт түсі болып саналады. Қоңыр (шоколад, кофе, терракот түсі) тұрақтылық, сенімділік, серіктестік, жаңа қарым-қатынасты білдіреді. Жылтыр қосылған, алтын түстер – байлықтың, молшылық, жетістік пен гүлденудің, табыстың белгісі. Ал маталардан барқыт, жібек, атласты қолдануға кеңес беремін”, – дейді Айгүл Махатова.

20 жылда бізді көп толқыныстар күтіп тұр

Бац зы Қытай астрологиясының маманы Эльмира 2024 жылдың ақпанынан бастап 20 жылдық от кезеңі басталғанын айтады. Оның сөзінше, бұл кезеңде әлемде түбегейлі өзгерістер болады. Астролог от кезеңі әскери қақтығыстарға, агрессияның өршуіне, революцияшыл күйдің өсуіне, сондай-ақ бүкіл әлемде табиғи апаттарға (өрт, құрғақшылық, жанартаудың атқылауы) әкеліп соғады деген болжам жасады.

“Бұл 20 жылда бізді көп толқыныстар күтіп тұр. Күн күнтізбесі бойынша, жылан жылы Қытайда 2025 жылдың 3 ақпанынан басталады. Жасыл жылан – қоғамдағы үлкен өзгерістер жылы. Биліктегілер халықтың наразылығына көніп, бірқатар жеңілдіктер жасайды. Сондай-ақ жоғарыдағы басшылар халыққа жағынуға тырысып бағады. Оңтүстік-Шығыс Азияда, әртүрлі елдердің оңтүстік-шығыс аймақтарындағы әскери қақтығыстардың болу қаупі жоғары”, – дейді Эльмира.

2028-2038 жылдар аралығында Қазақстан халқының саны айтарлықтай өседі

Астрологтың айтуынша, келер жылы доллар бағамы біршама көтеріліп, тұрақсыз болады. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік, әсіресе, азық-түлік тауарлары 2025 жылы біртіндеп қымбаттайды. Ол инфляцияның Қазақстанды айналып өтпейтініне сенімді.

“2025 жылы Қазақстанда жаңа экономикалық реформалар мен ғарыш бағдарламалары басталуы мүмкін. Тіпті, Байқоңырдан өзіміздің спутниктерді ұшыруымыз ғажап емес. Экономика саласында бюджет түсімдері азайып, мемлекеттік құрылымдардың позициялары нығаяды, салықтар өседі. Сондықтан қазақстандықтар 2025 жылы ақша табу үшін көп жұмыс істеуі керек. 2028-2038 жылдар аралығында Қазақстан халқының саны айтарлықтай өседі. Ресей үшін де 20 жылдық от кезеңі қолайлы болмайын деп тұр. Болжам бойынша, 2026-2027 жылдар ең қиын кезең болады. Көрші мемлекеттің жағдайы 2032 жылдан бастап жақсармақ. Жылан жылы жылқы, қой, маймыл, әтеш, сиыр жылы туғандардың жолы болады”, – дейді астролог.

2025 жылы мына салалар табысты болмақ:

  • Қоғамдық қызмет;
  • Кітап шығару (әсіресе романтикалық әдебиет);
  • Тоқыма өндірісі;
  • Энергетика саласы;
  • “Жасыл” технологиялар;
  • Сұлулық индустриясы;
  • Ойын-сауық;
  • Сән саласы.

Эльмираның айтуынша, шошқа жылы туған адамдарды үлкен өзгерістер күтеді. Олар қоныс аударып, шетелге шығуы мүмкін. Ортасын ауыстырып, денсаулығына байланысты мәселелерге дайын болуы керек. Астролог барыстарға да денсаулығына көңіл бөлген жөн дейді. Аурудың алдын алу үшін дәрігерлерге көрінуге, жолда мұқият болып, белсенді спортпен айналысқанда сақ болуға кеңес береді.